Зеректік
Үш жолаушы келе жатса, алдынан бір адам қарсы шығып:
— Беймезгіл жүрген түйе көздеріңе түспеді ме? – деп сұрайды.
Жолаушының біреуі:
— Түйенің оң көзі соқыр ма еді? – дейді.
Жоқшы:
— Ие, — деп басын изеді.
Екінші жолаушы:
— Түйенің сол жақ артқы аяғы ақсақ па еді? – деп сұрады.
— Дұрыс! Сол жақ артқы аяғының сылтыңы бар еді, — дейді.
Сонан соң үшінші жолаушы:
— Түйенің құйрығы шолақ па еді? – деп сұрайды.
Жоқшы:
— Ие, құйрығы шолақ, — деп асығып жауап береді де: — Ол түйені қайдан көрдіңдер? – деп сұрай бастайды.
Жолаушылар:
— Көргеніміз жоқ, — дейді.
— Көрмесеңіздер, түйемнің белгісін қайдан білесіңдер? Түйемді сендер ұрладыңдар! – деп жоқшы жабыса кетеді.
Жолаушылар:
— Ау, жаным, денің сау ма? Түйені ұрламақ түгіл, көргеніміз де жоқ, — дейді.
Жоқшы бұл жауапқа қанағаттанбайды. Төртеуі бір биге келіп жүгінеді. Би сұрастыра келе:
— Ұрламасаңдар, көрмесеңдер, ол түйенің бейне-белгісін, көрген кісідей анықтап, байқап қайдан білдіңдер? – дейді.
Жолаушылар:
— Біз ұры емеспіз, мал баққан, малмен көзімізді ашқан шаруалардың балаларымыз, сондықтан білдік, — деп жауап береді.
— Қалай білдіңдер? – деп, би қайта сұрады. Жолаушылар:
— Түйенің оң көзі соқыр ма еді? – дегеніміз: түйе бара жатып, ылғи жолдың сол жағындағы шөпті жепті, оң жағындағы шөпті жемепті. Аяғының ақсағын білгеніміз: тұрған жерінде артқы сол аяғын көтеріп тұрыпты. Түйенің құйрығы шолақ екенін білгеніміз: құмалақ тастағанда, алысқа жіберіпті.
Шолақ түйенің құмалағы алысқа түседі, құйрықты түйе құмалағын алысқа тастай алмайды, — депті.