Тірегіміз — тіліміз
Бүгін Алматы қаласы, М.Әуезов ауданына қарасты 72-мектепте Қазақстанның тілдер күніне байланысты «Мөлдір бұлақ» журналымен кездесу кеші өтті. Сариева Гүлзира Молдабайқызы басқаратын орта мектепте 483 оқушы бар, оларға 52 ұстаз қызмет етеді. Бүгінгі жоғары сынып оқушылары және ұстаздар қауымымен бірге өткен басқосу Ана тілімізді ардақтап, өзге тілдерге құрмет негізінде мән-мағынасымен есте қаларлықтай өтті.
Қызметте көшбасшы, іс тажрибесі мол, ортасына белгілі болған Мектеп басшысы Гүлзира Сариева жиналысты бастап берді, соңына дейін отырып реті келгенде кітап оқудың, газет-журналға жазылудың пайдасы туралы өз өмірімен бірлестіре сөйлеп, әкеден көрген өнегесін, санаға сиятын, көңілге қонатын ғибратты әңгімесін айтып берді. Орманбекова Жанар Амантайқызының жүргізуінде өткен кешке орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің ұстаздары толық қатынасып, тәрбиелі шәкірттері өнерлерін ортаға салып, білімдерін байқатты. Өлең оқылды, ән айтылды.
Қазақ тілі мұғалімдері Н.Дүсіпова, А.Шынарбекова, А.Мұханова, Ж.Боранбаева, А.Әбдікерім ұстаздардың шәкіртері өнерлерін паш етті. Г.Балмұханбетова, Ш.Қазатаева, Г.Абдуллаева, С.Закирова, А.Байтасова мұғалімдер кештің ойдағыдай өтуіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, кітапханашы Ф.Нұркешова апайдың дайындығы кешке мазмұн қоса түсті.
Жүргізуші арнайы шақырылған қонақ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлын көпке таныстырған соң, сөз берді. Оқушылар сұрақтар қойды, лайықты жауабын алды. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, өмір бойы тілдің амандығы мен орнығуына барын салған, Әліппенің атасы, тілдің бар заңдылықтарын зерттеп жүйелеп кеткен, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы әңгіме айтылып, үлкен құрметпен еске алды. Ғалымның туған күні 5-қыркүйектің Қазақстанның тіл мерекесі болып белгіленуі де көптің көкейінен шыққан дана шешім еді.
Тіл біздің ұлттық сипатымыз, анық ен-таңбамыз. Тілде салт-дәстүріміз, мінез-құлқымыз, ұлттық құндылығымыз, діни таным, парасат пайымымыз бар. Тілде ар-ождан, ерлік-намысымыз сақталып жатыр. Тіліміз тірі болған да ғана, ұлт ретінде өмір сүре аламыз. Тіл мемлекеттігіміздің алтын діңгегі. Міне, осылайынша сырласып, еркін сұқбат жалғасты. «Мөлдір бұлаққа» жазылуды да ұмытпай, журнал туралы насихат та жиналыспен жымдасып жатты. Алда баспасөзге жазылу науқаны басталады. Біздің өтінішімізді қолдаған Гүлзира Молдабайқызы ұстаздар мен оқушыларға «Мөлдір бұлақ» туралы тоқталып, жазылу мен оқудың маңыздылығын естеріне салды. «Адамның көркі шүберек, ағаштың көркі жапырақ» болса, «жанның көркі жақсы кітап». Оқудың соңына түскен оқырманда опық жоқ. Бағалы байлық баспасөзден басталады. Ыбырай Алтынсарин айтқан «Таза бұлақ» – бүгінгі «Мөлдір бұлақ» болып сылдырап ағып жатыр. Онымен шөл басқан бала, жанқұмарын қандырады.
Айдана Байтұрсын