Гимнастика туралы бірер сөз

11bet_f1Редакциядан: Біз дәрігер Райхан Мәктәйқызының бұл ұсынысын ризалық сезіммен қабыл алып, «Гимнастика туралы бірер сөз» деген материалын «Денсаулық гигиенасы» деген айдармен ұсынып отырмыз. Жас оқырмандарымыз өз денсаулықтарына жіті көңіл бөліп, дәрігер әжелерінің ақыл-кеңесіне мұқияттылықпен құлақ асып, орындап отырады деп сенеміз.

Балалар, сыртқы сымбат туралы сөз қозғасақ, орыс жазушысы әрі дәрігері А.П. Чеховтың: «Адам бет пішінімен де, сыртқы тұлғасымен де, киімімен де сұлу болуы керек» деген сөзі еске түседі. Денсаулығы жақсы кісінің көрікті де әдемі көрінетіні сөзсіз. Баршамыз да сымбатымыздың, жанымыз бен тәніміздің жастық қалпының ұзақ сақталуын қалаймыз. Бұл үшін сырт бейнемізді күтумен бірге, денсаулыққа да қамқорлық жасауымыз керек. Кішкентайынан дене шынықтырумен шұғылданған бала сымбатты, денсаулығы мықты болып өседі.
Гимнастикалық жаттығулардың жас ерекшелікке, жынысына, адамның жалпы жағдайына қарай орындалатын түрлері бар. Мысалы, тыныс жолдары, өкпе қабынуы, жүрек, ішек-қарын – гимнастикалық реттелген жаттығулары бар. Ал, гимнастиканың ең бір көп тараған түрі – таңертеңгі жаттығу. Бұл ағзаны ұйқыдан оятып, күндізгі жұмысқа, оқуға, мектепке, үй шаруасына, ата-анаға көмек етуге дайындайды. Он-он бес минут жасаған гимнастиканың өзі ағзаға өте шипалы әсер етеді. Жүректің тез жиырылып, тыныстың кеңеюіне, зат алмасуын, жүйке жүйесінің сергектігін арттырады, бүкіл ағзаны салқын тиюден болатын түрлі сырқаттардан сақтайды. Гимнастикалық жаттығуларды дұрыс таңдап алу үшін дәрігермен кеңесу керек. Әркім өзіне тиімдісін мезгілінде үзбей жасағанда ғана жақсы нәтиже береді. Егер бірде жасап, бірде жасамай, еріншектік етсеңдер, оның пайдасы шамалы.
Балалар, еліміздің тамаша азаматы болып өсу үшін, спорттың әр түрімен шұғылдансаң, білекті, ақылды, байсалды, ата-анаң қуанатындай, елің мақтанатындай ұл-қыздары боласыңдар!
Райхан МӘктаева.

ПІКІР ЖАЗУ