Жас тілшілер форумы өтті
Алматыда биылғы тамыз айының 16 мен 19 жұлдызы аралығында «Ел еңсесі — ЕГЕМЕНДІК» атты ІҮ республикалық жас тілшілер форумы өтті. Оны «Заңғар» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды. «Қаламгер-Азамат» форумына республиканың облыс, аудандарында ақпарат құралдарында қызмет атқаратын жас тілшілер қатысты. Олардың қатарында «Мөлдір бұлақ» журналының , Астана қаласы Ғ. Орманов атындағы мектеп-гимназиясының жас тілшілері де бар. Сондай-ақ, Алматы облысы Арасан ауылы мектебінен де тілшілер келді.
Жас тілшілер форумында БАҚ өкілдері мен «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС Бас директоры Ахмет Аляз мырза, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабеков қатысып, сөз сөйледі. Пікірталас кезінде жас тілшілер тәжірибе алмасты. Форумға мектеп оқушылары шақырылғанымен, балалар басылымдарынан өкілдер қатыспады. Сондықтан, жас тілшілердің көкейіндегі көптеген сауалдар жауапсыз қалды.
Форумның жас делегаттарына мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, олар алып шаһардың тарихи мұражайларын, демалыс орындарын аралады.
Адина ЕРҚАРАЕВА, Елдос ТОҚТАРБАЕВ, «МБ» тілшілері.