Тұлға қалай қалыптасады?

Қоғамда тұлға боп қалыптасуда тәрбиенің рөлі зор екенін білеміз. Алаш арыстарының тұлға боп танылуында да үлкен тәрбиенің жатқанын көреміз. Шәкәрім Құдайбердіұлы әкеден ерте жетім қалса да, тәрбиеден кенде қалған емес. Атасы Құнанбай мен ағасы Абайдың қамқорлығы мен тәрбиесі оның алып тұлға боп қалыптасуына өз септігін тигізген.
Шәкәрімнің ұлы Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде әкесінің Абайдан қандай тәрбие алса, балаларын да сонымен тәрбиелегенін баяндап былай дейді: «Әкей, Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін.
Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдық арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істемесеңдер, ырза емеспін, – дейтін.
Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан. Бұлардан басқа да: қайтсе адам адамшылық атқарады? Жазушы, ақын қандай болуы керек? Шын адам кім? Жаман нәрселер нелер? Адамның қай мүшесі қандай қызмет атқарады, қай мүшең артық? Адамшылық міндетін немен атқарады? Елге қалай еңбек ету керек? Осыларды өзі шешіп, көп-көп ақыл айтып ұқтыратын. Осыларды жазыңдар деп тақырып беріп отыратын. Осы ақыл-кеңесінің арқасында мені мен Қабыш деген баласы: «Ақын», «Өлең айт!», «Жүрек», «Адам кім?», «Жаман не?» деген сияқты тақырыпта өлең жазып, айтқан әңгімесін, ертегісін қисса етіп жазып көреміз деп талпынатын болдық.
Қабыш деген баласының қабілеті артық еді. Ол ағай өлеңді қолма-қол айтып, ойын дөп түсіретін, 33 жасында қайтыс болды.
Біз де әкей сияқты ән шығарамыз деп те талаптандық, шығардық та, осының бәрі әкей тәрбиесінің нәтижесі. Біз әкейдің тәрбиесінің арқасында боқтық, арамдық дегенді білмедік. Кісі түгілі айуанды да боқтап көрген емеспіз. Малшыларды не оның балаларын бөтен санағанымыз жоқ. Олармен бірге жатып, бірге ойнадық. Олардың үлкендерінің аттарын атамайтынбыз. «Ата», «апа» дейтінбіз. Олар бізді жанындай жақсы көретін».
Міне, тұлға болу үшін керекті өмірлік принциптер осылар болса керек.
@safmedia.kz

ПІКІР ЖАЗУ