Жаманнан — жирен

5bet_f34Ата-бабаларымыздан салт-дәстүрге  байланысты көптеген ұлағат бізге жеткен. Десек те, соның барлығына мән беріп, есте сақтай бермейміз. Менің ата-анам үнемі жанымызға жат әдет туралы айтып, жадыма салып отырады. Естіген-білгендерімді жинап, журналға жолдап отырмын. Жаман әдетке баруымыздың өзі көп ретте еркеліктен, қазіргі тоқшылықтан басымыз айналғаннан, бардың байыбына бармағаннан деп білемін. Алайда, оның соңы кесепаттыққа әкеліп соғатынын да ұмытпайық, достар.
* Жүз жасыруға болмайды: Жұрттың көзіне көрінуге ұятты болып қалған адам жүзін жасыруға тырысады. Ары таза адамның жүзі қашанда жарқын болады.
* Мықынды таянба. Көптің ортасында мықыныңды таянып тұрсаң, көзге өте тұрпайы көрінеді. Халқымызда мықынды таянуға тыйым салған. Жақын адамы бақилық болғанда, оның туыстары мықынын таянып жылайды. Яғни, жаман ырым.
5bet_f42* Қолыңды қусырма. Қол қусырып отыру — еріншектіктің белгісі. Еріншектік —жұмыссыздық пен кедейшіліктің бастауы. Олай болса, қолыңды қусырып, жаманшылықты шақырма.
* Қолыңды жуып болған соң, сілкілеме. Біріншіден, жаныңдағы адамдарға шашырайды. Тамақ алдыңда тұрса, оған тамып кетеді. Бұл — әдепсіздіктің белгісі. Екіншіден, көнекөз қариялар: «қолды сілку тазалық пен несібеңді лақтырып тастағанмен бірдей»,- деп түсіндіреді.
* Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды. Ол—қонақты сыйламағандық болып табылады. Оның ар жағында «жүзің сынық, көңілің жарым болсын» деген  ниетті білдіреді. Сол себепті, сынық ыдыс пен сынық айнаны пайдаланбаған жөн.
* Қонаққа ұсынатын нәрсені сол қолмен емес, оң қолмен беру қажет.  Сол қолмен берген заттың қайыры болмайды деген ұғым бар. Ал, оң қолмен ұсыну—құрмет пен сыйластық белгісі.
Арман  Дүйсенбаев. Павлодар облысы,  Ертіс ауданы. И. Байзақов ауылы.

ПІКІР ЖАЗУ