Ақтөбеде тапсырылды

13bet_f31«Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналы әр алуан тақырыптар бойынша жазылған шығармаларға жеті жылдан бері бәйге жариялап келеді. «Ауылымның мәртебелі азаматы» атты бәйгенің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысындағы мектептердің бір топ оқушысына сыйлықтар тапсыру үшін журналдың бас редакторы Жанастан Кучукова, тілшісі Айгүл Қанатова арнайы келді. 
М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының акт залына ата-аналар, ұстаздар, оқушылар көп жиналды. Жиынға қатысқан «Ақтөбе-Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталықтың бөлім бастығы Ғалия Ізбасқанова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Алмат Паңгереев журнал ұжымына жылы лебіздерін білдірді. Марапаттау рәсімі аяқ шеніне жеткен соң оқушылар жиылғандарды өздерінің шығармаларымен таныстырып, тыңдарманды бір желпінтіп тастады. «Жыр алыбы –Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысының жүлдегері Бейбітов Жәнібек «Өкінбе, жаным!» деген өлеңінің шумақтары былай болып келеді:
13bet_f22…Сенімнің шеті сетінегенде,
Серік бол әркез жетім өлеңге.
Бұл өмір тұрар көп қиындықтардан,
Оның бәріне өкіне берме.
Өкінбе, жаным!
Сондай-ақ, Омаров Дастанның «Тәкаппар жүрек» деген өлеңі ұлы Абайдың «Бойы бұлғаң» деп аталатын формасы өзгеше өлеңіне ұқсастығымен таң қалдырды.
…Көздерің сенің,
Сөздерің сенің,
Жүрекке мендік ұнаған.
Қоштасқан күнде,
Бізбенен бірге,
Жаңбырлы түнде…
Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен дарынды балалардың мектебінде өткен жиын ерекше әсер қалдырды.
Құдайберген АХМЕДИЯРҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ