Тұмағаңды еске алсақ…
Бір өлеңінде туған жері —«Қазатком» ауылын Меккеге, Рим мен Мәскеуге теңеген ақын ағамыз Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ көзі тірі болса, 20 наурыз күні 78 жасқа толар еді… Десек те, ақынды сол күні тек отбасы ғана емес, тай-құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастары, жолдастары дастарханда бас қосты. Ағаның әруағына арнап Құран бағыштап, естеліктер айтылды. Тұмағамыздың адамгершілігі, ақкөңіл, достыққа берік және бала кезден бірге өскен дос-тарын ешқашан ұмытпайтындығы бүгінгі ұл-қыздарымызға өнеге болсын деген ниетпен сыныптастарын сөзге тарттық.
САПАЕВ Едіге Баялбайұлы, «Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы»:
— 1948 жылы 8-сыныптан бастап Тұманбаймен бірге оқыдым. 1951 жылы мектепті бітіріп, ҚазМҰУ-не сол жылы бірге түстік. Бір бөлмеде тұрдық. Егіз қозыдай қатар жүрдік.63 жыл жұбымыз жазылмады десем артық айтқандығым емес. Отбасын құрдық. 48 жыл ұстаздық еттім.Мен —10 баланың, Тұмаш 5 ұл-қыздың әкелері болдық.
Мен оның әр өлеңін жатқа білемін. 21 том өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Алғашқы өлеңдер жинағы «Студенттік дәптерден» бастап соңғы «Арман адастырмайды» жинағында жарияланған өлеңдерін толықтай оқыдым. Бір маған 110-нан астам өлең арнады. Тұманбай Молдағалиевтың « Жан досым» деген өлеңі маған арналып жазылған. Оған композитор Сейдолла Бәйтереков ән жазды. Жанымызды өлеңімен жадырататын. Қандай да бір басқосу болса, жолдастарын қалдырмайтын. Арада хабарласпай қалсақ, өзі телефон шалып тұратын.Тұмаштың шығармашылығы жайлы айтқанда, балаларды өлеңімен өз елін, туған жерін сүюге үйретті. Өлеңдерінде патриоттық тақырыпты ту етті.
ӘБЕНОВ Нығметжан, қарт журналист:
— Мен Тұмаштан төменгі сыныпта оқыдым. Мектепте көркемсөз оқудан алдына жан салмайтын. 8- сыныпта оқып жүргенде облыстық байқау ұйымдастырылды. Тұманбай жыр алыбы Жамбыл бабамыздың өлеңдерін оқудан Бас бәйгеге ие болып, сыйлық алды. Мені поэзия әлеміне жетелеген Жамбыл-Жәкемнің жырлары дейтін.
Бүгінде тарихи тұлғаға айналған жазушылармен бірге жүрді. Соның бірі — Сәбит Мұқанов – Сәбең еді. Ақындық — Аллатағаланың берген нәсібі. Оған да еңбектенбесең, ізденбесең шығармашылығың дамымайды. Тұмаш еңбекқорлығы мен ерінбейтін қасиетімен үлкен құрметке — Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Жоғарыда еңбекқорлығы туралы айттым ғой. Оның еңбек сүйгіштігін тек поэзияда ғана емес, бағбаншылығын да баса айтуға болады. Саяжайында алдыңғы буын ағалардың жеміс ағаштары бар. Алмұрт ағашын Хамаң — ақын Хамит Ерғалиев,алма ағашын Зекең — Зейнолла Қабдоловтікі деп, соларды күтіп-баптаудан жалықпайтын.
Бір досымыздың ауруханаға түсіп қалғанын білген ол жұмысын жинап қойып, бірінші болып халін сұрауға баратын. Және «Қандай көмек қажет» деп бәйек болып тұратын.
БАСТАУБАЕВ Қалтан, еңбек ардагері, ұстаз:
— Біз бір ауылда өстік. Зерек, алғыр болатын. Сабақты жақсы оқыды. Мектепте үздік. Қазір бізден Тұмаш жайында бала кездегі естеліктерімізді сұрайды. Оның қолынан қалам, қағаз түспейтін. Біз доп қуып жүргенде, өзіне жайлы орын тауып алып, жазу жазуға кірісетін.
Асы жайлауында шопандардың тойы өтті. Оған біз де бардық. Той өтіп жатқанда, өгізге мініп көкпар тартқанымыз бар. Ауылға келгенде, бірден ауыл ақсақалдарымен сәлемдесіп шығатын. Одан еш ерінбейтін. Жасы үлкен адаммен жарысып, сөйлемейтін. Біз сөйлей бастасақ, «Маған анам айтқан…» деп, анасының өсиетін алға тартатын. Есік қаласындағы Молотов атындағы қазақ мектебінде оқып жүргенде, Қазаткомға жиі барып тұратынбыз. Ауыл ақсақалы демекші, қазір менің де жасым сексенде ғой. Кісі есімдерін есімде сақтай алмай қаламын. Ауылға келгенде, ақсақалдардың бірі бізден тарихтан сұрақтарды жаудыратын. Сол себепті, келесі келгенде атаның емтиханынан өте алмай, жерге қарамайық деп, тарихты терең оқитынбыз.
ОМАРБАҚИЕВ Шаудын, қарт ұстаз:
— Бір сыныпта 16 бала оқып, бітірдік. Сол жылы 5 бала ҚазМҰУ-дың студенті атандық. Тұмаш, Едіге, Ауғанбай — филология, Дәкен Нұрғалина — экономика, мен физика-математика факультетін тәмамдадық. Тұмаштың ұйымдастырушылығы да мықты еді. Мектеп бітіргенімізге 50 жылдықты атап өттік. Сыныптастар мен ұстаздарымызды Тұманбай жан-жақтан жинады.
Алпыс үш жыл бойы мені де жанынан қалдырмайды. Абай атамыз айтқандай, Тұмаш «Артына өлмейтұғын сөз» қалдырып кетті.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Балаларыма
Тату болыңдар, балапандарым, тату жүріңдер,
Тіршілік деген мықтының атын мініңдер.
Қандарың туыс сендердің, жандарың туыс,
Біріңнің үйіне екіншің батыл кіріңдер.
Тату жүріңдер, күндерім, көбелектерім,
Бірге көріңдер өмірдің келер көктемін.
Келер жазын да барлығың бірге көріңдер,
Біріңе бақыт әкелсін, бірің еккенің.
Біріңді-бірің қараңды көріп өсіңдер,
Біріңе-бірің қол ұшын беріп өсіңдер.
Барлықтыңдағы бақытын бәрің бір көріп,
Тарлықтыңдағы тарысын теріп өсіңдер.
Біріңе-бірің серік боп сеніп өсіңдер,
Ауырлықтарды бірлесіп, жеңіп өсіңдер.
Балаға деген ананың көңіліндей боп,
Қуаныштарды бір көріп кеңіп өсіңдер.
Біріңді-бірің сүйіңдер, дос деп ұғыңдар,
Аттардың басын шындыққа ғана бұрыңдар.
Біріңді бірің хан көріп қадірлеңдер де,
Біріңді–бірің шақырған тойға бұрын бар.
Біріңді-бірің іздеңдер, таппай қоймаңдар,
Сағынып кездескен күнді бақтай тойлаңдар.
Ертеңгі күннің қамын бірге жеп өсіп,
Жақсылық жайын бәрің де жаппай ойлаңдар.
Бір сәтте өтер сынаққа бір ай дайындал,
Біріңді-бірің көргенде шырайланыңдар.
Еңбекпен келер бақытты бақыт деп ұғып,
Басқаның бәрін жина да былай қойыңдар.
Ж.Кучукова,
Суреттерді түсірген: С. Өміртай.