БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Астана қаласының дәрігер-педиатры Наргиз Токсеитовамен сұхбат
Баланың денсаулығы – ата-ана үшін ең қымбат құндылық. Кішкентай ғана баланың мазасы қашып, дене қызуы көтерілсе, ата-ананың да көңілі алаңдайды. Мұндай кезде дұрыс әрекет ету, дәрігерге уақытында қаралу және баланың денсаулығын алдын ала бақылау аса маңызды.
Балалармен күн сайын жұмыс істейтін педиатрдың тәжірибесі ата-аналар үшін де, балалар үшін де маңызды. Осы орайда Астана қаласы №13 емханасының дәрігер-педиатры, шұғыл көмек бөлімінің меңгерушісі Наргиз Токсеитовамен балалар денсаулығы, дұрыс күтім және ата-аналар жиі жіберетін қателіктер туралы әңгімелестік. Дәрігер бұл мамандықты бала кезінен армандағанын, кейін ана атанған соң балалармен жұмыс істеуге ерекше қызығушылық танытқанын айтқан.
– Наргиз Жұмабайқызы, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Дәрігер болуды қашан армандадыңыз?
– Дәрігер болу – бала кезімнен келе жатқан арманым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен осы мамандықты таңдағым келді. Алғашында хирургия саласына қызықтым. Бірақ ана атанғаннан кейін балаларға деген көзқарасым өзгерді. Балалармен жұмыс істеу маған жақын екенін түсіндім. Содан кейін педиатрия бағытын таңдадым. Қазір өз орнымды тапқанымды сезінемін.
– Педиатр мамандығының ерекшелігі неде?
– Баламен жұмыс істеу үшін медициналық біліммен қатар үлкен шыдамдылық пен мейірім қажет. Кішкентай балалар өздерін не мазалап тұрғанын толық түсіндіре алмайды. Сондықтан дәрігер баланың жалпы жағдайына мұқият қарап, ата-анасынан қажетті ақпарат алып, әр белгіге мән береді.
Кейде бала сөйлей алмаса да, оның мінез-құлқынан, көңіл күйінен, қимылынан белгілі бір өзгерісті байқауға болады. Сондықтан педиатр үшін баланы мұқият бақылау өте маңызды.
– Балалар дәрігерге көбіне қандай жағдайларда келеді?
– Күнделікті тәжірибеде дене қызуының көтерілуі, аллергиялық реакциялар, түрлі бөртпелер, жарақаттар және ауырсыну сияқты шағымдар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ата-ананың ең басты міндеті – баланың жағдайын дұрыс бағалап, қажет болса медициналық көмекке жүгіну.
– Баланың дене қызуы көтерілген кезде ата-ана неге мән бергені дұрыс?
– Ең алдымен баланың жалпы жағдайына назар аудару керек. Баланың қаншалықты әлсіз екенін, тыныс алуын, су ішуін және басқа да белгілерді бақылаған жөн.
Егер бала өте әлсіз болып, ояту қиын болса, есінен танса, тыныс алуы қиындаса немесе дене қызуы ауыр жағдаймен қатар жүрсе, мұндай белгілерді елемеуге болмайды. Мұндай кезде медициналық көмек қажет.
– Ата-аналар жиі жіберетін қателіктер қандай?
– Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – дәрі-дәрмекті өз бетінше беру. Әсіресе ересектерге арналған дәрілерді балаға беруге болмайды. Балаларға қолданылатын дәрінің түрі мен мөлшері олардың жасына және жағдайына сәйкес болуы керек.
Сондықтан ата-аналар интернеттен немесе таныстардан алынған кеңеске ғана сүйенбей, медициналық маманның кеңесін алғаны дұрыс.
– Қазіргі кезде ата-аналар интернеттен денсаулық туралы көп ақпарат алады. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Интернетте пайдалы ақпаратпен қатар, медициналық тұрғыдан дұрыс емес кеңестер де кездеседі. Сондықтан кез келген ақпаратты бірден қолдануға болмайды. Баланың денсаулығына қатысты мәселе туындаса, кәсіби медициналық кеңес алған дұрыс.
– Баланың денсаулығын сақтау үшін ата-ана ең алдымен неге көңіл бөлуі керек?
– Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған маңызды. Баланы уақытында профилактикалық тексеруден өткізу, вакцинация мәселесіне жауапкершілікпен қарау, дұрыс тамақтану мен күн тәртібін қалыптастыру маңызды.
Баланың денсаулығын бақылау – бір күндік жұмыс емес. Ол күн сайынғы күтімнен, дұрыс әдеттерден және ата-ананың жауапкершілігінен қалыптасады.
– Балалардың өзіне қандай кеңес берер едіңіз?
– Балаларға ең алдымен өз денсаулығын бағалауды үйрену керек дер едім. Уақытында тамақтанып, жеткілікті демалып, таза ауада серуендеп, белсенді қозғалыста болған пайдалы. Өздерін жайсыз сезінсе, міндетті түрде ата-анасына немесе мұғаліміне айтуы керек.
Ал ең бастысы – денсаулыққа немқұрайлы қарамау.
– Дәрігер ретінде сізге жұмысыңызда ең үлкен қуаныш сыйлайтын нәрсе не?
– Баланың ауыр жағдайда дәрігерге келіп, ем алғаннан кейін қайтадан дені сау болып оралғаны – дәрігер үшін үлкен қуаныш. Баланың күлімдеп жүргенін көру, ата-анасының ризашылығын есту – біздің еңбегіміздің ең үлкен бағасы деп ойлаймын.
– Балалар дәрігері болғысы келетін оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен жақсы оқу керек. Әсіресе биология, химия сияқты пәндерге қызығушылық танытқан жөн. Бірақ дәрігер болу үшін тек жақсы білім жеткіліксіз. Адамдарды жақсы көру, жауапкершілік, сабырлылық және үнемі іздену де маңызды.
Медицина – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сондықтан бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдаған дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет! Балаларымызға және олардың ата-аналарына айтар соңғы тілегіңіз қандай?
– Барлық балаға мықты денсаулық, бақытты балалық шақ тілеймін. Ата-аналарға балалардың денсаулығына мұқият болып, аурудың алдын алуға көңіл бөлуді тілер едім. Ал бала ауырып қалған жағдайда өз бетімен ем қолданбай, дәрігерге жүгінген дұрыс.
Баланың дені сау болса, оның балалық шағы да қуанышты өтеді. Сондықтан бала денсаулығы – бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Ә.Қабиденұлы




