Спорт — бұл бәсеке,

8bet_f21сондықтан да жеңісі мен жеңілісі қатар жүреді
«Алматы» телеарнасынан жүргізіліп келе жатқан «Аландар айқасы» спорттық шоу көрермендер көзайымына айналып үлгерді. Айқаста аудан-ауданның мектеп оқушылары бақ сынауда. Әрине, жеңіс мықты команданың еншісінде. Телеарнаның спорттық бағдарламалар продюсері, әрі осы шоуды жүргізуші Ләззат Лұқпанға жолығып, балалар спорты думаны жайлы айтып беруін өтінген едік.
— Ләззат, біз де бірнеше ойынның куәсі болдық. Мұнда тек спорт қана емес, нағыз өнерлі балалардың талантын шыңдайтын орта деуге болады.
— Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп өмір жастарын ұзартуына жағдай жасауы қажет» деп атап көрсетті. Салауатты өмір салтын әрине, бала кезден қалыптастыру керек. Соның негізінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Аландар айқасы» біздің теледидарда 2009 жылы ұйымдастырылды. Өзіңіз айтқандай, алаңда спорттың әр түрінен балалар ғана емес, ұстаздар да бақ сынауда.
8bet_f16— Спорттық шоудың барысы жайлы айтып берсең.
— Әуелі шоуға қаламыздың 16 мектебі ғана қатысты. Кейіннен жобаға өзгерістер енгізіліп, сайысқа қаланың 7 ауданындағы мектеп оқушылары қатысуда. Шоу қазір аудан әкімінің кубогы үшін өткізілуде. Қала бойынша 180 мектептен 7-сынып оқушылары қатыстырылуда. Алдағы уақытта ауданның жеңімпаздары Қала әкімдігінің жүлдесі үшін жарысады.
— Ләззат, шоуда көрермендердің де үлесі салмақты екенін көрудеміз.
— Иә, бағдарламаға көрермендер де өз үлестерін қоса алады. Ол үшін бізде СМС-пен дауыс беру жүйесі ұйымдастырылған. Осылайша, әр командаға қолдау көрсетуге келген бишілер тобының да құр алақан қайтпауын ойластырдық. Көрермендерден көп дауыс жинаған бишілер тобы арнайы бағалы сыйлықтарға ие болады.
— Ләззат, әңгімеңе рақмет. «Аландар айқасының» жеңімпаздарының үнемі биіктен көрінуіне тілектеспіз.
Ж. ТҰРЖАНОВА.

ПІКІР ЖАЗУ