Сүйіспеншілік дорбасы

fon_0731Бір құс балапанының қанат қағып көкке ұшуын тамашалап отырып: «Менің балапаным қалай-қалай шарықтайды. Өз тамағын өзі жей алатын халге де жетті. Енді мен үйрететін еш нәрсе де қалмады», – деп ойлады.
Ана-құс балапаны жанына келгенде: «Балапаным, енді мектепке баратын кезің жетті» – деді.
Бұл сөз балапанға ұнай қоймады. Сасқанынан: «Сенен ұзап ешқайда да бармаймын!» — деді. Балапанның анасы басқа сөз айтуды артық санап: «Өзің білесің», – деді де қойды. Мектеп туралы әңгіме осымен тәмамдалған-ды.
Арада көп күндер өткен болатын. Орманда бір қарбалас күндер басталды. Тіршілік иелерінің барлығы балаларына су жаңа киімдер, сөмкелер, бояу, қарындаштар сатып алыпты. Бұны көрген кішкентай құс: «Қызық, менің әке-шешем маған неге ештеңе алмайды? Әлде мені жақсы көрмейді ме екен?», – деп көңіл-күйі түсіп кеткен-ді. Ақыры шыдай алмай, анасына: «Апа, барлығы балаларына жаңа заттар сатып алуда, сен неге маған еш нәрсе алмайсың?» –  деп сұрады.
Анасы: «Балам, себебі олар мектепке барады», – деп жауап берді.
Кішкентай құс: «Мен де барар едім ғой…» – деді. Осы сөзді айтарын айтса да, өзіне қатты таң қалды. Өйткені ол да достары секілді жаңа заттарға ие болуға қатты құмартты.
Кішкентай құстың мектепке баруға келіскені үшін оның отбасы қатты қуанды. Дереу базарға барып, достары сияқты оған да жаңа сөмке, дәптер, кітап және бояу құралдарын сатып алды.
Күн артынан күн өтіп, мектепке баратын мезгіл де жетті. Кішкентай құс анасынан алғаш рет ұзап шықты. Көздеріне еріксіз жас үйіріліп, жыларман күйге түсті.
Оқушылардың көңілдерін аулау үшін сыныптарына бір қызықшы шақырылыпты. Алайда кішкентай құстың көңілі бұған еш алданбады. Бар ойы анасында. «Қызық, қазір ол не істеп жүр екен? Кеш түсіп, апам мені ұмытып кетсе қайтем?»  – деген ойларға беріліп, уайымға батты.
Сабақ  үстінде мұғалім: «Балалар, қазір бәріміз бірге сүйіспеншілік дорбасын жасаймыз,» – деді. «Кешке үйге барғанда, дорбаны әке-шешелеріңнен алған сүйіспеншілікке толтырыңдар. Сосын ертең маған дорбаны қайта алып келіңдер» , — деді.
Барлық балақайлар оқытушыларының берген құрал-саймандарын  қолдана отырып сүйіспеншілік дорбасын жасады. Кішкентай құстың да бар ықыласымен, жүрекшелермен жасаған дорбасының ішіне мұғалім: «Балаларыңызға деген үлкен махаббаттарыңыздан жүрекшелер жасап, мына дорбаның ішіне салыңыздар. Сосын ертең балаларыңыздан қайтадан мектепке беріп жіберіңіздер. Мен де балаңызды сіз секілді жақсы көргім келеді», – деп жазады. Содан кейін кішкентай құстың бетінен сүйіп,  «Мына жазуды анаңа көрсетуді ұмытпа» , — депті.
Кішкентай құс кешті тағатсыздана күткен-ді. Ол үшін уақыт өтпестей көрінген.  Міне, ақыры кеш те батты-ау. Мектептен шыққанда, есіктің алдында өзін күтіп тұрған анасын көрді. Кішкентай құс анасының өзін ұмытып кетеді деп қате ойлағанын түсінді. Қанаттарын кере анасының жанына ұшып жетті. Оны қатты құшақтады. Сол күні кешке анасымен бірге картоннан қызыл жүректер жасады. Олармен сүйіспеншілік дорбасын толтырды.
Ертесіне мұғалімі үлкен бір жүректің ішіне балалардың жасап әкелген жүректерін жабыс-тырып, сыныптың есігіне ілді. Бұл жүректі балаларға көрсетіп: «Балақайлар, мына үлкен жүрек менің жүрегім. Ал оның ішіндегі сендердің махаббаттарың», – депті.
Дерек көзі: «Uyku Мasalleri» Аударған:  Нұргүл МАМЫРБАЕВА.

ПІКІР ЖАЗУ