“Болмайды” дегеннен аулақ жүр
— Ана, Сіз ғана менің айтқандарымның көбін құптамай, «болмайды» дей бересіз.
— Қызым, болмайтын нәрсені саған ескертіп, тыя алмасам, күнәсі маған түседі. Менің айтқанымды тыңдамай, болмайтын нәрселерді істесең, кінә сенен болады. Мұның барлығы екі дүниеде алдымыздан шығады.
— Ой-й, басқа қыздар жүр ғой…
— Қызым, бұл қай сөзің? Әркім өзі үшін жауап береді. Кәне, айтшы, мен саған не істетпеппін?..
— Менің құрбыларымның бірі – білегіне әдемі татуаж салдырды. Біреуі құлағын екі-екіден тестіртіп, қос-қос алтын сырға тағып жүр. Өзіңіз күнде көресіз, көршінің менен кішкентай қызы шашын қазіргі үлгіде қидырып алған. Жан құрбымның өзі шашын боятты. Жарасып тұр. Ішінде мен ғана кемпірлер сияқты өзгерген жоқпын.
— Қызым, саған кемпірсің деп айтқан қайсысы? Алла-тағала маңдайымызға кемпір болуды жазғай. Құрбыларыңды сөге алмаймын. Бірақ, қызым, дененің көрінетін жеріне татуаж салдырту, жасына жетпей шаш бояу, құлағын төрт жерден тестіру — діні ислам, ділінде иманы бар мұсылман ұл-қызы үшін жат нәрсе. Және оның пайдасынан зияны көп. Сол зияндылық кейін өз денесіне дерт болып жабысады. Оны емдеу мүмкін емес. Зардабы тереңге кетеді.
— Әне, бастадыңыз, басқаларының аналары қыздарына рұқсат беріп, өздері көмектеседі.
— Ботақаным, тағы неге көңілің толмай отыр?
— Анада, дзю-доға барайын десем, «Қой, қыз балаға болмайды» дедіңіз.
— Әлбетте, адам баласы қалаған спорттың түрімен айналысуы қажет. Бұл салада жетістікке жеткен дарабоздарымыз қаншама! Сенің әңгімең бөлек қой, қызым. Әкең екеуміз ақылдасып, сенің болашағыңды ойлап, «қой» дедік. Жарыс түгіл, жаттығу кезінде бір-біріңді алып ұрып, жығып жатасыңдар. Дзю-до техникасын дұрыс қолданбай, абайсызда құлап түссең, жұлының кетті дей бер. Сонда не болдың? Сен болашақ анасың ғой…
— Ана, кешіріңізші. Менің айтқандарымды көңіліңізге алмаңызшы. Ендігәрі мұндай әңгіме айтып, сізді ренжітпеймін.
— Ақылыңнан айналдым.
Ж.ТҰРЖАНОВА.