Алматы метросы іске қосылды

13bet_f42Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы іске қосылып, қала тұрғындарына үлкен сый жасалынды. Сөйтіп метро қаланың көлік, адамдарды тасымалдау жағдайын ғана жақсартып қойған жоқ, экологиясына да жақсы әсерін тигізетін болады.
Метро құрылысы кеңестік кезеңде, 1988 жылдан бастап жүрізілген еді. Дегенімен, сол  кездегі тоқырау, экономикалық қиыншылықтарға байланысты, метро құрылысы тоқтап қалғаны белгілі. Тәуелсіз еліміз қаржылық-экономикалық жағдайын жақсартқаннан кейін, сырт елдерден жер астын қазу жұмыстарына арналған ең соңғы үлгідегі техникаларды алып, құрылысқа жергілікті мамандар тартылып, метро құрылысына қайтадан жан бітірген болатын. 20 жылдан астам уақыт  бойы салынған метроға ел қазынасынан 166 млрд.теңгеден астам қаржы жұмсалған. Дүниежүзі елдерімен салыстырсақ, Алматы метросы әсемдік, үйлесімділік жағынан ешқайсысына есе жібермейді. Пайдалануға берілген бірінші кезең 7 бекеттен тұрады. Олар  — « Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Тұлпар» және «Алатау» бекеттері. Жер асты жолының бұл желісі Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің асты арқылы Абай даңғылына шығып, батыс бағыттағы Гагарин даңғылына дейін жалғасады. Жолдың жалпы ұзындығы 8,56 шақырым. Жер астында «Hyundai» корпорациясының соңғы үлгідегі 4 вагоннан тұратын 7 пойызы қатынайды. Әр вагонның сыйымдылығы 173 адамға арналған, тәулігіне орта есеппен 30-40 мың адамды тасымалдайды деп күтілуде. Жол жүру ақысы 80 теңге.
Бүгінде метро құрылысшылары Қалқаман мен бірініші Алматы вокзалын байланыстыратын екінші кезеңіне қызу қарқынмен кірісіп кетті.

Өз тілшімізден.

ПІКІР ЖАЗУ