«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ерекшелігі қандай?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы іске қосылды. Жоба үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деп атап өткен болатын.

 

Ресми ақпаратқа сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 2023-2025 жылдары 2 606 596 055 мың теңге бөлу көзделген. Оның ішінде 646 535 206 мың теңге Ұлттық қордан, 1 960 060 849 мың теңге республикалық бюджет есебінен бөлінеді. Жоспар бойынша 2023 жылы – 499 999 715 мың теңге, 2024 жылы – 1 038 388 534 мың теңге, 2025 жылы – 1 068 207 806 мың теңге аражат жаңа мектептер салып, оларды технологиялық жарақтандырудан бөлек, пайдалануға берілгеннен кейін оларды күтіп ұстауға да жұмсалмақ. Жоба аясында бой көтеретін мектептердің ең шағыны 300 балаға арналса, ең үлкені 2500 оқушыны қамтиды деп жоспарланған. Сонымен қатар жоба аясында 100 мың уақытша жұмыс орны мен 145 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Соңғы жылдары елімізде халық санының өсуіне байланысты оқушылар саны да арттты. Соған сәйкес республика бойынша қазіргі таңда 270 мың орынға мектеп тапшылығы бар. Яғни қалаларға 167 мың орынға мектеп керек болса, ауылдық елді мекендерде 96 мың орынға мектеп жетіспейді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионға өсіп, бүгінде еліміз мектептерінде 3,7 миллион оқушы білім алып жатыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш болғанымен, білім инфраструктурасында белгілі деңгейде мәселелер туындап отыр. Сондай-ақ урбанизация, ішкі-көш-қон, ірі қалаларда тығыз шоғырлану мәселелері де мектеп тапшылығын арттырып отырған негізгі себептердің бірінен саналады. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы арқылы мектеп тапшылығы проблемасын шешудің маңызы зор.
Алайда жайлы мектеп қандай болуы қажет? деген заңды сұрақ туындайды. Мамандардың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда да, қалада да – барлық елді мекендерде бірдей стандарт бойынша мектептер салу көзделген. Атап айтар болсақ, жайлы мектеп стандартына қойылатын талаптар:

1. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спортзалдары болады.
2. Балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады.
3. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылады.
4. Мектеп заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, еңбекке баулуға бағытталған жұмыстарға қолайлы орта жасалады.
5. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады.
6. Спортзал мәселесі. Осыған дейін мектепте көбінесе бір спортзал қарастырылған. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал болады.
7. Жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мектептің сәулет-жоспарлауы жайлы, жағымды, әр оқушыға және мұғалімге лайықталып әзірленеді.

Құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады», — дейді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Ал 2025 жылға дейін жаңадан салынған мектептерді сапалы мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де қазірден бастап жоспарлы түрде қарастырылып жатыр. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, мектеп басшылығы қандай болуы керек, ұжымды басқару, мектеп директорының рөлі қандай болуы керек деген сұрақтармен қатар, оқушыларға жаңа қолайлы жағдайларға, заман сұранысына сәйкес қалай сапалы білімге қол жеткізу мәселелері де талқыланып, зерттеліп жатыр. Заманауи мектеп директорын дайындау бағытында менеджмент және көшбасшылық бағыттар бойынша және мұғалімдерді өз пәндері бойынша, оқытудың белсенді әдістеріне сәйкес арнайы курстарда білімін жетілдіру мәселелері қарастырылуда. Жоспарға сәйкес жайлы мектеп аясында ашылған мектептерге Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық академия тарапынан жүйелі әдістемелік қолдау жасалып, оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау арқылы білім сапасын өлшеу және арттыру жұмыстары да қолға алынбақ.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ