Бағындырар биік алда
Шошанай — Ұйғыр ауданының орталығынан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Ауылдың орта мектебінде небары 120-дан астам оқушы білім алады. Бір қарағанда, үлкен мектептің бастауыш сыныбына жетер-жетпес көрсеткіш. Соған қарамастан, бұл алтын ұядан түлеп ұшқан түлектердің талайының есімі елге танымал азаматтар. Мұны шәкірттердің өздері мақтанышпен айтады. Білімдегі алғырлығын былай қойғанда, спорттан алдарына жан салмайтын шебер екендіктерін жарыста таққан медальдарымен дәлелдеп берді. Мектепте қазақша күрес бойынша жаттығатын ұландар өзге әріптестерінен басымдылық көрсетіп, жауырынын жерге тигізбей келеді. Соңғы жылдары додаларда ауданда алтынды иеленсе, облыста күміс пен қоланы қағып алған. Айталық, Асан Қуат, Мереке Жангелді — алтын мен күмісті қатар алса, Мелс Әлібек, Дидар Кәкімбеков —күміс, Әліпбек Әли мен Нұржеңіс Мұхамеджан әзірге қоламен шектелді.
— Екі-үш жылда палуандарымыздың қол жеткізген жетістігі мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта біздің жігіттеріміз талай биікті бағындырады деп сенемін, — дейді жаттықтырушы Ұлан Шабаданов. Алматы облысы.