Жазғы каникул кезеңіндегі балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстары

Жазғы каникул – оқушылардың оқу жылында алған білімдерін толықтырып, бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осыған байланысты білім беру ұйымында жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және мазмұнды демалысын ұйымдастыру мақсатында жоспарланған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуы – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Себебі бала – елдің ертеңі, мемлекетіміздің болашақ капиталы. Сондықтан әрбір оқушының жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізуіне ерекше көңіл бөлініп, түрлі бағыттағы жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен жалпы 43 366 бала қамтылды, бұл оқушылардың 60 пайызын құрайды. Қала сыртындағы сауықтыру лагерлерімен 2 367 бала қамтылды. Мектеп жанындағы лагерлерде жалпы 31 685 бала демалды. Оның ішінде 7 585 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі бағыттағы жазғы алаңдар мен жасақтар жұмыс жасады. Атап айтқанда, 25 мектепте палаткалы (шатырлы) лагерь ұйымдастырылып, оған 5 129 бала қатысты. 33 мектепте «Қазақ елі» киіз үйлі лагерьлері жұмыс жасап, 7 165 бала қамтылды. 71 мектепте еңбек жасақтары құрылып, оған 5 872 оқушы тартылды.
Сонымен қатар, 72 мектепте құрылған көгалдандыру жасақтары арқылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқанына 10 295 бала қатысты.
«Жаз–2026» жобасы қаланың 72 мектебінде іске асырылды.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мектеп жанындағы жазғы демалыс алаңдарының салтанатты ашылуы өтті. Мерекелік іс-шара барысында оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, ұлттық ойындар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.
Лагерь жұмысының негізгі мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың танымдық белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту және ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін қалыптастыру. Осы мақсатта күн сайын түрлі бағыттағы тәрбиелік, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар өткізілді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясының аясында экологиялық тәрбие беру бағытында «Green Тайм» жобасы ұйымдастырылып, оқушылардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Жоба аясында мектеп ауласын көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, қоршаған ортаны қорғауға арналған акциялар, табиғат туралы танымдық жорықтар мен сурет байқаулары ұйымдастырылды. Оқушылар экологиялық мәдениеттің маңызын түсініп, табиғатты аялау адамзаттың басты міндеті екенін ұғынды.
Жасөспірімдердің болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауына бағытталған «Болашаққа бағдар» жобасы да мектеп жанындағы лагерьлерде ерекше қызығушылық тудырды. Жоба барысында әртүрлі мамандықтар туралы ақпараттық кездесулер, танымдық экскурсиялар, кәсіп иелерімен сұхбаттар және пікір алмасу алаңдары өткізілді. Нәтижесінде оқушылар өздерінің қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес мамандық таңдаудың маңыздылығын түсініп, еңбекке деген жауапкершілік көзқарастарын қалыптастырды.
Балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған «Ойын Land» жобасы аясында интеллектуалдық ойындар, викториналар, квесттер, қызықты тәжірибелер және шығармашылық сайыстар ұйымдастырылды. Әрбір іс-шара балалардың танымдық белсенділігін арттырып, өз ойын еркін жеткізуге, топпен жұмыс жасауға және жаңа білім алуға мүмкіндік берді.
Салауатты өмір салтын насихаттау және дене шынықтыруды дамыту мақсатында «Жазғы спорттық мүмкіндіктер» жобасы кең көлемде жүзеге асырылды. Аталған жоба аясында футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат жарыстары, көңілді старттар мен түрлі спорттық эстафеталар өткізілді. Спорттық шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың ұйымшылдыққа, тәртіпке және жеңіске деген жігерін арттырды.
Туған жерге сүйіспеншілікті арттыру және еңбек тәрбиесін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Ауылдағы тамаша күн» жобасы барысында оқушылар ауыл өмірімен жақынырақ танысты. Олар ата-әжелерінің ауылын барып, күнелікті тұрмыс тіршілілікке етене араласып, мал шаруашылығы, егін шаруашылығына ерекше ден қойып, ауыл адамдарының еңбегі туралы жобалық зерттеу қызметтерімен айналысты. Күнделікті ауыл өмірінен бейнерепортаж, шағын роликтер мен фотолар жасап, күнделік жүргізді. Сонымен қатар туған өлкенің тарихы мен ерекшеліктерін танып-білуге арналған іс-шаралар өткізілді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ұлы Дала кереметі» жобасы аясында қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері мен ұлттық өнері насихатталды. Оқушылар ұлттық ойындарға қатысып, қолөнер көрмелерін тамашалап, тарихи-танымдық сағаттарға белсене атсалысты. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ұлттық мұраға деген құрмет сезімін нығайтты.
Жазғы лагерь бағдарламасы тек танымдық және тәрбиелік шаралармен шектелмей, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да басымдық берді. Ән айту, би билеу, көркем сөз оқу, сурет салу және қолөнер бағытындағы байқаулар ұйымдастырылып, дарынды оқушылардың өнерін шыңдауға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында кітапхана сағаттары, әдеби кештер мен ертегі әлеміне саяхаттар өткізілді.
Аптаның әр күніне жасалған тақырыптық күнтізбе бойынша балалар мұражай, кинозал, цирк, театрларға саяхаттап, бассейндер, ойын алаңдары мен саябақтарды көңіл көтерді.
Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда болды. Демалыс кезеңінде жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және интернет қауіпсіздігі тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. №3, 63, 66 мектептердің базасында төтенше жағдайлар және өрт сөндіру қызметі мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, балаларға қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша практикалық кеңестер берілді. Сонымен қатар, түрлі профилактикалық акциялар мен танымдық іс-шаралар өткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
№16,17,22,44,45,49,50,62,63,64,66,67,68,70 мектептер жанындағы киіз үйлі лагерьлерде танымал тұлғалармен кездесулер, ұлттық өнер мен қолөнер бойынша шеберлік сағаттары тұрақты түрде ұйымдастырылды. Балалар халқымыздың мәдени мұрасымен танысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шараларға белсене қатысты. Салт-дәстүр күні, ұлттық тағамдар күні және ұлттық ойындар күні ерекше мазмұнда өткізіліп, тәрбиелік мәні зор бағдарламалар ұсынылды.
№1,6,22,26,34,39 мектептердің шатырлы лагерьлерінде әскери-патриоттық және спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалар әскери қызметтің ерекшеліктерімен танысып, саптық дайындық, туристік дағдылар, әскери-спорттық жарыстар мен эстафеталарға қатысты. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.
Ағымдағы жылы балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 186 млн 798 мың теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде мектеп жанындағы лагерьлерде оқушыларды бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 41 млн 898 мың теңге, ал қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерьлеріне тегін жолдамалар беруге 144 млн 900 мың теңге бөлінді.
Осы бағытта балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Тау самалы» және «Берікқара» сауықтыру лагерьлерімен тиісті келісім-шарттар жасалып, оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Оқушылар республика көлеміндегі Қонаев, Түркістан және Көкшетау қалаларында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру лагеріне жолданып отырды. Нәтижесінде 2367 бала табиғат аясында демалып, сауықтыру, спорттық және танымдық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл лагерьлерде балалар түрлі білім беру, мәдени-танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шараларға қатысып, жаңа достар тауып, өздерінің қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды.
Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде ұйымдастырылған іс-шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, денсаулығын нығайтуға, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оқушылар жазғы демалысты мазмұнды әрі пайдалы өткізіп, жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға мүмкіндік алды.






