Ән әлдилеп әлемді…
Балғын жас әншілерді сахнаға тәрбиелеп, балалар жанына қуаныш сыйлап жүрген, сонымен қатар көрермендер көзайымына айналған «Әнші болғым келеді» телевизиялық бағдарламасына міне, биыл 7 жыл толды. Осыған орай 18 сәуір күні Республика сарайында балалар продюсері Алтын Маханбетованың ұйымдастыруымен «Мен бақытты баламын» атты авторлық кеш өтті. Концертті әнші, әрі әртіс ретінде халыққа танылып жүрген Айгүл Иманбаева мен Нұрлан Әлімжан жүргізді. Осы концертке қатысқан біз театрлық қойылым көріп отырғандай әсерде қалдық. Көрермендердің де көңілінен шығып, оң батасын алып жатты. Концерттен кейін осы кешті ұйымдастырушы продюсері, Алтын МАХАНБЕТОВАҒА жолығып бірнеше сауал қойған едік.
— Жас әншілерге арналған «Әнші болғым келеді» бағдарламасымен қоса «Әнші балапан», «Балдаурен» балалар бағдарламасы бар екені баршамызға белгілі. Сіз ұйымдастырып отырған бағдарламаның атап өткен бағдарламалардан айырмашылығы, ерекшелігі неде?
— Басты айырмашылығы балғын әнші балалар үлкен сахнада танымал әншілермен қосылып ән шырқайды. Сонымен қатар таза авторлық әндер ғана орындалады. Мәселен, осы кеште 38 ән шырқалды. Орындалған әндердің өлеңін танымал ақын ағалар мен апайларымыз жазса, әнін өзім жаздым.
— Айтып отырғаныңыздай кеште шырқалған әндердің композиторы өзіңіз екенсіз, ал әндердің сөзін қандай ақындар жазған?
— Бұл әрине, маңызды сауал. Менің әндерімнің сөзін жазған авторлардың бәрі дерлік концертке келді. Көрнекті ақын ағаларымыз Ибрагим Исаев, Абдырахман Асылбек бастаған ақындар легі — Болат Үсенбаев, Жақсыгүл Қалжанова, Естай Әликеев, Серік Әбікенұлы, Танакөз Толқынқызы қатысты. Ал бір-екі әннің өлеңін өзім жазған едім.
— Қазіргі балалардың барлығы ән салғысы келеді. Сіз өз бағдарламаңызға дарынды балаларды арнайы іріктеп аласыз ба?
— Ән – рухани байлық қой. Ән саламын деген балалардың бәрін қош көңілмен қарсы аламын. Ән салып ортада жүрген бала ашық-жарқын, көпшіл болып өседі. Маған тұйық балалар да көп келеді. Біраз уақыт өте келе, әлгі баланың тұйық мінезінен түк қалмайды. Ашылады.
— Кеш көңіліңізден шықты ма?
— Менің көңілімнен емес, ең бастысы көрермендердің көңілінен шығып жатса, еңбегіміз ақталды деп білер едік. Концерт соңында қасыма келіп ризашылықтарын білдіріп, кеш өте әсерлі өткенін айтқан адамдар қаншама!.. Мұндайда әрине, мерейің тасиды. Онымен қоса балалардың да көңілі шат. Балаларым сахнаға әбден төселіп алған, өздерін еркін ұстап, танымал әнші аға, әпкелерінен кем болған жоқ. Мен ойымдағы мақсатыма толық жеттім. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық дегендей, «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандары концертті 1 маусым күні «Алматы» телеарнасынан көре алады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Айгүл ҚАНАТОВА.