Өңдеу секторы маңызды сала

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан­ның экономи­калық бағдары» атты Жолдауында «жаңа эко­номикалық бағдар» ая­сын­да өңдеу саласын жедел дамы­туға баса мән беруді жүктеді. Ел Президенті шикізаттық емес са­лаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қа­лыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды. Өңдеу секторы – табиғаттан алынған шикізатты өңдеп, дайын өнімге айналдыратын өндіріс саласы. Мысалы, бидайды диірменде тартып ұн жасайды, ұннан наубайханада нан пісіреді. Бұл – өңдеудің бір қарапайым мысалы. Сол сияқты: мақтадан – мата, ағаштан – жиһаз, сүттен – ірімшік пен айран, темірден – көлік немесе техника жасалады. Яғни шикізат өзгеріп, адамдарға пайдалы дайын өнімге айналады. Зауыттар мен фабрикалар Өңдеу секторында көптеген зауыттар мен фабрикалар жұмыс істейді. Онда инженерлер, технологтар, механиктер, жұмысшылар және басқа да мамандар еңбек етеді. Олар арнайы құралдар мен машиналарды пайдаланып, түрлі өнім шығарады. Мысалы тағам өндіретін зауыттар, киім тігетін фабрикалар, жиһаз жасайтын цехтар, автомобиль немесе техника шығаратын кәсіпорындар. Осындай кәсіпорындардың арқасында дүкен сөрелері әртүрлі тауарларға толы болады. Өңдеу секторы не үшін маңызды? Өңдеу секторы ел экономикасы үшін өте маңызды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, халыққа қажетті тауарлар өндіріледі. Азық-түлік, киім, кітап, техника – бәрі осы сала арқылы жасалады. Екіншіден, көптеген адамдар жұмыс табады. Зауыттар мен фабрикаларда мыңдаған маман еңбек етеді. Үшіншіден, елдің экономикасы дамиды. Өндірілген тауарлар басқа елдерге де сатылып, мемлекетке табыс әкеледі. Қазақстанда да өңдеу өнеркәсібі дамып келеді. Елімізде тамақ өнімдерін шығаратын зауыттар, металл өңдейтін кәсіпорындар, машина жасау зауыттары бар. Сонымен қатар жаңа технологиялар енгізіліп, заманауи өндірістер ашылып жатыр. Мысалы, кейбір зауыттар роботтарды, автоматтандырылған құрылғыларды қолданады. Бұл жұмысты тез әрі сапалы орындауға көмектеседі.

Өңдеу саласында болашақта қажет болатын мамандықтар өте көп. Олардың ішінде  инженер, технолог, бағдарламашы, конструктор, дизайнер тағы басқа мамандықтар. Егер сен техникаға, ғылымға немесе жаңа нәрсе жасауға қызықсаң, болашақта осы салада жұмыс істей аласың. Өңдеу секторы – табиғи шикізатты пайдалы өнімге айналдыратын маңызды сала. Ол адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады. Болашақта сен де жаңа зауытта жұмыс істеп, пайдалы зат ойлап табатын өнертапқыш немесе инженер боларсың!

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ