Жаз – кітап оқитын уақыт

Балалар жазғы демалысқа шығып, демалу үстінде. Бірақ, демалыстың бәрі ойын, қыдыру, ұйқыны қандыру емес. Ол отбасымен саяхаттап, өз еркіңіздегі ең керемет сүйікті іспен айналысу. Тек ұмытпау керек бір нәрсе бар, ол – кітап. Себебі жаз айлары балалар үшін білім мен қызығушылықтарына жол ашатын мүмкіндік. Осы орайда біз Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы балаларға жазда оқуға арналған қызықты және танымдық кітаптар тізімін ұсынбақпыз.
Бердібек Соқпақбаев  «Менің атым Қожа»
Повесте кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен қызықты оқиғалары баяндалады. Ол қанша бұзық болса да, жақсы адам болуға талпынады. Қожа өзінің бұзықтық жасайтынын əкесіз өскендігінен деп ойлайды. Ол өзінің мінезін, тəртібін өзгертуге тырысады.
Ыбырай Алтынсарин «Таза бұлақ»
Бұл жинаққа Ы.Алтынсариннің тағылымды əңгімелері мен ғибратты ертегілері топтастырылған. Оның шығармалары балаларды талапты, еңбекқор, төзімді, білімді, батыл болуға үндейді, адамгершілік пен ар-намысты биік қоюға шақырады.
Нұрдəулет Ақыш «Нағыз əже қайда?»
Жинаққа автордың балаларға арналған прозалық шығармалары енген. Повесть пен əңгімелерде жасөспірімдер өміріндегі түрлі оқиғалар мен шиеленісті жағдайлар баяндалады. Шығарма тілі қарапайым, балаларға түсінікті.
Шəкен Күмісбайұлы «Бабамдай болғым келеді…»
Кітап бір хикаят, балаларға арналған көптеген əңгімелерден, ертегілерден тұрады. Уақыттың өзгерісіне сай хикаят пен əңгімелердің тақырыбы да əр алуан. Шығарма жас өскіннің Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, бала психологиясын уақытқа сай қалыптастыру, тəрбиелеуді мақсат етіп, жақсылыққа, адамгершілікке баулиды.
Марат Қабанбай «Арыстан, мен, виолончель жəне қасапхана»
Автордың бұл кітабы «Арыстан, мен, виолончель жəне қасапхана», «Туған жердің төрт мезгілі» атты повестерінің басын құрайды. Жазушы əрбір шығармасының шырай-шұрымын өмірдің өз өзегінен ала отырып, қарапайым да қалжың ойлы тіл əспетімен оқырман жүрегіне кеңінен жеткізе біледі.
Несіпбек Айтұлы «Саяхатшы шыбын»
Ақын Несіпбек Айтұлы балаларға арналған таңдаулы шығармаларының орысша аудармасы қоса берілген. Қазақ тілінен орысшаға аударған – Сергей Рыбаков. Ақынның əр тақырыпты қамтыған, балалар əлемін балдай тілмен тамсандыра жырлаған өлеңдері мен аңыз-ертегілері жеткіншектерді туған ел мен туған жерді сүюге, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырып, мейірімді, қайырымды болуға баулиды.
Сельма Лагерлеф «Нильстің таңғажайып саяхаты» Құпия мен сиқырға, шытырманға толы ертегі-хикаят. Бұл ертегінің басты кейіпкері – екіліктен көз ашпайтын, əлсіз гномды мазақ еткені үшін өзі де гномға айналған тентек Нильс. Ол жабайы қаздармен бірге анасының сүйікті қызы Мартиннің мойнына жармасқан күйде Лапландияға ұшып кетеді. Бұл таңғажайып саяхаттан мейірімді, əрқашан достарын қорғауға дайын ержүрек Нильс боп оралады. Бұл ертегі-хикаят кішкентай оқырмандарды достықты бағалауға, адамгершілікке тəрбиелеп қана қоймай, Швецияның тарихымен жəне көрікті жерлерімен таныстырады.
Сара Гүрбүз Өзерен «Бір микробтың күнделігінен»
Кітаптың «кейіпкері» – туберкулез ауруын қоздыратын микроб. Ол белсенді жəне ақылды, айлакер əрі шыдамды. Аман қалу жəне өз империясын құру үшін ол баланың денесіне кіріп, ыңғайлы уақытты күтеді. Микроб адам ағзасымен саяхаттап жүріп, өсіп келе жатқан баланың ішкі дене мүшелері туралы егжей-тегжейлі жəне қызықты ақпараттар «айтып береді»
Руал Даһл «Чарли жəне шоколад фабрикасы»
Мистер Уилли Уоңқа – ерекше дəмді шоколад жасайтын кондитер. Ал Чарли Бакет – Ержүрек кейіпкер. Бұл кітапта Чарлиден өзге төрт бала бар. Олар алтын билет ұтып алып, Уилли Уоңқаның шоколад фабрикасына келеді. Фабрикада таңғажайып оқиғаларға тап болады.
Дженнифер Мур-Маллинос «Сабырлы бол, балақай»
Балада теріс эмоция шешілмейтін мəселеге жауап ретінде көрініс табады. Бұл кітаптың көмегімен балаға эмоцияны жеңудің қарапайым тəсілдерін үйретуге болады. Өзін-өзі бақылау дағдылары барлығына қажет жəне оларды баланың бойына неғұрлым ертерек сіңірген жөн

Болатбекова Күміс,
Абай атындағы Қарағанды облыстық
балалар кітапханасының кітапханашысы

ПІКІР ЖАЗУ