Тарихи көрініс
Желтоқсандағы тәуелсіздік мерекеміздің қарсаңында Еңбекші Қазақ ауданы №1 Азат орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығының жабылуына орай, жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» атты драмасы сахна қойылымы түрінде өтті. Арнайы аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Маратовна қонақ болып келді. Драмада тарихи оқиғаға негізделген, Семей полигонынан зардап шеккен, меңіреу болған мүгедек, кемтар, өзі жиырма жаста болғанымен, бет-бейнесі, ой-санасы бала қалпында қалған, жетім Ләйлә қыздың кек пен қасіретке толы шытырман өмірі суреттеледі.
Ол мүлде өспей қалады, мәңгі бала қалыпта сақталады. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдікпен күн кешіп, тәтесі Қатираның қолында өседі. Ал, Қатира оны қорлап, кемсітумен болады. Тағдыр тауқыметіне түскен Ләйлә қыздың өмірі әділетсіздікпен жалғасып, ақыры соңында өзін өлімге қияды. Әсерге толы театр көрінісіне 10 оқушы қатысып, көрерменнің жүрегінен орын алып, оқушылар өз рөлдерін сәтті сомдап шықты.
Қойылым барысында, қайғылы да қуанышты оқиғаларды шынайы бейнесімен көрсете білген оқушылар, көрерменнің көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленді. Бұл қойылымның басты мақсаты қазіргі заманмен үндес. Жақында ғана елімізде елеулі орын алған әскери қару-жарақ қамбаларындағы жарылыстар туралы ой қозғайды. Ащы зардабын еске салады.
Қауіпсіздік техникасы дұрыс сақталмағандықтан, көптеген адамдардың денесін күйік шалып, жарақат алғандар мен қаза тапқандар да болды. Қойылым талабы да мұны көрермен көкейіне қондыра отырып, ауқымды тақырып ретінде көтеріп, мәселені қозғап, еске салып, мұндай жағдайлардың қайталанбауын ескерту еді.
Дилназ Мухаммедова,
жас тілші