Оқулықтың жөні бір бөлек
…Оқу құралы демекші, бұл оқу жылы да оқушыларға, əсіресе олардың ата-аналарының мойнына өз ауырлығы мен салмағын батпандап салған сыңайы бар. Оны біз оқу жылы басталар алдында балаларының құрал-жабдықтарын түгендеймін деп, дүкен, базарларға аяғынан тозып жүрген ата-аналардың өздерінен сұрастырып білген едік.
Алматыдағы «Көк базардың» алдындағы оқу құралдары жаймасы.
Алматы облысы, Ақсу ауданынан келген ана Рыскүл Тұрысбекова:
— Мен балаларымның қам-қаракеті деп сонау қияндағы ауылдан ат арылтып келіп отырмын, айналайын. Осылай əр оқу жылы сайын сабыламыз.
Өйтпесек тағы болмайды. Ішкен-жегенімізден қысып, бірнеше ай бойы жиған-тергеніміз жетпейді.
Ауыл жақта мына тест оқулығының бір кітабы 1500-2000 теңге тұрады. Ал, балаларымызға оның əр пəнге байланысты үш-төртеуі керек. Мына жаймадағы 650-750-900 теңге тұратын оқулықтар да біздің жақта кем дегенде бір жарым-екі есе қымбатқа сатылады. Үйде оқу жасындағы алты балам бар. Ағаларың жұмыссыз. Үйдегі екі-үш жандығымызды сатып, қарызданып-қауғаланып, осы қалаға келіп, түгендейміз. Бірақ қайдан, əлі киім-кешегі, сөмке, аяқ киімі бар дегендей. Түгендеу мүмкін емес қой. Тең құрбыларынан қалып, жыламасын дейміз де.
— Оқулықтарды кітапхана арқылы тегін таратпайды ма?
— Ой, оларға сеніп болар ма, жыл сайын бірнеше
оқулықты жеткізбей беріп, соларды түгендей алмай жүреміз. Оның əсері оқуларына кесірін тигізеді ғой. Сондықтан жоғарыдағыларға құлақ-қағыс қылып айтайын дегенім, əр ауылдан демей-ақ қояйын, аудан орталықтарынан осындай оқу құралдарын тиімді бағамен сататын арнайы мемлекеттік дүкендер ашып қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
Алматы қаласының тұрғыны: Аида Қапалбекова:
— Мен мына кітап дүкеніне кірген едім, оқулықтардың бағасы ұшып тұр. 800-900-1200… одан да жоғарылары бар. Мəселен, бір 9-сынып-тың оқушысына 15 пəн оқулығы керек болса, ең төменгі бағамен есептеп көріңіз, 12000-15000 теңге шығады.
Оның үстіне əр балаға ең төменгі 5,5 мың теңгелік мектеп формасы, 3-4 мың теңгелік сөмке, аяқ киім, спорт формасы, дəптер, қаламсап, бояу, сызғыш дегендей құрал-жабдықтары тағы бар, бір балаға шамамен 50 мың теңге жұмсау керек. Ал менің төрт балам бар, екі жүз мыңнан аса ақшаны қайдан табамын? Əр оқу жылы сайын осылай зəреміз ұшады. Ал сонда өзіміздің ішіп-жегенімізді қайда қоямыз?
Киімдерді айтпай-ақ қояйын, азық-түліктің бəрі қымбат. Жылда жаз кезінде бағалары төмендеу болатын жеміс-жидек, көкөністің де бағасы биыл ұшып тұр. Осыларды қадағалайтын ресми орындар қайда қарап жүр?
Базар, кітап дүкендеріндегі оқулықтардың жағдайы осындай болғанда, негізінен оқулық шығарумен айналысатын «Атамұра», «Мектеп» баспаларының арнайы кітап дүкендеріндегі жағдай қандай күйде деп, соларға бас сұқтық.
«Мектеп» баспасының кітап өнімдері негізінен əдістемелік, ұлт тілдері (өзбек, ұйғыр), шет ел тілдері оқулықтарын құрайды екен. Орташа бағасы 200-500 теңге аралығында. Арнайы дүкені тек Алматыда. Ал, еліміздің өзге облыстарына алыпсатарлар арқылы тарайтындықтан, бағалары жоғарылайтыны белгілі.
«Атамұра» баспасының өнімдері негізінен орта мектеп оқулықтары, орташа бағалары 200-550 теңге аралығында. Барлық облыс орталықтарында арнайы кітап дүкендері бар.
Жанар
АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.