«Ұлы Дала сазы» – ұлттық рухани жаңғыру негізі

Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында «Ұлы Дала сазы» атты этнофестивалі ұйымдастырылды. «Бәйтерек» монументі аумағында қазақтың ата дәстүрі, әдет-ғұрыпы, өмір сүру салты, ұлттық болмыс-бітімін әспеттеу үшін киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Бес күн бойы күй күмбірлеп, жыр-терме, дәстүрлі әуен әуелеп, астана аспанын әнге бөледі. Этно-фольклорлық және дәстүрлі әншілері 50 елден діндер съезіне арнайы келген делегаттардың құлақ құрышын қандыра өлең-жырдан шашу шашты.

Төрт ірі секторға бөлінген этноауылда «Темірден түйін түйіп», кестемен өрнек салған ұлттық қолөнер шеберлері дайындаған ұлттық зергерлік бұйымдар көрмеге қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. «Шеберлер ауылы» деп аталған шағын қалашықта қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінде күнделікті қолданған ыдыс түрлері мен сырмақ-текемет, бас киімдердің, күміс әшекейлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал аңшының киіз үйінде халықтың ұлттық кәсібінің, еңбек ету жоралғыларының түрлері ұсынылады. Қонақтарға қыран құс ұстап, құмай тазы жүгірткен аңшылық дәстүрдің өнер деңгейіне дейін көтерілген эстетикалық көркемдігін түсіндіріп, тағыны қолға үйретудегі ептілік пен тапқырлық тұрғысында шеберлік сабақтары көрсетілді.


«Шеберлер» ауылында оңтүстіктен келген қолөнер шебері Жұпар Бейсенованың әкелген қолөнер бұйымдары көз тартып, қызықтырған соң, шебер қызды әңгімеге тарттық. – Астанада өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында өтетін көрме-жәрмеңкеге қол өнер бұйымдарын апаруымыз керек. Сонымен қатар «Бәйтерек» монументінің 25 жылдық мерейтойына барасыз» деген шақырумен келдім. Шымкент қаласында тұрамын. Түркістан қаласындағы «Балалар қол өнер мектебінде» жұмыс істеймін. Көрме-жәрмеңкеге өзімнің, балалардың жасаған қол өнер бұйымдарын алып келдік. Халықтың қызығушылығы өте жоғары екен. Балаларға арналған шәркей жақсы сатылды, -дейді Жұпар Бейсенова. Әңгіме барсында Жұпар Бейсенованың көп жылдардан бері бабаларды қолөнер бұйымдарын жасауға баулып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз екенін білдік. Өзі де еңбекқор, «Он саусағынан өнер тамған шебер», «Қазақстан суретшілер одағының», «Қолөнер шеберлері одағының», «Еуразиялық дизайнерлер одағының» мүшесі, «Сапа» белгісінің иегері. – Біздің қолөнер мектебімізге 5 сыныптан бастап оқушылар келе бастайды. 10-15 балаға өздерінің қызығушылығы мен бейіміне қарай қолөнер түрлерін үйретеміз. Өзім тоқыма бөлімінде жұмыс істеймін. Киіз басумен айналысамын, Киізден түрлі әшекей бұйымдарын, шәркей сияқты күнделікті киюге арналған аяқ киімдер, басқа да көптеген ұлттық бұйымдар жасаймыз. Балалардың қолөнерге деген ынтасы өте жоғары. Жылдан жылға балалардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы артып келеді. Өте талантты, бір айтқаннан ұғып алатын, икемді оқушылар көп. Істеріне өте тиянақты, — деп ойын жалғады Жұпар Бейсенова. Оның айтуынша, өз шәкірттерінің арасында республикалық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шебер оқушылар көп. – Түркістандағы балалар қолөнер мектебінің негізгі мақсаты қандай? Балаларға өнер үйрету арқылы, заттарын сатып, бәйгеге қосып, шабыттандырып отырады екенсіздер. Басқа тағы қандай артықшылықтары бар, — деп сұрағанымызда, – Жұпар Бейсенова: – Қолөнер адамға өте қажет. Әсіресе кез келген қыз бала, әйел адам ине ұстап, іс тіге білуі керек. «Өнерді үйрен де жирен» дейді емес пе. Сондықтан кез келген қазақ қызы өнерлі болуы керек деп ойлаймын. Оқушыларымыз байқауларға қатысу арқылы өздерінің шеберліктерін шыңдап, өздері қатарлы оқушылардың қолөнер бұйымдарын жасауға деген қызығушылықтарының оянуына әсер етеді деп ойлаймын. Асылзат деген шәкіртім Кентау қаласында өткен көрмеде бас жүлдені иеленді,-деп жауап берді.


Оқырмандарымыз мектеп оқушылары, студенттер болғандықтан, Түркістандағы «Балалар қолөнер мектебі жөнінде біле түскіміз келіп, әрі оқырмандарымыз да біле жүрсін деген ниетпен, – Бұған дейін қанша шәкірт тәрбиеледіңіздер. Қанша жылдан бері жұмыс істеп келесіздер деп сұрадым, – Өзім бұған дейін институт бітіргеннен кейін Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы «Көркем сурет» колледжі – қазіргі «Дизайн және өнер» колледжінде жұмыс істедім. 2015 жылы Түркістанда ашылған қазіргі қолөнер мектебіне шақырды. Мамандығым бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келемін. Қазір өзіміз тәрбиелеген шәкірттеріміз ұлттық қолөнердің әр түрлі салаларында қал-қадірінше еңбек етіп жүр. Ұлттық қолөнер дегеніміз халқымыздың ұлттық рухани жадының жаңғыруына, этномәдениетіміздің дамуына орасан зор үлес қосу деп білемін. Қазір этностиль заманауи атрибуттармен үйлесіп, жаңаша реңкке ие болып жатыр. Гүлденіп, жаңаша дамып, түрленіп келеді. Сонымен қатар ұлттық өнер өскелең ұрпақтың ұлттық жадындағы рухани сабақтастықтың жібін жалғайтын нәзік иірімдерге бай құбылыс деп айтуға болады, -деді Жұпар Бейсенова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи этникалық музыка жанрындағы «Ұлы Дала сазы» атты этнофестивалі еліміздің ұлттық рухани жаңғыруына әсер етіп, халықтың ұлттық жадының жаңғыруына септігін тигізеді. Сонымен қатар, фестиваль мақсаты – туристерді, съезге қатысушыларды Ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыруды, ұлттық өнердің «мәйегінен сусындатуды» көздейді.
Жоғарыда айтқанымыздай этноауылда орналасқан ірі төрт сектордың бірі — «Археология, тарих, этнография» секторы. Мұнда Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен жеткізілген жәдігерлер, танымал зергер Берік Әлібайдың музей-үйіндегі қолөнер үлгілері қойылған. – Біз музейде сақтаулы қазақ халқының көне, бүгінгі таңда қолданыстан шығып қалған халық аспаптарын және әйгілі тұлғалардың домбыраларының көшірмелерін әкелдік. Соның ішінде Махамбет Өтемісұлының, күй атасы – Құрманғазының, Ақан серінің, Дина Нұрпейісованың, ұлы Абай мен Жамбылдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, тағы басқа да әйгілі күйші-композиторлардың, ақын-жыраулардың домбыралары бар. Бұл домбыралар құнды, бағалы болғандықтан әрі-бері тасымалдау қиынға түседі, оларды музейден шығармауға тырысамыз. Бірақ халықты тұлғаларымыздың домбыраларының үлгісімен таныстыру мақсатында көшірмелерін жеткіздік, — деді Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғылым бөлімінің жетекшісі Жансая Қожахан.
«Ұлы Дала сазы» этнофестивалінің көрігін қыздырған көрме-жәрмеңкеге 27 жылдан астам уақыт бойы қолөнермен айналысып келе жатқан шебер, Ақмола облысы Қосшы қаласының тұрғыны Асхат Бозымбай да өзінің жасаған бұйымдарын әкелген екен. – Көбіне тері бұйымдарын жасаймын. Соның ішінде ат әбзелдерін, қазақтың ежелгі қару-жарақтарын жасап, қамшы өремін. Ата-бабамыздан мұра болып қалған өнерді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Ұлттық бағыттағы көрмелерге шақыртуды көп аламын. Осында да шақырғаннан кейін халыққа өнерімізді паш етіп, шеберлік сабақтарын өткізіп жатырмыз. Қамшының қадір-қасиеті бар. Ол қалай өріледі, оны қалай ілу керек – соның әрқайсының өз әдебі бар,- деді қолөнер шебері Асхат Бозымбай. Этноауылда Қарағанды облысының Шахтинск қаласынан келген ағаш шебері, Ермек Кәрімұлы, астаналықтарға аты әйгілі саятшылық өнерді кәсіп еткен Күнтуған Тоқтыбайұлының баласы Серікбек Күнтуғанұлы, Ақмола облысының Шортанды ауданынан сүйекті қолөнер бұйымына айналдыра білген Бектас Кәрімұлы сынды көптеген қолөнер шеберлері республиканың түпкір-түпкірінен келіп, халықтың ризашылығына бөленді.
Иә, аты айтып тұрғандай «Ұлы Дала сазы» этномәдени фестивалі халқымыздың ұлттық рухани жаңғыруында өзіндік үлесі бар бөлек жоба. Қазақтың рухани асыл қазынасының «коржынында» жатқан ежелгі көне жәдігерлерді, көненің көзі саналатын ұлттық жадымызды түртпектеп ояту үшін атқарылып жатқан салмақты жұмыс екенін айтуымыз керек. «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда алдымен осы тектес жобалардың салмағы болуы керек. Қазіргі балалар көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсесіне сенеді. Кітаптан оқып, сахнадан көру бір басқа да этноауылда алтыбақан теуіп, асық атып, асыр сап ойнау бір басқа. Сондықтан жас ұрпақ бойына ұлттымыздың ұлы салт-санасын сіңіру үшін тек сахнаға телміртіп, ертегі тыңдатып қана қоймай, эноауылдарда еркін жүріп-тұруды ұйымдастырудың маңызы зор.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ