Серікбол ХАСАН

1987 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Балаларға арналған «Көбелек», «Әкесінің қызы», «Күшті бала» кітаптары жарық көрген. Қазіргі уақытта республикалық «Мұнара» газетінің бас редакторы.

 

Пияз

Турағанда қолға алып,
Көзіңнен жас парлайды.
Пияз жесең, болғаны,
Бойыңда дерт қалмайды.

Қызылша

Қызылшаның ағы бар,
Қызыл түрі тағы бар.
Қан көбейтсе, қызылы,
Ағынан қант алынар.

Қияр

Көмегі оның орасан,
Ауырмайсың мүлде.
Сау болуды қаласаң,
Қияр жеп жүр күнде.

Қырыққабат

Жапырақтан жасалған,
Доп секілді түрі.
Қырыққабат қашаннан,
Пайдалы астың бірі.

Картоп

Картоп деген асқа,
Құмар кәрі, жас та.
Тоқ жүремін десең,
Картоп жеуден қашпа.

Асқабақ

Баурап алар дәмі,
Шипа тіпті дәні.
Асқабақта толы,
Дәруменнің бәрі.

Бұрыш

Ащы ма деп күлесің,
Тістеп көрсең, білесің.
Тәбетіңді ашады,
Тұмау одан қашады.

Сәбіз

Сүйікті асы көжектің,
Жиі келер ойына.
Сәбіз жеген бөбектің,
Тез өседі бойы да.

Қызанақ

Ала бергің келеді,
Дертке дауа себебі.
Қызыл, сары қызанақ,
Бойға қуат береді.

Жүгері

Собығы ұзын сары,
Сыртында жүз дәні.
Нәрлі тағам жүгері,
Барлығы оны біледі.

Саңырауқұлақ

Қалпағы бар басында,
Жаңбыр жауса, қаптайды.
Саңырауқұлақты расында,
Барлық адам мақтайды.

Баклажан

Пішіні оның ірі,
Түсі жылтыр күлгін.
Көкөністің бірі,
Баклажан деп білгін.

Шалғам

Біреулерге арман,
Шипалы ас – шалғам.
Бір қызығы көп бала,
Шалғам жеуден қалған.

Кәді

Сопақ жұмыр кәді,
Ұнатады бәрі.
Асқабақтың туысы,
Кәдіні де таны.

Бұршақ

Аты оның – бұршақ,
Тізілген көп моншақ.
Жасыл үйде тұрады,
Күзде сыртқа шығады.

Үрмебұршақ

Баурап алар сені де,
Бұршақ өзі бұл әйгі.
Үрмебұршақ көбіне,
Үлкендерге ұнайды.

Асжапырақ

Пайдасы көп мұның да,
Жеуге де өзі жарап тұр.
Асжапырақ шынында,
Дәмді етеді тамақты.

Аскөк

Емес аскөк жай шөп,
Минералға бай шөп.
Жесең, ішің қатпайды,
Семіруден сақтайды.

Ақжелкен

Аскөктің ол сыңары,
Дертке қарсы тұрады.
Тазалайды ішіңді,
Көбейтеді күшіңді.

Сарымсақ

Сарымсақ – ол дәрі,
Удай ащы дәмі.
Ауырсаң, же сен де,
Жазыласың демде.

ПІКІР ЖАЗУ