Жылдар жаңғырығы (Желтоқсан оқиғасы туралы естелік)

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер,
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел.
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер.

Мұхтар Шаханов

Мен отырған көлік Республика алаңының бойымен жүйткіп келеді. Біздің жастық шағымыздың жалынды жаңғырығындай осы бір алаңды көргенде бойымды екұдай сезім билейді. Бірі – кешегі азаттықты аңсап, жүрегі алып ұшқан жастардың Желтоқсан көтерілісіне қатысуы, олардың арпалыс пен азапқа толы сан қилы тағдыры еске түсіп жүректі қанжылатады. Екіншісі – сол көтеріліс алаңы бүгін Тәуелсіздіктің, азаттықтың алаңына айналғаны, бейбіт қаланың белортасында туымыздың желбіреп тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Көлік терезесінен алаңға көз тастадым. Жадыма неше түрлі естеліктер оралды. Себебі, 1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күндері Л.И.Брежнев атындағы алаңда болған шеруге мен де қатысқан едім. Әлі есімде. Ол күні ауа-райы да әдеттен тыс суық, бет қаритын аяз болып еді. Біз Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде, 4-курста оқып жүрген болатынбыз. Ол күні бір сұмдықтың боларынан бейхабар студенттер «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәні бойынша Немат Келімбетов ағайдың дәрісін тыңдап отырдық. Кенет, даладан ұрандаған дауыстар естілді. «Жүрегі қазақ деп соғатындар, сыртқа шығыңдар!», «Қазаққа жаны ашитын қайсың барсыңдар?», «Қане, шығыңдар!» Бұл сабақта ешкім тырп етпей, тыныш отыратын. Әлгі дауыстар үдей түсті. Студенттер тыпырши бастады. Сол сәт терезеге тарс етіп тас тиді. «Біздің елімізді-жерімізді басқа ұлт басқарайын деп жатыр. Қонаевты биліктен алып тастады, намыстарың болса шығыңдар!». Сырттағы болып жатқан жағдайдың себебін анықтау үшін ағай дәрісті дереу тоқтатып, залдан шығып кетті. Сол сәтті пайдаланып біз де сыртқа ұмтылдық. Деканаттағы ағай-апайлар есік аузында тосып, бізге тосқауыл болып тұр екен, үлкен есіктен сыртқа шыға алмадық. Соған қарамастан, терезелерден секіріп, бәріміз далаға шығып үлгердік.
Көшеде бір топ қазақ жастары жиналып алаңға қарай бара жатыр екен. Біз де қатарға қосылып Киров көшесінің бойымен Абай даңғылына қарай ағылдық. Жүрегімізді әлдебір рухты сезім кернеп тұр. «Қазақ елін басқа ұлтқа билетіп қоймаймыз!» деп тістеніп алғанбыз. Жанымыздағы жастар жүректегі сөздерін плакаттарға жазып алыпты. «Қазақ елі жасасын!», «Қазақты қазақ басқарсын» деген жалынды сөздер, лозунгтарды көтеріп келеді. Бәріміз бірге «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін» деп әндетіп келеміз. Әншейінде, алыс көрінетін Брежнев алаңына қалай тез жеткенімізді білмей де қалдық.
Алаңда бізден басқа да белсенділер бар екен. Бәрінің талабы біреу. Г.В. Колбинді басшы етіп сайлауға қарсымыз. Осынша жауқазын жастың басын қосқан – бодандықтан босап, Тәуелсіз ел болсақ деген ниет. 16 желтоқсан күні алаңда бейбіт қана шеру өтті. Жастар өздерінің талап-тілектерін айтып жатты. Бұл жиынды ушықтырып алудан қауіптенген билік беделді тұлғаларды сөйлетіп, бізді қайтармақ болды. Алаңда болған белгілі адамдардың арасынан Роза Бағланова апамызды өз көзіммен көрдім. Ол: «Жастар, босқа даурықпаңдар. Бір әділ шешім шығады деп сенейік. Сабыр сақтап, үйлеріңе қайтыңдар. Босқа жаурамаңдар. Мен сендерді қолдаймын. Бұл түйін де шешілетін шығар» деп басу айтты. Нұртай Сабильянов сынды белсенділер де қолдарына микрофон алып, басшының ауысуына түбегейлі қарсы екенін жеткізіп жатты.
16 желтоқсан күнгі митингіден тарап, 17 желтоқсан күні таңертең алаңға қайта жиналдық. Ол кезде жасымыз жиырмадан енді асқан, жақсылықтан үмітті жап-жас қыздар едік. Қасымда Ақжан, Роза, Анар, Күлімхан, Ақжамал және марқұм Света деген бір курстың қыздары бар. Бұл күні жастар қарасы көп болды. Соны сезгендей Москвадан келген солдаттар, қарулы жасақ, өрт сөндіретін машиналар, үйретілген иттер ұстаған әскерилер жастарға жаппай қысым көрсетті. Ұрандаған жастарды ұл-қыз деп бөлмей, бәріне күш көрсетіп жатты. Қаракөз қарындастарының соққыға жығылып жатқанын көрген қазақтың жігіттері шыдамай әскерилермен төбелесе бастады. Алаңды босату үшін өрт сөндіретін машиналар жиналғандарға суық су шашты. Солдаттар арасында бір қазақ жігіт бар екен, бізге сол келіп ескерту жасады. «Айналып кетейін, қыздар. Қазір арнайы жасақ жастарды тұтқындап, итпен қуып, көліктерге тиеп алып кетеді. Тез-тез қашыңдар!» Қайда қашсақ та алдымыздан әскерилер шығады. Қайда бұрылсақ та полицейлер жолымызды кеседі. Қашуға талпынғандарды ұстап алып, қолынан сүйреп, шашынан тартып аямай қорлық көрсетіп бақты. Сонда да алдымыздан шыққан адамды итеріп, жұлқынып жүріп, қысыл-таяң шақта жол тауып, бір топ қыз қашып шықтық. Аяғымызда өкшесі биік етіктер. Сақылдаған сары аяз тұла бойды тоңдырып барады. Қар бетіне төгілген судан жол үсті көктайғақ. Артымызға бұрылсақ біздің соңымызға бір топ орыс полициясы түсіп алыпты. Аяғымыздағы етіктерді шешіп тастап қашуға тура келді.
Қазақфильм жақта таныс қыздардың пәтері бар еді. Сол жаққа барып бас сауғалауды жөн көріп, қаша бердік. Салқын өңменімізден өтіп барады. Арттағы қуғыншы да ізімізден қалар емес. Сасқанымыздан біреудің ауласына кіріп, көмірханасына тығылып отырып алдық. Үсті басымыз қара күйе. Сол сәт үйдің иесі шығып бізге қарай келді. Бет-әлпеті орысқа ұқсайтын болған соң, бізді ұстап берер ме екен деп қауіптендік. Сөйтсек, ол украин ұлтының азаматы екен. «Қыздар, ит жетектеген адамдар жүр. Бұл жерде тұрмаңдар» деп бізді үйіне кіргізді. Өкпеміз алқынып, жүрегіміз дүрсілдеп сол бейтаныс адамның үйіне кіріп жылындық. Абыр-сабыр басылған соң қыздардың пәтеріне барып қондық.
Бойдағы үрейімізді жеңіп 18-желтоқсан күні алаңға қайта шығуға бел будық. Себебі, әлі әділ шешім орнаған жоқ. «Біз көппіз, бізге ештеңе істей алмайды» деген ұранға еріп алаңға келдік. Бұл күні нағыз ұрып-соғу, қантөгіс болды. Қазақ қыздарын қорғауға ұмтылған жігіттер аяусыз соққы жеді. Сол жолы тепкінің астында өзім де қалдым. Орыс солдатының ауыр етігінің іздері денемде әлі күнге дейін бар. Қолдарына күрек ұстаған жазалаушы топ жастарды қанжоса етіп ұрып, ұсталғандарын көлікке тоғытып жатты. Сол арпалыстың арасында біз де қолға түсіп, тұтқындалған едік. Бізді белгісіз бір ғимараттың жертөлесіне әкеп қамап тастады. Сөйлеуге, қашуға әрекет жасағандарды қолында дубинкасы бар солдаттар күзетіп тұрды. Жас адам қашан да жігерлі болмай ма?! Бір қазақ жігіті келіп темір есікті ашты да «Қашыңдар!» деп белгі берді. Осы сұмдықтың ортасында жүріп жасықтықты, қорқуды ұмытқанымыз сонша қараңғы жертөледен де жанталасып қашып шықтық. Үлгермегендер сол қапаста қалып, кейіннен қудалауға ұшырады.
Қазір көрген түстей бұлдыр көрінгенімен, ол жылдары ешкімге аяушылық болған жоқ. Жаңа жылдан кейін оқу қайта жалғасып, алаңда болған жастарға қатаң сөгіс берілді. Қудалады, оқудан шығарды. Сол күні соққы алғандардың денсаулықтары кейіннен сыр берді. Тұтқынға алынғандардың есімдері қара тізімге енді. Біз сияқты қашып шыққандардың өзін институтымыз жиналыстарға салып, ата-анамызды шақырып қатаң ескертулер жасалды.


Республика алаңынан өтіп бара жатып желтоқсанның сол бір салқын күндері көз алдымнан өте шықты. Сол күні айтылған ұрандар, жылаған, шыңғырған қыздардың дауысы, ауыр-ауыр соққылардың үні құлағыма жанды сыздатар жаңғырық болып қайта естілді. Республика алаңынан өткен сайын «Азаттық үшін қаза тапқан барша бауырларымыздың жаны жанатта болсын! Ел басына ешқашан қиын күн тумасын. Жастарымыз тек Тәуелсіздіктің ұранын шырқай берсін!» деп тілеймін.

 

Аблаева Айша Дулатқызы,
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
174 мектеп-гимназияның
қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ