Балалар кітабы керек
Алматыдағы И.А.Крылов атындағы кітапханада бас қосқан жазушылар балалар әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалын саралады.Кездесуге қатысқан оқырмандар мен көпшіліктің пікірінен кейін жасалған тұжырым осындай болды.
Кітапханада «Кітаппен әлем шуақты» балалар
шығармаларының апталығы ұйымдастырылды. Апталықтың аяқталар сәтінде балалар жазушыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Оған «Дарабоз» сыйлығының иелері қатысты. Кітапхана оқырмандары тарапынан қазақ әдебиеті, соның ішінде балаларға арналған көркем шығармаларға байланысты сұрақтар қойылды. Тұрдақын Жексенбай, Әбдірахман Асылбеков, Ділдар Мамырбаева, Әлібек Файзоллаұлы, Арасанбай Естен, Кеңес Оразбекұлы, Әлібек Байбол жеке шығармашылықтарына тоқталды.
Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті секциясының төрағасы, ақын Сұлтан Қалиұлы «Дарабозда» дараланған шығармалар жайлы әңгімеледі. Балалар кітабының басылуы мен таралуындағы кейбір келеңсіздіктерді айтып өтті.Дүкендерде балалар кітаптары мүлде жоқтың қасы. Жаңадан басылып шыққан авторлардың кітаптары таратылмайды. Қаланың жайы осындай болғанда, ауылдағы балалар рухани кітап аштығына ұшырауда. Өйткені, балалар әдебиеті ауылға жетпейді.
Кездесуге келген оқырмандар арасынан №9 облыстық мектеп-интернатының оқушылары ерекшеленді. Олар ақын-жазушылардың өлеңдерін оқып, көркем шығармаларынан үзінді келтірді. Дарынды балалар өздерінің төл туындыларын да жасырмады. Мектепте оқушылар шығармашылығын дамытуда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжамал Шыныбаеваның еңбегі орасан.
Тағылымы мол кездесуді қалалық орталықтанды-рылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Шолпан Дүбірбаева ұйымдасты-рып, жүргізді.
Өз тілшімізден.