Индустриялық-инновациялық даму – ел болашағының негізі

Инновация дегеніміз – жаңа идея, жаңа технология, жаңа тәсіл арқылы жұмысты жеңілдету және өнімнің сапасын арттыру. Ал индустрия – зауыттар мен фабрикаларда түрлі заттар өндіру үдерісі. Осы екеуі бірігіп, индустриялық-инновациялық даму деп аталады. Яғни, жаңа технологияларды пайдаланып, заманауи өндірісті дамыту. Бүгінгі таңда Қазақстан да дамудың осы жолын таңдады. Бұрын еліміз көбіне табиғи байлықтарды өндіріп, сатуға сүйенсе, қазір дайын өнім шығаратын зауыттар ашуға, жаңа технология енгізуге басымдық беріп отыр. Бұл – ел экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, заманауи зауыттарда роботтар көмегімен техника құрастырылады, компьютер арқылы басқарылатын станоктар жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында да инновациялар енгізілуде: ақылды суару жүйелері, дрондар арқылы егістікті бақылау, жаңа тұқым түрлерін шығару сияқты жаңалықтар кеңінен қолданылуда. Мұның бәрі – индустриялық-инновациялық дамудың нәтижесі. Индустриялық-инновациялық даму балалар үшін де маңызды. Өйткені болашақта жаңа технологияны меңгерген инженерлер, программистер, ғалымдар, технологтар қажет болады. Бүгінгі оқушылар ертең жаңа зауыттар ашып, жаңа құрылғылар ойлап табуы мүмкін. Сондықтан білім алып, ғылым мен техниканы үйрену – ел дамуына қосылған үлес. Мемлекет те бұл бағытты қолдап келеді. Жаңа өндірістер ашылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету, экспортты арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту – осы саясаттың басты мақсаттары. Бұл еліміздің бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі.
Индустриялық-инновациялық даму – елдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды бағыт. Жаңа технологиялар мен өндірістердің дамуы Қазақстанның болашағын айқындап, жас ұрпаққа үлкен мүмкіндіктер ашады.
Г.Тұрсынқожақызы

ПІКІР ЖАЗУ