Теңге тәуелсіздік тірегі

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдық мерейтойы мен Қаржыгерлер күніне орай Астанада салтанатты
жиын өтті.

 

Жиынға қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов, елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов және қаржы жүйесінің қызметкерлері қатысты. Салтанатты кеш шымылдығын ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Глотов: – Қымбатты қаржыгерлер! Астана қаласы әкімінің атынан сіздерді Ұлттық валюта күнімен және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Валютамыз, Ту, Елтаңба, Әнұран – Қазақстан тәуелсіздігінің, экономикамыздың тұрақтылығы мен табысының символы болып саналады. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Бюджеттік қаржыны тиімді басқару – қаламызды және елімізді дамытудың негізгі құралы. Келешекте де қаржы саласы өркендеп, елімізге экономикалық табыстар әкеле берсін! Отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Мереке құтты болсын! — деді
Жиында бір топ қаржы саласының қызметкері Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – қала бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы Ғалымжан Тапеев. – Бүгін Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған Ұлттық валютамыз – теңгенің 30 жыл толуына орай және қаржыгерлердің, яғни біздің кәсіби мерекемізге арналған салтанатты жиын көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Жұмыстарына толағай табыстар тілеймін!, -деді Ғалымжан Серікбайұлы.
Мерекелік іс-шара барысында әнші Дастан Оразбеков, Маржан Арапбаева, Зарина Омарова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова, Ұлықпан Жолдасов өнер көрсетті.

Тарихы
Естеріңізде болса, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Ал 1997 жылдан бері тұңғыш Президент Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні ретінде тойланып келеді. Теңге тарихына тоқталар болсақ, кеңес үкіметі ыдырап, құрамындағы мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, егемен елдің берік символы саналатын шекара, Ту, Елтаңба, Әнұран, Қаржы секілді мәселелер өте өзекті, әрі ең маңызды міндет. Сондықтан мемлекетіміз дербес ел болудың қамын ерте қолға алды. Төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы басталып кетті. Қысқа мерзімде, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілері, алғашқы дизайны бекітілді. Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең танытуымен ерекшеленді. Халқымыздың алғаш «бөркін аспанға атып, жүрек жара қуана жүріп» қолына алған ең алғашқы қазақ теңгесінде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар бейнеленді. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған ақшалар көпшіліктің көз қуанышына айналды. Теңге дизайнерлерінің бірі Прага сәулет институтының түлегі, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Х. Ғабжәлелов БАҚ-тарға берген сұқбаттарында: «Ақшада айтулы азаматтар бейнесін берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қосымша күрделі бедер-бейнелер банкноттарды қолдан жасаудан қорғайды, екіншіден тарихи тұлғаларымыздың суреттері біздің жас мемлекетіміздің өз тарихы мен болмысын танытады және қазақ ақшасын әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтап тұрады» деп, қазақтың төл теңгесінің безендірілуі туралы түсіндіреді. Тағы бір қызығы сол кезде металл тиындарды шығаруға мүмкіндік болмағандықтан, тиындар жедел қағаз түрінде шығарылып, 1 жылдан соң олар металл тиындарға ауыстырылған екен. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталар түрінде шығарыла бастады.

Алғаш қайда басылды?
Теңге қалай «дүниеге келгенін» сараптап, тарихи шегініс жасайтын болсақ, 1992 жылы 28 тамызда қазақ валютасын жасаған суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер теңгені басып шығару үшін Англияға аттанғаны туралы және тағы басқа да тарихи қызықты деректерге жолығамыз. Алғашқы теңге партиясы 1993 жылы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Сол кездегі Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 рет қатынаған екен. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген дейді, көзкөргендер.
– Теңгесіз біздің экономика басқарылмайды. Сондықтан экономикадағы ең басқару құрал, тірі құрал ол – теңге. Теңгеде мемлекеттік саясат, экономикалық саясат, ұлттық саясат жатыр. Біз төл валютамыздан ешқашан айырылмауымыз керек. Ұлттық банк ақша-несие саясатымен айналысып, алтын-резерв қорын жинақтасын. Екінші деңгейлі банктердің жұмысын қадағалап, экономиканы қаржылындыру керек. Мемлекеттік активтерді, алтынды халықтың табысымен байланыстыра жұмыс істеуі қажет, -дейді Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалым Байназар (дереккөз: aikyn.kz) Ұлттық банк тұғыш валютамыздың 1 теңгесінің құнын сол кездегі 1000 рубльге бағалаған екен. Ал үлгідегі рубльді Қазақстанның төл валютасына айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталды және үш күн бойы рубль мен теңге параллелді жұмыс істеді. 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық валюта – теңге Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде, айналымнан 950,6 млрд рубль алынып, оның орнын төл теңгеміз басты. Теңгенің ең алғашқы Ұлттық банк бекіткен бағамы бір долларға 4,69 теңге болыпты.

Өз теңгемізді өзіміз өндіреміз
Төл теңгеміздің алғашқы банкноты Британияның «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шығарылғанын білдік. Алайда оның шығыны өте көп, әрі тасымалдау құны бар, қымбатқа түсетіні белгілі.
1995 жылдың мамыр айында Қазақстанның тұңғыш банкнот фабрикасы ашылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технологияның арқасында теңгені өз елімізде шығруға мүмкіндік туды. Арада үш жыл өткенде, 1998 жылы Монета сарайы ашылды. 2006 жылы ұлттық валютамыздың дизайны жаңартылып, теңге арқылы еліміздің тарихи және қазіргі заманғы көрікті жерлерін насихаттау тұжырымдамасы негізге алынды. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Монета сарайы 999,9 сынамалы күміс және алтыннан жасалған инвестициялық монеталарды шығарады. Мәселен, салмағы 31,2 грамм болатын 1 теңгелік KUMIS BARYS монетасын 12 469 теңгеге, ал салмағы 331 грамдық 10 теңгелік KUMIS BARY монетасын 1147 910 теңгеге сатып алуға болады. Салмағы 3,11 грамдық 10 теңгелік ALTYN BARYS монетасының құны 103 667 теңге, салмағы 155,5 грамдық 500 теңгелік ALTYN BARYS монетасының құны 4 728 933 теңгеге бағаланады.

Қорғаныс қабілеті қандай?
Әлемде Қазақстанның төл теңгесі – ең жақсы қорғалған валюталардың бірі ретінде бағаланады. Номиналы 20 000 теңгелік Қазақстан банкноты ең жақсы қорғалған теңге банкнот  саналады. 2022 жылғы 1 қазанда айналымға шыққан номиналы 20 000 теңге болатын банкноттың 25 қорғаныш элементі бар. Әлемде алғашқылардың бірі болып осы элементті ақша белгілеріне енгізу, ұлттық валютаның дизайнын жетілдіру, жалпы теңгеде озық технологияларды пайдалану – қорғаныс қасиеттерін күшейтуге байланысты тұрақты жұмыстың бір бөлігі саналады.
Халықаралық банкнот  қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкнотын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы, Қазақстан банкноты әлемдегі қорғалған әрі әдемі банкноттардың бірі ретінде халықаралық аренадағы 10-нан астам марапатқа ие болды. 2000 жылдан бері Қазақстан Монета сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық конкурстарға қатысып, әртүрлі номинациялар бойынша 20-дан астам марапат олжалады.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан монеталарында ежелгі монета соғу дәстүрі мен заманауи технологиялар сәтті үйлесім тапқан. Айналымдағы монеталар да коллекциялық монеталар сияқты кәсіпқойлар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алған. Оған қазақстандық монеташылардың Базельдегі Дүниежүзілік нумизматикалық конференция-көрмеге 2001 жылдан бері қатысып келе жатқаны, Сан-Франциско, Сингапур, Бейжің, Берлиндегі көрмелер сияқты беделді форумдарға қатысуы, сондай-ақ коллекционерлердің Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Қазақстан Теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан көптеген сұрағы мен пікірі дәлел бола алады дейді, мамандар.
Биыл 3 ақпанда Ұлттық банктің Берлиндегі Медиа-форумда World Money Fair дүниежүзілік ақша конференциясына қатысуы аясында BALQASH ALABUǴASY Қазақстан монетасының премьерасы өтті. Бұл монетаның дизайн концепциясын әзірлеген кезде Ұлттық банк мамандары тың технологияларды қолдану туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан монета сарайы күрделі рельефті 3D технологиясын қолдана отырып, инновациялық монетаны сынақтан өткізді.

Цифрлы теңге айналымға енді
Биыл 5 қараша – Қаржыгерлер күнінде Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгені қолданысқа енгізді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Сондай-ақ конгрес барысында цифрлық теңгемен алғашқы бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыны аяқ кофе сатып алынғаны туралы БАҚ-тар жарыса жазып жатыр.
Ұлттық банк Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленов цифлық теңге деген қолма-қол ақшаның бір баламасы екенін айтты. – Цифрлық теңге – теңгенің қолма-қол және қолма-қол емес түріне қосымша, үшінші формасы. Ол бұлардың қасиеттерін біріктіреді. Цифрлық теңгемен интернет жоқ болса – офлайн төлем, банк қосымшасы арқылы – онлайн төлем жасауға болады. Жай сөзбен айтсақ, бұл цифрлық қолма қол ақша, – деді Ұлттық банк Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленов.
Белгілі болғандай, цифрлық теңгені «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк центр кредит» және Altyn bank қосымшалар арқылы қолдануға, қолма-қол ақшаға әлемнің кез-келген нүктесінде аударуға болады. Сонымен қатар NPC басшысының айтуынша, Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық ұлттық валюталардағы трансшекаралық төлемдерге арналған SWIFT платформасын тестілеуге қатысатын әлемдегі алғашқы үш орталық банктің тізіміне кіреді. – Ол инновациялық қаржылық қызметтерді құру үшін блокчейн технологиясының әлеуетін ашып, мемлекеттік шығындардың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер әлемі арасында «көпір» болады. Бүгін қолданысқа енгізілуі цифрлық теңге экожүйесін дамытуға бастама берді және жақын арада қазақстандықтар оның негізіндегі алғашқы өнімдерді пайдалана алады, -деді Бинұр Жаленов.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, цифрлық теңгенің «ізі» болатындықтан, ол бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал етпек. – Ол ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Кейінгі жылдары қолма-қол ақшаның үлесі онсыз да азайған. Алдыңғы орынға картамен төлем, онлайн аударымдар шығып отырғанын байқаймыз. Мұның өзі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып келе жатыр. Оған қоса, сенімді әрі қауіпсіз. Әрбір цифрлық теңгенің токен номері болады. Егер сіздің ұялы телефоныңызды ұрлап алып, сауда жасайтын болса, төлем қай жерде жасалғаны анықталып, бірден қылмыскер ізіне түсуге мүмкіндік береді, — дейді Мақсат Халық. Цифрлық теңгені толықтай енгізу ісін оның сервистері, пайдалану сценарийлері және платформаға қатысушылар ортасын кеңейту арқылы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Демек, еліміздің тәуелсіздігімен қанаттаса, ел экономикасының дербестігін қамтамасыз етуде төл теңгеміздің рөлі мен маңызы орасан зор. Қазақ теңгесі – дербестігіміздің кепілі, еркіндігіміз бен егемендігіміздің айбыны, тәуелсіздіктің берік тірегі. Осы орайда жас оқырмандарымыз үшін теңге қазақтың төл сөзі екенін айтқымыз келеді. Алғаш, қазақтың ақшасы айналымға кірер бұрын, ұлттық валютаны «алтын», «сом», «ақша» деп атау жайында ұсыныс болған, кейін көпшілік мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежанов ұсынған теңге сөзіне тоқтайды. Ұлттық валютамызды шығару жас, тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды, айтулы оқиғалардың бірі екенін ұмытпауымыз керек. Десе де, теңдікке енді ғана қолы жеткен ел үшін өз теңгесін әзірлеу ісі оңайға түспегені анық.
Жалпы, төл теңгеміз өзінің 30 жылдық ғұмырында төрт бірдей девальвацияны басынан өткергені туралы ресми түрде мойындалған. Алғашқы құнсыздану 1999 жылы сәуір айында тіркелді. Еркін айналымға жіберілген ақша бағамы америка валютасына қарағанда 85 теңгеден 150-160 теңгеге бірақ қарғыған болатын. Екінші девальвация араға он жыл салып 2009 жылы 4 ақпанда, үшіншісі – 2014 жылы 11 ақпанда, төртінші рет – 2015 жылы тамызда болды. Сол жылы рубль бағамы күрт төмендеп, қазақстандықтар жаппай тауар, көлік алуға Ресейге ағылған. Мамандар осы төрт бірдей құнсызданудың әрқайсында ұлттық валютамыз орта есеп-пен 47%-ға арзандап отырғанын айтады. Одан кейінгі COVID-19 әлемдік пандемия салдары мен Ресей–Украйна қақтығысы да төл валютамызға кері әсерін тигізгені анық. Дегенмен осындай күрделі ахуалға қарамастан Ұлттық банк ұстанған саясат пен тұрақты қадағалау оң нәтижесін беріп келе жатыр (дереккөз: aikyn.kz).
Бүгінгідей геосаяси жағдай ушығып тұрған әлемде кез келген мемлекеттің басты мақсаты – бейбітшілік пен тыныштықты сақтай отырып, дүниежүзілік өркениет көшінен қара үзіп қалмауды көздейді. Сондықтан төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойының құтты болсын дей отырып, қаржы саласындағы қажырлы еңбек нәтижелі бола беруін тілейміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ