«Талаптыға нұр жауар» – қыздар мен аналар сайысы

Талғар қаласындағы “Бөбек” балабақшаның «Еркем ай» тобында қыздар мен аналардың қатысуымен «Талаптыға нұр жауар» атты ерекше тәрбиелік мәні зор сайыс өтті. «Көктем аруы – 2026» деп аталған бұл шараның басты мақсаты – қыз балаларды әдептілікке, өнерге, инабаттылыққа баулу, сондай-ақ ана мен бала арасындағы сыйластықты нығайту болды. Сайысқа топтың бес аруы аналарымен бірге қатысты. Олар – мейірімді Айлин, ақылды Айша, сымбатты Сафина, ақкөңіл Аделья және пысық Айкүнім. Қатысушылар өздерінің өнерлерін көрсетіп қана қоймай, шеберлік пен тапқырлықтарын да ортаға салды. Байқау бес кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тегін білу – тектілік» бөлімінде арулар өзін-өзі таныстырып, отбасы құндылықтары мен өз ерекшеліктерін әдемі жеткізді. Қатысушылардың сахна мәдениеті мен сөйлеу шеберлігі көрермендердің көңілінен шықты.
Балабақша өмірінде тәрбие мен білім берудің сапалы жүзеге асуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осы ретте тәрбиеші Самал Кунбасова мен музыка жетекшісі Ш.Отунчидің еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Олар бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға баулуда аянбай еңбек етіп келеді. Балабақша ұжымы балалармен жүйелі жұмыс жүргізіп, әр баланың жеке қабілетін ашуға, оларды тәртіпке, ұйымшылдыққа және достыққа тәрбиелеуге зор үлес қосуда. Ал музыка жетекшісісі ұйымдастыратын музыкалық сабақтар мен мерекелік шаралар бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылығын арттырып, сахна мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Аталған мамандардың шығармашылық ізденісі, кәсіби шеберлігі және балаларға деген сүйіспеншілігі балабақша өмірінің мазмұнын байытып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына оң ықпалын тигізуде. Олардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.
«Өнерлі – өрге жүзер» кезеңінде қыздар мен аналар ән айтып, би билеп, шағын көріністер көрсетіп, өз өнерлерін паш етті. Бұл бөлім сайыстың ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Үшінші «Талаптыға нұр жауар» кезеңінде қатысушылар қолөнер бұйымдарын таныстырды. Қазақ қызына тән шеберлік пен талғам бұл бөлімде айқын көрінді. Түрлі әшекейлер, ұлттық нақыштағы бұйымдар көрермендерді таңғалдырды. Блиц-турнирде қыздар қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Балалар киіз үй, домбыра, тұсаукесер, қошқармүйіз оюы сияқты ұлттық ұғымдарды жақсы білетіндерін көрсетті. Сайыстың соңғы «Қыздарға әсемдік жарасады» кезеңінде арулар сән үлгілерін таныстырды. Әр қатысушы ерекше дайындалған киімдерін көрсетіп, сахнада еркін жүріп өтті. Әділқазылар алқасы қатысушылардың өнері мен белсенділігін жоғары бағалап, әр аруға арнайы номинациялар табыстады. Сайыс барысында балалар «Көктем келді» әнін орындап, ұлттық ойындар ойналды. Шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, аналар мен балаларды бірлік дастарханына шақырды. «Талаптыға нұр жауар» сайысы қыз балалардың өнерін шыңдап қана қоймай, ана мен бала арасындағы жылылықты арттырған мазмұнды мереке болды.
Әділет Қабиденұлы




