Қаскүнем
Аңшылардың ұйымдаса аулайтыны – қасқыр. Мал шаруашылығымен шұғылданатын елдің олай етпеуі мүмкін емес. Кейбіреулер оның атын «қас» (дұшпан) және «қыр» (дала), яғни «дала дұшпаны» деген екі сөздің мағынасын береді деп жорамалдайды. Онысы рас та болар. Негізінде, қасқырдың жемейтін малы жоқ: ол түйенің алдында аунап жата қалады. Мұны көрген түйе жақындап иіскегенде, тұмсығынан тістеп шөгереді де, содан кейін қарнын жарады. Жылқыға да сол әдісті қолданады, егер жылқы үркіп қашса, қуалап жүріп шабынан тістеп жарады. Кейбір жүректі айғырлар болмаса, жылқы да қасқырға қайрат көрсете алмайды… Түйе тіпті жуас. Есек байғұс қасқыр санын далдалдап жеп жатқанда, аузын малжаңдата бергеннен басқа қимыл көрсетпейді.
Бір ғажабы сиырлар мүйізін тосып, қасқырға беріспейді. Бірме-бірге келгенде, бір сиыр бір қасқырға алдырмайды. Ұялас қасқырлар келсе, сиырлар ұсақ төлдерін ортаға алады да, үлкендері мүйіздерін төсей айнала қорған жасап, қасқырларды жолатпайды. Ал, қой ығыса үркуді ғана біледі. Оның тобына кіріп алған қасқыр шетінен тамақтап өлтіре береді де, сол топтағы қойдың бірін қалдырмай түгел қырып бітіргенше тоқтамайды: сондықтан да қасқырды қазақ «қаскүнем» дейді.
(Сәбит МҰҚАНОВТың шығармаларынан).