Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді

Қазақстан Республикасының халқының саны 20 миллион адамға жетті. Сүйінші хабарды жеткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: — Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, — деп жазды.
Төл теңгеміздің 30 жылдық мерейлі мерекесімен жарыса жеткен қуанышты Астана халқы ерекше мақтанышпен қабылдады десек артық айтпаймыз. Еліміздің 20 миллионыншы тұрғынының құрметіне елорда жастарының ұйымдастыруымен флешмоб өтті. Елорда жастары 20 саны түрінде сап түзеп, Қазақстанның туын желбіретті. Іс-шараға барлығы 200 ерікті қатысты. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КМК» КММ жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі: – Халқымыздың саны 20 миллион адамға жетті! Бұл бірлігіміз бен жан-жақтылығымызды көрсететін елеулі жетістік. Ел дамуының жаңа кезеңі бізге ынтымағымыз бен өзара қолдауымызды ерекше атап өтуге бірегей мүмкіндік береді», — деді.
Белгілі болғандай, 20 миллионыншы бес сәби еліміздің бес аймағында бір уақытта жарық дүние есігін ашқан. Ұлттық статистика бюросы «Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар» — деген ақжолтай хабар таратты.
Статистикалық дерекке сәйкес, Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құраса, тәуелсіздік жылдарында халқымыз 22,3% өсіпті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өскен. «Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін болды», — дейді мамандар.
Елімізде тәуелсіздік жылдары бала туу бойынша рекордтық көрсеткіш 2021 жылы жаңарды. Бұған дейін 1987 жылы ең көп бала дүние есігін ашқан екен. Сол жылы 417 мың нәресте дүниеге келіпті. 2020 жылы республикада 426 824 бала туса, 2021 жылы 446 491 нәресте дүниеге келген екен.
Ел халқының 20 миллионға толған қуанышына орай сәбилерге түрлі сый-сияпаттар жасап, мырзалық танытқан атымтай жомарттар да көп. Мәселен, «Отбасы банк» баспасөз қызметі: «Сіздерді осы айтулы күнмен құттықтаймыз! Бүгінгі күн жай ғана күн емес, тарихи оқиға, өйткені Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны бар. Бұл оқиға әрқайсымызға үлкен мақтаныш сезімін ұялатады! «Отбасы Банкі» АҚ 2 миллион теңгенің тұрғын үй сертификатын сый ретінде табыстап жатқанын қуанышпен хабарлаймыз. Бұл сертификат болашақта сіздің жеке баспанаңызды алуға маңызды үлес қосады деп сенеміз», — деп жазылған құттықтау хатын жариялады.
Баланы бауыр етіне балаған қазақ халқы «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» деп, елдің ертеңгі иесі ұрпағын мақтан тұтып, патшадай құрметтеген. Қазақта «Беске дейін балаңды әкеңдей сыйла, он жасқа дейін құлыңдай жұмса, он сегіз жасқа дейін досыңдай сырлас» деген тәмсіл бар. Халқымыздың бала тәрбиесіндегі философиялық тұжырымдары туралы өте көп айтуға болады.
Осы орайда оқырмандарымызға мына бір ғибратты әңгімені ұсынғымыз келеді. ««Баяғыда бір патша сол елдің бір данышпанына «баламды өзіңнің тәрбиеңе берсем» — деп келеді екен. Әлгі данышпан: «Балаңның туғанына қанша болды?» — деп сұрайды. Патша: «Екі айға енді толды», — деп жауап береді. Сол кезде данагөй қарт: «Балаңның тәрбиесін енді ойлай келсең, онда кеш қалдың», — дейді. Мұнысына түсінбеген патша: «Сіз не айтып тұрсыз? Ана сүтінен аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?» — деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», — деген екен. Иә қазақ «Бала тәрбиесі құрсақтан басталады» деп бекер айтпайды. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін сөзінің түпкі мәніне үңілер болсақ, Ihsan.kz сайты… ««Бесікті» әркім әрқалай түсінеді. Көбісі бұл бесікті бала жататын ағаш бесік деп ұғады. Оны да дұрыс деп есептеуге болатын шығар. Бірақ, мұндағы бесікті біз баланың ана бойына біткендегі жататын жатырды алсақ, сол дұрысырақ бола ма деп ойлаймыз. Яғни, баланың алғашқы бесігі – ананың аялы құрсағы.
Ендеше Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені, тәрбиенің көзі құрсақ көтеруші анадан басталуы тиіс дегені шығар. Сонда ғана жоғарыда айтқан ғибратты әңгіменің хикметі шешіледі» деп жақсы тәпсірлеген екен.
Ендеше қазақ дүниетанымындағы отбасылық институт, отбасылық құндылық сынды ерекшеліктерімізді сақтай білудің маңызы орасан зор. Шүкір, халқымыздың саны артып, керегеміз кеңейіп жатыр. Немересін тізесіне алып отырып келелі әңгіме айтатын қарияларымыз бен «қызына қырық үйден тыйым» дейтін әжелеріміздің де қатары сиремей, еліміз көркейе бергей.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ