Ана деген – өмірдегі ұлы есім

Мамыр айының екінші жексенбісінде елімізде жүрекке жылу сыйлайтын мейрамдардың бірі – Аналар күні атап өтіледі. Бұл күн ананың әр адамның өміріндегі, оны тәрбиелеудегі, отбасылық құндылықтарды нығайтудағы және қоғамды қалыптастырудағы айрықша маңызын көрсететін ерекше мереке. Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана — ұлы адам, қасиетті жан. Тіпті айта берсең сөз жетпейді. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Құдайдан кейінгі құдірет иесі — Ана. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз. 

Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке.

Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде атап өтіледі. Бірқатар басқа елдер бұл мерекені бөлек күндерде атап өтеді. Аналар күнін мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қазіргі қазақстандық қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге ықпал ете отырып, оң әлеуметтік әсер күтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл–ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен. Ананы қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым міндеті. Әлеуметтік Кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген, оның ішінде бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.

Еңбек заңнамасында жұмыс істейтін аналардың құқықтары мен міндеттері реттелген. Жұмысқа қабылдау кезінде кепілдіктер беру және жүкті әйелдер мен балалары бар әйелдерді жұмыстан шығаруға тыйым салу, үш жасқа дейінгі балалары бар аналарға жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беру көзделген.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың икемді нысандары қарастырылған, бұл қызметкерге жеке және отбасылық қажеттіліктермен және міндеттермен жұмыс істеу міндеттерін біріктіруге, балалары бар әйелдерді жұмысқа кеңінен тартуға мүмкіндік береді (толық емес жұмыс уақыты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу, қашықтықтан жұмыс істеу және т. б.).

Бұдан басқа, еліміздің әрбір елді мекенінде балалар мен жастарды тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту проблемаларын шешу үшін еліміздің әйелдерін біріктіретін Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі жұмыс істейді. Барша аналарға зор денсаулық, амандық пен бақыт тілейміз. Балалар әрдайым өз жетістіктерімен қуанта берсін, әр шаңырақта береке орнасын.

Аналарымызға шексіз махаббаттары мен бізге деген сенімдері үшін алғыс айтамыз.

Әділет Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ