Қызғаныш та қасірет
Дана мен Айжанның үйі көрші тұрады. Сондықтан, олар бір-бірін жөргектен біледі деуге болады. Екеуі түйдей құрдас болған соң, мектептің табалдырығын бірге аттады. Сөйтіп, бір сыныпта партада қатар отыратын. Есейіп, сыныптары жоғарылады. Есі кіргенде екеуінің арасынан қара мысық жүгіріп өтті. Құрбылардың арасындағы келіспеушіліктің себебі – қызғаныш еді.Дана бірінші сыныптан-ақ оқу үздігі. Өнерлі, ұйымдастырушылығы тағы бар. Мұғалімнің айтайын деген ойын айтпай-ақ біледі. Сезімтал.
Суретті салған: Арайлым МƏЖІБАЙ. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылы.
Сынып жетекшісі көбінесе Дананың айтқанын мақұлдайды. Сынып түгіл мектептің мақтанышына айналды. Сабақтан тыс сабақтардан да қашпайды. Осыдан кейін Айжанның кеудесін ала мысық тырнай бастайды. Айжан: «Қайтсем, Дананы шалып түсемін» деген пасық ойын жүзеге асырудың жолын іздестіре бастады. Ақыры ойлап тапты да, қулығын іске асыра бастады.
Дананың физика оқулығы жоғалды. Сыныптан іздеп таппады. Айжан оны қоқыс жəшігіне лақтырып жіберді. Дəптері жоғалды. Қаламы сынып, партаның үстінде жатты. Дене шынықтыру формалары сынып ішінде сүйретіліп жататынды шығарды. Мұның бəріне Дана қыңқ деген жоқ. Кімнің істегенін іштей білсе де, дабыл қақпады. Құрбысының қайсарлығы Айжанның ішін одан əрі ашытты.
Ал, «Қыз сыны» байқауы кезіндегі Айжанның ісі, тіпті адамшершіліктен, ар-ұяттан безгендігін көрсетті. Дананың байқауға шығатын көйлегіне сия төгіп, былғағаны аздай, туфлиінің біреуін тығып қойды. Құрбысының осындай сорақылығына шыдамаған Дана өксіп-өксіп жылап жіберген. Сонымен, байқауға қатыса алмады. Неше күнгі еңбегі зая кеткеніне өкінді. Айжан өзіне қастандық жасайтындай, не істедім деген сұраққа жауап таппады.
* * *
Бірде Айжан отбасымен дастарқан басында отырғанда інісі:
— Ана, соңғы қоңырауда Жасұлан мақтау қағазын алуға шығып жатқанда Нұрлан аяғынан шалып қалып еді, құлап түсті. Жасұлан басымен қатты құлады.
— Балам, Нұрланның ісі өте орынсыз. Тіптен шектен шыққандық. Біріншіден, ағайынның тайы озғанын көре алмаушылық. Екіншіден, Жасұланның өміріне қауіп төндіріп отыр. Қатты құлап басы жарылса, не болады. Үшіншіден, мұны қиянат жасаушылық дейді.
* * *
Əлбетте мұның барлығы балалық қызғаныш. Қызғаныш араб тілінде «хасад» деп аталады. Яғни, жақсылықтың болуын қаламау деген мағынаны білдіреді.
Қызғаныш пен күншілдік, яғни қызғаныш сезімін тия алмау үлкен күнəлардың бірінен есептеледі.
* * *
Анасының сөзін тыңдап отырған Айжанның жүрегіне жан құрбысына істеген қиянаттары шаншу болып қадалғандай болды. Данадан кешірім сұрау керек деп дереу орнынан тұрды да құрбысының үйіне жүгіре жөнелді.
Ал, Дана болса Айжанның қызғаныштан істеген істерін сол кезде-ақ іштей кешірген. Сол себепті ме, оның жаны таза, ниеті ақ күйінде бəз-баяғы қалпында жүр.
Айжан тезірек арадағы ызғарды жылытып, бала күнгі достығын қайта жалғастырмаққа ниет еткен.
Адина ЕРҚАРАЕВА.