Жаздың қызық думаны-ай!

23bet_f11Ертілес мең-зең күйде оянды. Оянған соң, төсекте әрі-бері аунады. Қатты құлаған секілді, денесі ауыр тартып, басы – мең-зең. Өйткені, таңға жуық көз ілген. Орнынан тұрып еді жастығы бір жерде жатыр, киімі де жиналмаған күйі. Компьютері өшірілмеген. Теледидар да әлі сөйлеп тұр. Өз бөлмесінен өзі шошыды. Балконға шықты. Күн түске жақындапты. Биыл 9-сыныпқа көшкен бойы сырықтай баланы ата-анасы жалғыз өзін қалдырып, ауылға кеткен.
Ұялы телефонын алды. Тогы бітіп, өшіп қалыпты. «Анам, менімен сөйлесе алмай, жүрегі ұшып жатқан шығар» деп тоққа қосып қойды. Тоңазытқышқа салып кеткен дайын тамақтар сол күйі тұр. Ішуге уақыт жоқ. Есіктің қоңырауы дамыл таппай тұрғаны қашан. Достары екен. Оларды пәтерге кіргізді де, өзі тез жуынуға кірісті. Жиналды да шығып кетті. Барар жері саябақ, ойын автоматы, кешке – кинотеатр…

* * *
Елдос ес білген кезінен ерте тұрып үйренген. Сол әдетке әбден қалыптасып кетті. Сабақ уақытында да қолы босамайды. Мектептің қоғамдық жұмыстары Елдоссыз өтпейді. Қиындықтан қашпай, Алматыға 500 шақырым қашық ауылдан келіп, автобусқа жолаушы жолақысын жинаушы болып орналасты. Биыл төртінші жыл. Туыстарының үйінде. Таңертең таңғы 4.00-де тұрады. Автопаркке келеді. 6.00-де автобус аялдамасына қарай жылжиды. Өтірік айтпайды. Есепті таза өткізеді. Қолымда ақша бар деп жымқырмайды. Табысы күнде қолына беріледі. Жүргізуші оған әбден сенеді.
Түнгі 12-лер шамасы. Алматыда жүрген бар жастар түнгі Алматыны тамашалауда. Елдос күндік табысына сөмке-сөмке зат алып, ауылға жіберді. Табысын анасына жіберіп тұрады. Бұл да жастарға қосылғысы келеді… Бірақ: «Ойын арзан, күлкі қымбат» деп Абайша өзін тоқтатты.
— Қой, ертең жұмыстан кешіксе автобус жүргізу-шісі орнына басқа бала алып қоюы мүмкін.., — деп үйіне қарай жүріп кетті.

* * *
Жасұланның жасы он үштен асты. Сыныптағы ұлдарға қарағанда бойы ұзын, денесі тығыншықтай. Көргендер «Мектеп бітірдің бе?» деп сұрайды. Өйткені, дене еңбегін бір кісіше атқарады.
Биыл жазғы демалысты ауылда өткіземін деп бекінді де, туыстарына жайлауға келді. Жайлау табиғатын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Келе шаруаға кірісіп кетті. Жылқышымен жылқы айдады. Асауды үйретті. Құлын-таймен жарысты.
Шалғымен малға шөп шапты. Оны айырмен жинап, атарбамен тасыды. Енді көлікпен ауылға жеткізу ғана қалды. Мал бақты. Жеңгесі таңертең сиыр сауып, ыстық сүт пісіріп береді. Көмбеге нан жабады. Сүттен айран ұйытып, құрт қайнатады. Қымыз, шұбат ішті. Атқа отырып үйренді. Ағайы бір құлынды сыйлады. Келесі жылы тай болады. Ерттеп мінуге жарайды.
Жайлаудың тау-тасын түгел аралады. Екі айды артқа тастап, қалаға оралды. Достары Жасұланға қарап, таңқалды. Келесі жылы ата-аналары жіберсе, бәрі жайлауға бармақшы болды.
Адина ЕРҚАРАЕВА,
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-нің студенті.
Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ