Жиырма жеті бұлақтың көзін ашқан бәйге

Желтоқсанның жиырмасыншы жұлдызында «Мөлдір бұлақ» журналы жылдағы дәстүр бойынша «Мен оқыған керемет кітап» атты республикалық шығармашылық бәйгенің марапаттау рәсімін өткізді. Марапаттау салтанаты Алматы шаһарындағы Қазақстан Жазушылары кітапханасында ұйымдастырылды. Жас өрендер Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Алматы облыстарынан арнайы келіп, марапаттау шарасына белсенді қатысты.
Аталмыш байқаудың шарты бойынша қатысушылар кітаптың орасан пайдасы, адамды қалыптастырудағы ерекше рөлі жайлы жаза келіп өздеріңе айрықшы әсер еткен, көңілдері қалаған әдеби кітаптарға тоқталып, сол кітаптардың адами қасиеттерді дамытудағы үлесі туралы ойларың толғап эссе мен қара өлең жазған. Қара сөз бен жыр-өлеңге дес бермейтін балалар аталмыш жарыста қатар озып, топ жарды. Бұл бәйге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балғындардың басын қосты. Алыстан ат терлетіп келген қатысушылар қанжығаларын майлап қайтты. Бас жүлдені Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы №10 мектептің 2-сынып оқушысы Әлия Қынжалова қоржындады. Жүздеген шығармалар арасынан үздік боп танылып, жеңімпаз атанған Әлия еліміздің батыс өңіріндегі шығармашыл жастардың көшін жалғады.
Байқаудың әділ төрелігін шығарған қазылар қатарында «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділғазы Жақсылықұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директорының маркетинг және жарнама ісі жөніндегі орынбасары Жанбақыт Борантаев болды. Олар шығармашыл балаларға ақ жол тілеп, байқаудағы жетістіктерімен құттықтады. Осылайша әділқазы мүшелері балғындарды жүлделі орындармен марапаттап қана қоймай, бағалы сыйлықтар да табыстады. Бас жүлдені қанжығалаған Әлияның қолына бас директорымыз, ел ардақтысы Сәуле Мешітбайқызы диплом мен ұялы телефон ұстатты.
Жалпы байқауға жиырма жеті балғын қатысты. Бұл бәйге осы жиырма жеті бұлақтың көзін ашты. Олардың ішінде бес бүлдіршін 1-орынға, тоғызы 2-орынға, сегізі 3-орынға ие болды. Байқауда Жамбыл облысының төрт ауданы: Меркі, Мойынқұм, Қордай, Шу аудандары белсенділік танытты. Аталмыш аудан мектептерінен «Мөлдір бұлақ» білімі мен біліктілігімен көзге түскен жас тілшілерді қатарына қосты. Сонымен қатар Алматы облысының Талғар мен Іле аудандары да шығармашылық қабілеттерімен ерекшеленді. Ал Алматы шаһары бойынша №167, №154, №153, №152, №198, №36, №182, №92 мектеп оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Барлық орындар дипломмен марапатталды, сондай-ақ «Мөлдір бұлақ» оқушыларды қымбат сыйлықтардан да кенде қалдырмады. Бірінші орынға шаңсорғыштар, екінші орынға термофлот шәйнектер, үшінші орынға қымбат үтіктер сыйға тартылды. Бұған қоса Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ынталандыру сыйлықтарын алған балаларға тефаль табыс етілді. Және барлық 27 қатысушыға башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхамедовтен аударған Саят Қамшыгердің «Ертегісіз өткен балалық» атты кітабы табыс етілді. Бұл – бүгінде көп сұранысқа ие кітап. Оны оқу арқылы баланың сана-сезімі өзгереді, яғни ата-ананы сыйлауға, құрметтеуге, достыққа адал болуға, бауырларына қамқор болуға үйренеді. Кітаптың алғашқы беті-ақ адамды өзіне баурап алады. Кейіпкерлермен бірге жылап, бірге қайғырады. Өмірдің соқпағына шыдай білуге талпынады, бұл кітап оқыған баланың өміріне әсер етпей қоймайды, балғын бойына мейірімділік шуағын төгеді, әсіресе ата-ананың қадірін түсінуге баулиды. Осындай тәрбиелік мәні зор кітап өз оқырмандарына табыс етіліп, көпшілік бір қуанып қалды.
Марапаттау салтанаты марапат табыстаумен шектелген жоқ, патша көңілді көрерменге әсерлі кеш сыйлады. Дауысы жез қоңыраудай сыңғырлаған әнші Асланбек Ылым заманауи әндерді орындаса, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның 3-курс студенті Диас Мұратхан патриоттық сезімге толы Бекболат Тілеухановтың «Елім менің» әнін шырқады, «Мөлдір бұлақ» журналының менеджері Қанат Есжанов қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қуандық Рахымның «Мен қазақпын!» әнін гитараға салып орындады. Ал жас күйші Әділет Қабиденұлы домбырада күмбірлетіп күй ойнаса, сөз патшасын серік еткендер жыр шумақтарын төгілтті. Байқау жеңімпаздарының арасында да өз өнерін ортаға салғандар болды. Олар өздерін таныстырып, кейін мәнерлеп оқудан да шебер екендіктерін танытты. Талғар ауданынан келген жас тілшіміз Назым Әкімхан бұлбұл дауысты әнші Мөлдір Әуелбекованың «Өсиет» әнін құйқылжыта салғанда отырған көрермен таң-тамаша қалысты.
Басылымымыз ұйымдастырған «Мен оқыған керемет кітап» атты шығармашылық байқауының жеңімпаздарына бағыт-бағдар беріп, жетекшілік еткен ұстаздар Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ата-аналар қауымына да алғыс хат берілді. Ата-анаға алғыс айту – біздің бір міндетіміз. Себебі әке мен ана – балалардың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Бауыр еті балаларын түрлі байқауларға апарып, оларға қолдау көрсетіп жүрген ата-ананың еңбегі қашан да алғысқа лайық емес пе?!
Оқушыларын бәйгеге қатыстырып, шығармашылығын шыңдап жүрген тәлімгерлері мен ата-аналары сахна төріне шығып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Дәстүрге сай үрдісті жалғаған бәйге көрермен қауымның көңілінен шыққандығы ата-аналар мен ұстаздардың сөздерінен-ақ білініп тұрды.
Байқаудың жеңімпаздары мадақталған соң жас тілші атанған оқушыларға «тілші куәлігі» табыс етілді. Журналистикаға қадам жасаған жандардың қатарында Шу ауданының Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектебінің білім алушылары Әсема Дүйсенбек, Ризат Секербек, Аружан Құдайберген, Жиенбет мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Рақыш, Алматы қаласының №154 мектебінің 10-сынып оқуышысы Ұлан Жаныбек, Талғар ауданынан Анель Нарымбаева, Көркемай Бахытқызы, Назым Әкімхан, Түрксіб ауданынан Нұрғиса Ақерке бар. Куәлік табыстау арқылы «Мөлдір бұлақ» шығармашыл балалардың қаламы ұштала берулеріне тілектесіп, болашақ ақын-жазушыларға жол ашты.
Осылайша «Мөлдір бұлақ» бәйгесі дәстүрді жалғаған «Мен оқыған керемет кітап» атты шығармашылық байқауының қорытындысын шығарды. Басылымымыздың бұл жолғы байқауды асыл қазынамыз кітаппен байланыстыруы да тегін емес. Бүгінде қоғамда «әдеби кітап, газет-журнал оқитын бала аз, баланың санасын темір телефон жаулаған, ғаламтордың шырмауында қалған» деген түсінік қалыптасқан. Бұл түсінік – дұрыс емес! Баланың санасын ұялы телефон жаулап, ғаламтор шырмап жатқанына қарап отырмай, балғындарды кітап, басылым түрлерін оқуға баулуымыз қажет. Біз осы қағиданы берік ұстанамыз. Мектеп оқушыларымен кездесулерде де кітап оқу арқылы рухани азық алатынымызды әркез сөзге тиек етіп жүреміз. Осы орайда драматург Уильям Шекспирдің «кітап маған тақтан да қымбат» деген сөзі ойға оралады. Яғни біз ішкі жан дүниемізді кітаппен, біліммен азықтандырамыз, кітап оқу арқылы рухани байимыз. Кітап – адамның досы, серігі әрі сырласы. Қазақтың бас ақыны дана Абай:
«Артық ғылым кітапта,
Ерінбе оқып көруге», – деп жырлағандай, кітап адамның көкжиегің кеңейтеді. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық. Дәл осындай халықтың көзі, һәм құлағы болып табылатын газет-журнал оқуға да ұмтылдыру – міндетіміз. Жыл сайын өткізілетін бәйге де газет-журнал оқуға шақырады! Басылымымызға жазылған оқушыларға арнап түрлі байқаулар өткізіп, жеңімпазға сыйлықтар беретін болсақ, жас оқырманның қызығары сөзсіз. Мыңның ішінен бір бала біздің журналымыздан өзіне керек дүние алса, оның өзі біздегі еңбектің ақталғаны.
Газет болсын, журнал болсын, олар – ертеңгі тарих. Әр кітапханада, мұрағатта қазақтың тарихы қатталып жатқан басылымдар тізіліп тұр. Олар өшпейді. Оны бір ғасырдан кейін де оқырман тауып, ізденіп, оқи алады. Ал сеніп жүрген ғаламторымыз барлық мәліметті ұзақ уақыт сақтай алмайды, бір күні оның да сақтау қабілеті жоғалады. Сол кезде қазақтың басынан кешкен оқиғаларын қайдан білеміз? Әрине, мұрағатта сақталатын газет-журналдардан оқимыз, сол арқылы хабардар боламыз. Сол себепті халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген, бүлдіршіндерге берері мол «Мөлдір бұлақ» пен бауыры «Qazaqstan dauiri» газетінің ғұмыры мың жылдық болғай!

Ақнар Қазезова

ПІКІР ЖАЗУ