Өзі жақсыға бір кісілік орын бар

7bet_f16Ертеректе қала қақпасының алдында немересімен бірге отырған ақсақалға жол-жөнекей бір жолаушы келіп жөн сұрапты.
— Ата, бұл қала тұрғындарының ниеті қандай? – депті. Сонда ақсақал:
— Өз жөніңді айт, қайдан келесің? Кімсің? – дейді.
— Мен өте қайырымды, адамгершілігі мол қала тұрғындарын іздеп келемін. Мен тұрған қалада адамдардың ниеті қара, қызғаншақ, адамгершілік қасиеттен жұрдай, сол үшін ақыры сыймадым, — деп жауап қатыпты жолаушы.
Мұндай сөздерге ақсақал бірден:
— Бұл қаланың тұрғындарының қасиеті, ниеті сенің қалаңның тұрғындарынан асып түспесе, кем түспейді, — депті.
Мұны естіген жолаушы: «Иә, қазір ниеті түзу қала табу қиын», — деп әрі қарай кете беріпті. Артынша ақсақалға тағы бір жолаушы амандық сұрасып:
— Уа, ақсақал, бұл қала тұрғындарының ниеті қандай? – деп сұрапты.
— Алдымен өз жөніңді айт, жолаушым, — депті ақсақал.
— Мен қайырымды қаланың тұрғыны едім. Маған деген мейірімдері, ең бастысы адам баласының ең асыл көркі – адамгершілігі өте мол. Енді өзге қайырымды, мейірімді қала тұрғындарымен бірге тұрып, соларға қаламнан бойыма сіңірген шуағымды шашсам деп едім.
Сол кезде ақсақал:
— Балам, адаспай іздеп келген жерің осы, — деген сөзін естіген жолаушы, қуана-қуана қала қақпасына кіріп, көпшілік арасына сіңіп кетіпті.
Атасының мына әңгімесін естіп-көріп отырған немересі:
— Ата, мен сізді түсінбедім. Екі жолаушы келді жөн сұрап, бірақ сіз екеуіне де екі түрлі жауап қаттыңыз, мұның себебі не? – депті.
— Балам, адамгершілігі мол адамға әрқашанда бір кісілік орын табылады. Жақсының сөзі шамдай жарық, айдай анық болады. Жаманды жақсы ететін де, жақсыны жаман ететін де сол – адам. Жақсылық жасаймын деген адам үшін, барлық орта өгей емес. Ең бастысы – бойында адамгершілік қасиеті болса болғаны, — депті.
Дайындаған: Данилия ҚЫПШАҚБАЕВА.
Түркия Республикасы, Стамбұл қаласы.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ