Тәуелсіздік тақырыбы

Өткен жылдың желтоқсанында еліміз өзінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толу мерекесін салтанатты түрде атап өткені белгілі. Ел егемендігі жас бүлдіршіндерге де шаттық нұрын құйғандай шабыттандырған сыңайлы. Мұны редакцияға көптеп түскен өлеңдер дәлелдейді.
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы Көкөзек орта мектебінің 5-сынып оқушысы Қайрат Жаңанұр «Тәуелсіз Қазақстан» өлеңінде:
«Тәуелсіз елім менің Қазақстан,
Мерекем құтты болсын ғажапстан.
Бүгінгі жайнап өскен жетістігің,
Қыранды елестетер самғап ұшқан», деп тебіренсе, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақтасты орта мектебінің 3-сынып оқушысы Кеңесжан Елдар «Тәуелсіздік» өлеңінде:
«Тәуелсіздік ұранын,
Тудай ұстап қолына.
Қайрат, Ләззат, Ерболдар
Түсті жарқын жолына.
Егемендік дегенде
Тебіренбес жан бар ма,
Тәуелсіздік мәңгілік
Жалғасар арай таңдарға», — деп, қол жеткізген егемендігіміздің мәңгілік екеніне жарқын сеніммен қарайтынын сендіреді. Дегенмен, көптеген өлеңдер қалай болса солай талғамсыз жазылған. Олардың қайсыбіреулері ұтымды ой айтуға талпынады, бірақ көркемдеп жеткізе алмайды. Бұған Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылынан 10 «Б» сынып оқушысы Алтынбай Мұқтарұлының «Еркін елім», «Нұратама» өлеңдерін жатқызуға болады. Ал, Райымбек ауданы, Кеген ауылынан жазған 5 «Ә» сынып оқушысы Ақтоты Толықбаеваның «Шүкіршілік», осы облыстың Қарасай ауданынан 6-сынып оқушысы Ғазиз Қайсар, Қазақ ұлттық гимназиясының 3-сынып оқушысы Әйгерім Баянованың «Алтын күз», Ақмола облысының Ерейментау ауданы, Өлеңті мектебінің 9 «А» сынып оқушысы А.Ұлағамбетованың «Қазақстан» аталатын өлеңдері сын көтермейді. Ойлары бұлыңғыр, мазмұны сұйық, ұйқастары әлсіз, жауапсыз жалпылама жаза салынған.

ПІКІР ЖАЗУ