ТАСАДАҒЫ ТАРИХ

Қазақ халқы Еуразияны жайлаған ежелгі туыстас Сақ, Үйсін, Ғұн, Қаңлы, Алан қатарлы іргелі елдің жалғасы. Ол дәуірдегі шекарамыз бүгінгі Қазақстан аумағынан әлде қайда үлкен болып, шығысы Қытай қорғанынан, батысы Қара теңізге дейін тіреліп жатты. Осыншама ұланғайыр аумақты түркі бабаларымыз ат үстінде жүріп қорғады. Байтағын өріс етті, өзен бойын егіс етті. Халқымыз ертеден бері батырлығымен қоса ақылды да парасатты, мәдениетті ел болған. Соның бізге жеткен көріністері салт-дәстүр мәдениетімізден айқын аңғарылады. Бабаларымыз әр дәуірде қоғамға ықпал етіп, ғылым мен білімнің дамуына өз үлесін қосып отырған. Осылайша түркілік өркениет жаратқан. Елімізден табылған тарихи жәдігерлік бұйымдар сөзіміздің бір дәлелі бола алады. Көрші елдер біздің бабаларымызды көзден таса жібермей, бақылап, сыртымыздан жазбаша деректер қалдырып отырған.

 

Біз бұл ретте ертеде бабаларымыз құрған «Юебан» мемлекетінің тарихы мен мәдениеті туралы тоқталамыз. Біздің заманымыздың 53 жылы Үйсін ордасы екіге бөлініп, Янгүй би Ұлы Күнби, Өжет би Кіші Күнби болады. Ұлы Күнбилік оңтүстік иелік атанып, 60 мың түтінге қол жеткізіп, Ыстықкөл, Іле алқабын орталық еткен. Кіші Күнбилік Терістік Күнбилік атанып, 40 мың отбасына ие болған. Міне, осы Кіші Күнбилік кейін Юебан есімімен тарихта қалған. Біздің заманымыздың II-VII ғасырлар аралығында үйсіндермен іргелес Жетісуды орталық етіп, бүгінгі Қазақстан, Қырғызстан және Шынжаң жерін өз ішіне алған Юебан мемлекеті өмір сүрді. Юебан есімі әр елдегі ғалымдар жағынан тарихта әртүрлі транскрипцияланған. Мысалы, Н.Аристов — Юебань, Томашек — Ябан, Бақыт Еженқанұлы — Албан, Шюе Зунжың — Яғма, Го Шиляң — Йұрпан деп жазды. Юебан құрамында: чюйэ (шыбыл), чуми (шымыр), чумухун (шөмекей, шимойын) және чубан (суан) қатарлы төрт үлкен тайпа болды. Бұл тайпалар одан кейін Батыс Түрік қағанатын құрушылар еді. Осы төрт тайпаның ішіндегі чюйэ (шыбыл) тайпасынан шыққан Шато (Шақшам) руы елдің шығыс бөлігін (Баркөл өңірін) мекендеп, қытайлармен іргелес отырды. Олар қытай патшалықтарына шабуыл жасап, батыс және солтүстік Қытайдың көп бөлігін өздеріне бағындырды. Сарыөзен (Хуанхэ) алабына ауып барып, сонда мекен етті. Шатолар IX-X ғасырларда Қытайдың кейінгі Таң патшалығын, Жин патшалығын және солтүстік Хан патшалығын құрды. Шатолар қытайлар ішінде «Ли» фамилиясын иеленді. Осылайша, 50 мың жан саны бар Шатолар 50 миллион қытайды бір дәуір тыпыр еткізбей билеп-төстеді. Алайда, уақыт өте келе шатолар оларды басқара жүріп, қара ормандай қытай халқына жұтылды. Шато түріктері құрған патшалықтарды кейінірек Сұң әулеті жаулап алады.
Ал енді халқымыздың ежелгі салт-дәстүр мәдениеті туралы бізге жеткен жазбаша деректерді парақтап көрейік. Қытайдың «Уйнама» мен «Солтүстік әулеттер тарихы» атты еңбектерінде жоғарыда біз сөз еткен Юебан халқының мәдениеті жайлы біраз мәліметтер кезігеді. Онда былай делінген: Юебан ханы Нөнен елімен одақтасу мақсатында осы елдің ханы Тайтанмен (Нөнен ханы) дидарласу үшін мыңдаған адаммен Нөнен еліне келді. Олардың жеріне жүздеген ли (солтүстік Уй патшалығы тұсында бір ли 504 метр) ішкерлеп кірген Юебан ханы Нөнелдіктердің кір жумайтындығын, шашын өрмейтіндігін, беті-қолын жумайтындығын, әйелдері ыдыстағы жұғынды тілімен жалап кетіретіндігін көрді де, жанындағы ұлықтарға ренжіп: Мені алдап, қайдағы бір жабайы иттердің еліне әкелгенсіңдер деп, атының басын кері бұрды. Тайтан оларды қууға атты әскер жіберді. Бірақ жете алмады. Содан бастап олар жауласып, көп шабысты.
Юебан елі Үйсіннің солтүстік батысында (тағы бірде Күшанның сотүстігінде деп, Жетісу мен Ілені көрсетеді). Бұлардың тұрмыс-салты және тілі Қаңғалардікімен (үйсін-ғұн тілімен ұқсас дегені) бірдей. Олардың адамдары өздерін Хулардың (сақалдылар. Қытайлар Ұлы қорғанының сыртындағы елдерді осылай «хулар» атаған) қай-қайсысынан таза ұстайтын еді. Шашын қиғызып, қастарын жасатады. Шірнемен боянып, бой түзейді. Әр күні үш рет жуынып, аузын шайқайды, сосын тамақтанады. Олардың күнгей шекарасында жанартау бар. Бұл таудың тастары балқып, ондаған ли жерге ағып барып жатады. Жергілікті халық одан даруға, күкірт алады, — делінген. Бабаларымыз сол дәуірде-ақ ем іздеп еуропаға шаппаған. Неше мың жылдық тәжірибесі арқылы медицинаның қыр-сырын жақсы меңгеріп, өзін-өзі емдеген. Ол туралы мынандай деректер кезігеді: «Тәйпмың Жынчүннің 9-жылы (б.з. 448 жылы) Юебан елшілері сауға әкелді (Уй патшалығына. Қытай). Ары қарай адамның алқым тамырын тіліп, бас сүйегін жарып, бірнеше тостаған немесе көп қан ағызып, одан соң шөп дәріні шайнатып жұтқызып, лезде қанын тоқтата қояды. Жарақат орнын бір айда қалпына келтіреді. Ешқандай тыртық қалдырмайды», – деп мақтаған.
Олар сиқыршысын жіберді. Оған сенбей, бір қылмыстыға сынақ жасағанда, шынында да, солай болды. Олар Орта Жазықтың тауларында бұл шөп дәрінің көп екенін айтты. Патша (Уй патшалығы. Қытай) бұл «сиқырды» үйренуге кісі жіберіп, сиқыршыға құрмет көрсетті, — дейді. Қытайлардың «сиқыршы» деп отырғаны Юебандардың емші-дәрігері.
Біз ежелгі өркениетті елдің бүгінгі жалғасымыз. Ұлтымыздың ұлылығы уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Бізге тағлымы терең тарихымыздың айтар сыры көп.

 

Ертай Жомарт, тарихшы

ПІКІР ЖАЗУ