«X-Factor» жобасының жеңімпазы
Мирас Ерболов – «X-Factor» ұлттық музыкалық жобасының 9-шы маусымының жеңімпазы. Прага қаласында өткен «Diamonds voice» дәстүрлі халықаралық байқауының жүлдегері. Мирас Ерболов жарқ етіп сахнаға шыққаннан бастап өнерімен тәнті етіп, халық жүрегінен ерекше орын алды. Біздің бүгінгі әңгімеміз «Х Фактор» жобасы мен Мирас Ерболовтың жеке шығармашылығына арналады.
– Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Шақыртуымды қабыл алып, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет!
– Шақыртуыңызға рақмет! Мен сұхбат үшін үнемі ашықпын.
– Өзіңіз туралы қысқаша айтып бере аласыз ба?
– Есімім Мирас, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылынының тумасы боламын. Жоғары білімім бар, мамандығым – дене шынықтыру және спорт.
– Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Менің белгілі бір өмірлік ұстанымым жоқ, дегенмен, барлығын адамгершілік тұрғысынан, жақсы жағынан жасауға тырысамын. Табандылқта ұстаным болатын шығар. Ешқашан мойымаймын, берілмеймін.
– Әншіліктен бөлек немен айналысасыз? Хоббиіңіз қандай?
– Бала кезімнен спортқа жақынмын. Ағама еріп, еркін күреске қатысқаным бар. 7-сыныптан бастап, әлі күнге дейін волейболмен шұғылданамын. Осылайша, мектеп бітірген соң дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боламын деп шештім.
– Сіз мектептегі концерттерде өнер көрсеттіңіз бе?
– Әрине, бала күннен бері өнер көрсетіп келемін. Мен 4 жасымнан бастап сахнада келе жатырмын. Мектептегі концерттерде үнемі ән шырқап келемін. Бірақ, ешқашан вокалмен кәсіби түрде айналысқан емеспін.
– Бала кезіңізде кумиріңіз кім болды?
– Бала кезімде Қайрат Түнтеков, Сәкен Майғазиевті қатты үлгі тұтатынмын. Олардың жанкүйері болдым. Мектепте оқыған кезде менде тіпті Қайрат Түнтековтың, Сәкен Майғазиевтің және “МузАрт“ тобының күнделіктері де болған. Сәкен ағаны “МузАрт” тобының белді мүшесі ретінде танимын, менің әлі күнге дейін үлгі тұтатын тұлғаларымның бірі.
– «Х-фактор» жобасына қатысуға не түрткі болды?
– Шыны керек, негізі мен, Норвегияда өтетін халықаралық байқауға қатысуым керек болған. Бірақ, байқаудың жол шығынын өзің көтереді екенсің. Не де болса да, қатысамын деп, алған беттен қайтпай, демеушілерді іздеуге кірістім. Сол аралықта виза алу үшін Алматыға келдім. Ол кезде қалада «Х-фактор» жобасының іріктеу кезеңі өтіп жатты. Оны да көрейін дедім. Мәди Сыздықовтың репертуарындағы «Сағындым» әнін айтып, қазылардың сынынан өттім. Ақша табылмағандықтан, Норвегияға бара алмадым. Бірақ, «Әр істің қайыры бар» демекші, егер шетелге кетсем, бәлкім осындай жетістікке жетпес едім. Байқаудың екінші кезеңі басталды. Жоба шартына сәйкес,15 адамның тек бесеуі келесі кезеңге өтеді екен. Сол бестіктің қатарына мен өтпей қалыппын. Заттарымды жинастырып, ауылға қайтып кеттім.
– Жоба кастингіне келгенде кіммен келдіңіз?
– Жобаға жалғыз келген болатынмын. Арқамда сөмкем бар, поездан түсе салып, жобаға келдім.
– Халықтың қолдауымен шақырылып, жобаға қайтадан оралғанда қандай әсерде болдыңыз?
– Түсім секілді болды… Сол түс жобаны жеңген кезде бірақ аяқталды.
– Сахнаға шыққанда қобалжу болды ма?
– Әлбетте, сахнаға шығарда қобалжу болады. Бірінші кезеңде қолымды көтере де алмадым. Дауысым жақсы шықса да, іштей қатты қобалжу болды. Бірақ, әр кезең сайын қобалжу біртіндеп сейіліп тұратынын байқадым.
– Сіз эфирге қалай дайындалдыңыз?
– Гранд-финалға шыққан соң дайындықты күшейтіп, тынбай еңбектендім. Осы уақыт ішінде өзімнің қаншалықты дами түскенімді, қалай өзгергенімді сездім. Әншілік қабілетім оянып, өзіме деген сенімділік артты. Бұл ретте, тәлімгерім Нұрберген Махамбетовке ерекше алғыс айтқым келеді. Жалпы «Х-Фактор» жобасы әртісті дайындауда көптеген жұмыс жасайды. Бұл жерде әрине, сенің талантың және жасап жатқан жұмысың үлкен рөл атқарады.
– «X-Factor» жобасынан ең жақсы естелігі қандай?
– Көптеген достар таптым, адам ретінде де, әртіст ретінде де өстім.
– Жеңімпаз боламын деп күттіңіз бе?
– Іштей бір үміт болды, бірақ күткен жоқпын. Жеңсем де, жеңбесем де дамуымды тоқтатпаймын деп ойладым. Өзіме уәде бердім. Жобада жеңімпаз атанғанымды естігенімде қуанышымда шек болған жоқ. Мүлде сене алмай, сол жерде не айтқанымды да ұмытып қалдым.
– Жоба сізге не берді?
– Жоба маған жаңа таныстар берді, жоба өнерге жолымды ашып берді.
– Болашаққа қандай жоспарыңыз ба?
– 2023 жылы 3 ән жаздым, енді 2024 жылы көбірек ән жазуға тырысамын. Осымен тоқтамай өзімді тағы көрсеткім келеді.
– Жақында «Күлкің әдемі» өлеңі шыққан еді. «Күлкің әдемі» өлеңін біреуге арнадыңыз ба? Кімге?
– Әрине, менің 3 әнім де бір адамға арналған. Кімге екені құпия болып қалсын.
– Жастарға қандай кеңес бересіз?
– Адамды жетістікке жетелейтін – ниет пен еңбек. Ең әуелі осы екеуі керек. Сол үшін жастарға бойыңда талантың болса, ештеңеден қорықпай, амал қылу керектігін айтқым келеді.
– Сұхбатты 3 сөзбен қалай аяқтар едіңіз?
– Өте, Күшті, Болды!
– Сізге сәттілік болсын! Сұхбат бергеніңізге рақмет. Шығармашылық табыс, еңбегіңізге жеміс тілеймін! Жаңалықтарыңызбен қуанта беріңіз!
Әңгімелескен – Кумарова Мейірім,
Астана қаласы, №57 орта мектептің 11 сынып оқушысы