Тәуелсіздікті тәу етіп…

Алматы қаласындағы «Ғалым» ұлттық гимназиясында ел Тәуелсіздігінің  20 жылдығына орай «Тәуелсіздік арта берсін берекең, Құтты болсын 20 жылдық мерекең» атты кеш ұйымдастырылды. Бір қызығы, кешті ұйымдастырып, жүргізген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сыдықова Алтынхан мен тарих пәннің мұғалімі Қасқарауова Бану кештің әсерлігін арттыру үшін қойылым, көріністерге көбірек жүгініпті. Сахнаға шыққан атасы (Қалихан Рымбаев) мен немересі (Азат Шәкенов) өзара әңгімелесе отырып оқушылардың алдында Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын, оның оңайлықпен келмегенін, ата-бабаларымыздың аңсарлы армандарын бейнелеп жеткізеді. Төле би, Әйтеке биден бастап, Абай, Шоқан, Ыбырай, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет Байтұрсынов сынды алаш қайраткерлерінің ой-армандары, өлең-жырлары оқылды. Сондай-ақ Алтынхан Сыдықова мен Кеңес Оразбекұлы бірлесіп жазған «Барыс жиырмада» атты шағын көріністі де балалар өте әсерлі орындады. Жас актерлердей шеберліктерін де көрсетті.  Бұл шағын мектептің оқушылары ғана емес, ұстаздары да өнерлі, шығармашылыққа бейім болып шықты. Алтынхан Сыдықова өзі шығарған «Тәуелсіздік» өлеңін оқыса, тәрбие ісінің меңгерушісі Гүлнұр Дурамбаева сөзі мен әнін өзі жазған «Тәуелсіздік тұмарым» әнін шәкірттерінің хорымен шырқап берді.  Өнерпаз  шәкірттер «Қазақ жігіттері», «Шолпы» билерін, мектеп оркестрі «Балбырауын» және тағы басқа күйлерді орындап, рухымызды биіктетіп тастады.

ПІКІР ЖАЗУ