Дәстүр ме әлде стереотип пе?

Қыз мұраты-кету, қызды 40 үйден тый, әйелдің орны-үй айта берсең толып жатыр. Қазіргі таңда осындай сөздерді жиі естіп жатамыз. Алайда «ертеден ұстанып келе жатқан дәстүр ғой» деп қыз баласын қаншама мүмкіндіктен шектеп жатқан жоқпыз ба? Бұл әйелге қойылатын «дәстүр» аталатын талаптар қазіргі таңда орынды ма? Әлде бұл қоғамда қалыптасқан стереотип пе?

Қазіргі таңда, дәстүр мен стереотип жиі араласып жатады. Дәстүр-халықтың мәдениеті мен рухани құндылығы болса, ал стереотип-белгілі бір адамдар жайлы қалыптасқан дайын түсінік. Мысалы, үлкенді сыйлау мен қонақжайлық халқымыздың құнды дәстүрлерінің бірі. Оны ұстану мен ұрпақтан ұрпаққа тарату қоғамдағы сыйластық пен бірлікті нығайтады. Мұндай дәстүрлер адамдардың мүмкіндігін шектемейді, керісінше ұлттық құндылықтарды сақтауға көмектеседі. Алайда «бұрыннан солай болған» дегеннің бәрін дәстүр деп қабылдау дұрыс емес. Кейбір түсініктер уақыт өте келе қоғамда қалыптасқан стереотипке айналған болуы мүмкін. Мысалы, әйелдің орны-үй немесе қызды 40 үйден тый деген сияқты түсініктерді дәстүрден гөрі қоғамда қалыптасқан стереотип ретінде қарастыруға болады. Әрине бұл қазақ халқының қазіргі күнге дейін ұстанып келе жатқан дәстүрлері мен көзқарастары. Алайда бұл стереотиптерді «бұрыннан солай болған», «бұл дәстүр» деп қазіргі қоғамда қалыпты ету әйел азаматын қаншама мүмкіндіктен шектеп жатыр. Айта кетсек оның білім алуына, мамандық таңдауына, немесе өз қабілетін толық жүзеге асыруына кедергі келтіреді. Мысалы, кейбір адамдар әлі күнге дейін қыз баласының басты мақсаты тұрмысқа шығу, шықпаса «отырып қалған» деп кемсітеді. Әрине, ұят болмасын деп тұрмысқа шығады. Алайда соның салдарынан оның арманы, білімі мен мансабы екінші орынға ысырылып жатады. Дегенмен, бұл барлық дәстүрден бас тарту керек деген сөз емес. Керісінше, дәстүр мен заман талабын үйлестіре білу маңызды. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан бұрынғы құндылықтарды сақтай отырып, қазіргі қоғамның қажеттіліктерін де ескеру қажет. Мысалы, қыз баланы тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу сияқты дәстүрлердің маңызы әлі де зор. Алайда әйел адамның тек үйде отыруы керек немесе оның басты мақсаты тек тұрмысқа шығу деген түсініктер қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Бүгінде әйелдер ғылымда, медицинада, бизнесте және басқа да көптеген салаларда жетістікке жетіп жүр. Сондықтан адамның мүмкіндігін жынысына қарап емес, қабілетіне қарап бағалау маңызды.

Ең бастысы, дәстүр мен стереотиптің ара жігін ажырата білу қажет. Дәстүр-халықтың рухани мұрасы мен ұлттық құндылығы болса, стереотип-уақыт өте келе қалыптасқан шектеуші түсінік болуы мүмкін. Сондықтан «бұл дәстүр» деп кез келген көзқарасты ақтай беру дұрыс емес. Қоғам дамыған сайын кейбір түсініктер де өзгеруі тиіс. Ең бастысы дәстүрді сақтай отырып, әр адамның өз қабілетін дамытуына және таңдау жасауына мүмкіндік беру. Сонда ғана біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, заманауи әрі әділетті қоғам құра аламыз.

Абдикарим Назерке,

Астана қаласы

№112 жалпы білім беретін орта мектептің

11 сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ