Сыртқы келбет маңызды ма, әлде біз оны тым асыра бағалаймыз ба?

Бүгін бір жаңа адаммен таныстым… Ең алдымен оның сырт келбетіне назарым түсті. Арық па, толық па? Жоқ әлде қара ма, ақ па? Сол мезетте ойымда бір маңызды сұрақ пайда болды. Неліктен қазіргі қоғамда адамды сырт келбетіне қарап бағалау басым болып кетті? Сырт келбет шынымен адамның мәнін анықтайды ма, әлде біз оны тым асыра бағалап жүрміз бе?

Адамның күні адаммен… Біздің айналамызды адамдар қоршап жатыр және әрқайсысының жеке-дара сырт келбеті бар. Басқаша тілмен айтар болсақ, әр адам өз өзімен ерекше.

Бірақ қазіргі заманда әдемі, әдемі емес деп бөлу немесе адамды сырт келбетіне қарап қандай екенін шешу оқиғалары жиі кездесетіні бәрімізге мәлім. Әдемі адам-жақсы ал сырт келбеті онша емес адам-нашар Деген стереотип қалыптасып кеткендей. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс?

Кішкентай бір мысал ретінде қарапайым кәмпитті алып қарайық. Кішкентай бала әдемі, өзіне ұнаған кәмпитті алып, соны жегісі келеді. Бала оны сырт келбеті қандай іші де дәл солай деп ойлайды. Бірақ бала оның шындығында қандай екенін тек жеп көріп қана біле алады. Адамдардың да дәл солай ішкі жан дүниесі қандай екенін сыртқы келбетіне қарап бағалау жеткіліксіз. Оны ғалымдардың сырт келбетке қарап жасалған алғашқы пікір әрдайым дәл бола бермейді және адамды толық сипаттамайды деген пікірі дәлелдейді.

Бірақ қазіргі қоғамда мұндай жағдайды әр жерден байқауға болады: жұмыс орындарында, әлеуметтік желілерде, мектепте, тіпті балабақшада да сырт келбетке қарап бағалау жиі кездеседі. Мысалы, мектепте әдемі саналатын қыздың достары көп болуы мүмкін, ал кейбір қыздар сырт келбетіне байланысты немесе жай ғана адамдардың пікірі әсерінен шетте қалып жатады. Интернет платформаларында да дәл солай. Тиктоктағы кез келген блогердің подписчик саны көп, ал келесісінде аз болуы мүмкін. Себебі, оның сырт келбеті аудитория үшін тартымдырақ.

Зерттеулер бойынша адамдар біреудің сырт келбетіне қарап миллисекундтар ішінде-ақ алғашқы пікір қалыптастырады. Яғни біз ойланбай ақ ұнайды не ұнамайды деп шешіп қоямыз. Психологияда да осы бойынша адамдар бет-әлпетке қарап мінез, сенімділік, мейірімділік сияқты қасиеттерді автоматты түрде жабыстырып қоятыны дәлелденген. Осылайша, қоғамда сырт келбетке байланысты белгілі бір артықшылықтар қалыптасып кеткендей әсер береді.

Бірақ осының бәрі неден басталады деп ойландыңыз ба? Бұның бәрі адамның бірінші әсерге сенуінен, және қоғамда қалыптасқан әдемі нәрсе жақсы деген түрлі көзқарастардан басталады. Біз көбіне терең ойланбай, оның шындығында қандай екенін білмей жатып, көрген нарсемізге тез баға беріп қоямыз. Сол себепті сырт келбет кез-келген есікті аша алатын кілт сияқты болып кеткен.

Алайда шын мәнінде, бұл адамның жеке талғамы мен таңдауы. Жақында естіген бір психологиялық ой осыны жақсы түсіндіреді: көз алдымызда үш әдемі гүл шоқы тұр делік. Адам сол сәтте өзі әдемі санаған гүлді таңдайды. Сонда проблеманың бәрі осында жатыр. Адам өзіне ұнаған гүлді таңдауы, қалған екі гүл туралы ештеңе білдірмейді. Басқаша айтар болсақ таңдалмай қалған екі гүлдің құны, оның әдемілігі адам таңдауынан түсіп қалмайды.

Дәл сол сияқты, біреудің сені таңдауы немесе таңдамауы сенің құндылығыңды анықтамайды. Бұл тек жеке таңдау ғана. Ал таңдалмай қалған адам немесе заттың құны төмендеп кетпейді, ол әлі де өз ерекшелігімен қалады.

Абдикарим Назерке,

Астана қаласы

№112 жалпы білім беретін орта мектептің

11 сынып оқушысы

 

ПІКІР ЖАЗУ