Тәрбиенің ең абзалы өнермен ұштасқан тәрбие

Баланың сапалы білім алуымен қатар шығармашылық еркіндігінің дамуына, рухани-мәдени танымының қалыптасуына театр өнерінің әсері өлшеусіз. Осы орайда, біз, Астана қаласы әкімдігі қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, профессор, ұлағатты ұстаз, сырлы суреткер Құралай Ешмұратовамен сұхбаттасқан едік.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында мектепке дейінгі білім берудің заманауи жүйесі негізінде бала дамуына қажетті жаңа модель енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, «ойын арқылы оқыту» қағидатын жетілдіру – бүгінгі күні білім саласындағы басты жаңалықтың бірі. Әсіресе, ойын арқылы біртіндеп күрделене түсетін шығармашылық тапсырмалар бала ақыл-ойының, қабілетінің дамуына зор ықпал етеді. Педагог-мамандардың айтуынша, шығармашылық ақыл-ой мен сананың жетілуінде ең қызықтысы әрі тиімдісі театр өнері. Балаларға театрдың барлық түрлері зор қуаныш, еркін эмоция сыйлайды, шабыт береді.

 

– «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртаза атамыздың қанатты сөзі бар. Осы тұрғыдан алғанда, театрды қалай тәрбие құралына айналдыру керек деп ойлайсыз?
– Балаларды кішкентайынан өнерге баулу керек. Баланың жүрегімен жұмыс істей білу керек. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесігің түзелсе, бала рухани тоқ болады, қатігез болмайды, бір-бірін ұрмайды. Қазіргі балалардың көбінің «тамағы тоқ, көйлегі көк». Енді оларға рухани азық керек, жүрек керек. Олар кемі үш жасынан торғайдың не екенін білуі керек. Оны өлтіруге болмайтынын түсінуі керек. Сонда ғана бала айналасына, достарына, ұстазына, ата-анасына, Отанына мейіріммен қарайтын болады. Егер баланы теледидар, телефон тәрбиелеген болса, одан не күтеміз? Жарқын болашақ керек болса, балаға рух беру қажет. Рух беру үшін не істеу керек? Алдымен баланы бес жасынан бастап қуыршақ театрына апару керек, қуыршаққа үйір қылып тәрбиелеу керек. Себебі, бала туғаннан қуыршақ ұстайды, қуыршақпен ойнайды. Өзінің қуыршағымен сөйлеседі. Анасына айтпаған сырын, қуыршаққа айтады. Қуыршақ балаға дос. Сондықтан, төрт-бес жасар бала жақсы мен жаманды қуыршақ арқылы үйренуі керек. Баланы қуыршақтан айыруға болмайды. Мен балаға көп көңіл бөлемін. Баланың ішкі жан дүниесіне, рухани әлеміне қуыршақтың қаншалықты қажет екенін білемін.
– Қазір газет-журналға оқырманды мәжбүрлеп жаздыруға болмайды деген көзқарас бар. 2000-жылдардан бастап «театрларға, балалар спектакліне мәжбүрлеп билет сатпаңдар, балаларды зорлап театрға апармаңдар» деген үрдіс пайда болған екен. Бұл адамның кішкентай кезінен бастап қалыптасуға тиіс рухани-мәдени әлемін тәрбиелеуге жасалған қастандық емес пе? Қалай ойлайсыз?
– Бүгін қуыршақ театрына бармаған бала ертең үлкен драма, опера театрларына да бармайды. Бұрын студенттер мен оқушыларға арнайы билет сатылатын. Тіпті міндетті түрде, мәжбүрлеп апаратын кездеріміз болды. Қазір жастар театрға бармайды. Барса орта буын баратын шығар. Олар мәңгі жүрмейді ғой. Қазақша сөйлесін, қазақша үйрету керек деп жатады. Құр сөзбен айтқаннан ештеңе өзгермейді. Жұмыс жасау керек, баланың тілінің қазақша шығуына, баланың қазақша сөйлеуіне жағдай жасау керек. Егер міндеттемесе, мәжбүрлемесе, нақты жұмыс жасамаса қайдан болады?! «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деп бекер айтылмайды. Баланың санасына, кішкентай күнінен өзінің ана тілінде сөйлемеген адам ешкім де, ештеңе де емес дегенді сіңіреді. Олай болмайды, баланың ішкі әлемін рухани байытып, қоректендіріп отыру керек. Тәрбиенің ең абзалы – балаға өнер арқылы өмірді таныта білу деп ойлаймын.
– Сіздіңше, қуыршақ театры әртісінің бойынан қандай қасиеттер табылу керек?
– Театр – өнер. Өнерге бір байланған адам одан ешқашан ажырай алмайды. Басыңнан бастап, бақайшығыңа дейін алтын құямын десе де, өмірі өнерге айналған адам, одан қол үзіп кетпейді. Әлеуметтік жағдайына қарамастан, нағыз өнер адамы, әсіресе балалармен етене араласқан адам театр сахнасын қимайды. Баланың көздерін, шапалағын, баланың қуанғанын, ата-аналардың рахметін, қуыршағын сағынады. Театр әртісіне ең бастысы білім, мәдениет керек. Сосын баланы жақсы көретін адал жүрек керек. Қолындағы қуыршақтың қимылын, өнерін сезіне алатын түйсік, сезім керек. Түйсіне, сезіне білген адамға әр қуыршақ өзінің мінезінен өзі хабар беріп отырады. Кейде тіпті «Қуыршақтың өзінен не істей аласың» деп сұрайтын кездеріміз болады. Әрбір қуыршақтың өзінің мінезі, саған деген қарым-қатынасы бар. Соны сезіне, түйсіне білген адамнан нағыз қуыршақ театрының әртісі шығады.
Біздің театрымыздың жанынан құрылған студиямыз бар. Театрымызға келетін балалар өте көп. Бұған әрине қуанамыз. Театр – ұлттық руханият пен мәдениет ордасы. Сондықтан, өзіміздің қазақтың баласы қандай болу керек, оларға қандай тәрбие беруіміз керек деген сұрақтың жауабын қуыршақ театрынан тапсақ, қуыршақ театрынан іздесек, балаларымыздың санасы өседі, ойлау өрісі кеңейеді, өзінің төл мәдениетіне балалық шақтан қанығып өседі. Студияға да бала көп келеді, оқыту, үйрету тегін. Біз мұнда дұрыс жүріп-тұрудан бастап, қалай сөйлеу керектігін, тіл тазалағы деген не, бәрін-бәрін үйретеміз. Осы студиямызды үлкейтсек, дамытсақ деген ойымыз бар. Тым болмаса, жылына 100 баланы тәрбиелеп отырсақ, соның өзі ұлтымыздың руханиятына қосқан үлкен үлес болар еді.
– Қазақстанда қуыршақ театрының іргетасы қашан қаланды, қалай құрылды? Журналымыздың жас оқырмандары қазақ қуыршақ театр өнері қалай пайда болды дегенге қызығатын болар…
– Қазақ қуыршақ театры өнерінің пайда болғанына 88 жыл болды. Алғаш рет 1935 жылы құрылды. Бір жылдары қуыршақ театры филорманияға қосылып, жабылып қалған кездер болды. Кейін қазақ бөлімі ашылды. 1966 жылы режиссер, актер болып біз келдік. М.Омарбаева, Н.Ықтымбаев бастаған жастар қазақ қуыршақ театр өнерінің іргесін қаладық.

Өкінішке орай Қазақстанда, осыншама кең байтақ жеріміз, сәулетті, дәулетті қалаларымыз бар бола тұрып, бар болғаны 7-8 ғана қуыршақ театры бар. Театр, әсіресе қуыршақ театры көп болуы керек. Әр қалада бір-бір қуыршақ театры болуы керек, көптеп ашуымыз керек. Қуыршақ театрлары көптік етпейді. Басқа мемлекеттердің әр қаласында қуыршақ театрлары бар.

Қазір қазақтың толық қуыршақ театр өнері қалыптасты деп толық айта аламын. Алматы қуыршақ театры қазір қуыршақпен классиканы қойып жатыр. У.Шекспирді, Ш.Айтматовты, М.Әуезовты, танымал авторлардың шығармаларын сахналап жатыр. Бұл үлкен жетістік. Өнер болмаса, кез келген халық мәдениетін жоғалтады, руханиятын ақсатады. Қазақтың өнері мәдениеті, тарихы, әдебиеті, руханияты, ұлттық тұтас құндылығы, салт-дәстүрі жалпы дүниежүзілік мәдениеттің құрамдас бір бөлшегі. Біз өнер әлемінде ықпалдаса, ынтымақтаса дамимыз.
Ал, Астана қаласы қуыршақ театрының ашылғанына 15-17 жыл болды. Мен алғаш 19-20 жасымда театрға келдім. Қазір 78 жастамын. Қаншама жыл қуыршақ театрының сахнасында жүрмін. Барлық саналы ғұмырым театрда өтті. Өзімнің балаларымды қалай жақсы көрсем, қуыршақтарды да солай жақсы көремін. Қаншама жыл қуыршақпен айналысқаннан кейін әр қуыршаққа тірі адамдай қараймын.
Қазір біраз жас жасадым. Бәрі денсаулыққа байланысты. Ал денсаулық деген… Қытайдың «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деген қарғысы бар екен. Сол сияқты қоғамның бір кезеңнен екінші кезеңге ауысқан, өтпелі заманда өмір сүрдік. «Бар мен жоқ, аш пен тоқ» қандай болады, бәрін де көрдік. Денсаулыққа қарамай, өміріміз театрға байланғандықтан, шапқылай береміз. Менің өнердегі ағам, ұстазым – Асқар Тоқпанов «Балам-ай әкең де, шешең де әртіс еді, сен де өнерден алыс кетпейсің-ау» дейтін. Иә өмірбақи қуыршақпен «ойнап» келемін. Қуыршақты жақсы көрген адам маған туыс, бала, дос. Сондықтан, оларға қуыршақ өнерін үйретемін, оқытамын. Балаларды театрдағы еңбекке баулу арқылы және қуыршақ арқылы адамның ішкі жан-дүниесіндегі бұлқыныстарды сезінуге үйретудің рахаты бөлек, соны сезіне білу де өнер.
– Өнер бәсекеде дамиды деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда «Ортеке» мен Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивальдерінің айырмашылығы қандай?
– Фестиваль бізге өнер үшін керек?! Әртүрлі елдің театр өнерін көргенде әртістердің де, режиссерлердің де арқасы қозады. Бірдеңе жасағысы келіп, өскісі келіп, ұшқысы келіп тұрады. Әр фестивальден кейін екінші тынысымыз ашылады, қанаттанамыз.
Біздің бір қателесетін жеріміз – фестивальге жиналып алып бәсеке жасаймыз. Ол дұрыс емес. Әсіресе қуыршақ театрлары үшін… Бәсекені драма театрларға жасауға болады. Неге? Себебі, онда әртістер, тірі адамдар, тірі спектакльді қояды. Онда әркім өзінің өнерін, барлық болмысын, сезімдерін, эмоциясын, оқиғаны қалағанынша көрсете алады.
Ал, қуыршақ театры басқа. Біз бір-бірімізбен бәсеке бола алмаймыз. Әр театрдың өзінің жұмыс істеу тәртібі, міндеті бар. Бәсекеде сын айтылады, бірақ кез келген сын театрға жанашырлықтан тууы керек. Әртіс пен режиссердің өнері қандай еңбекпен жасалатынын біліп барып, түсініп алып сын айту керек. Сын театрды қолдау тұрғысынан айтылуы керек, театрды, әртісті мұқатудың қажеті жоқ. Сынмен театрдың немесе әртістің сағын сындырып, қанатын қайырудың қажеті жоқ. Егер театр өнеріне жаны ашыған, көмек көрсеткісі келген адам болса театрға келіп, өнерді бағалап, сахнаны сезінуі керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін нақты дәлел-дәйекпен көрсете білуі керек.
Әрбір театрдың өз әлемі, өз мәнері бар. Кейбір театрдың қалтасы қалың, кейбір театрлардың жағдайы жоқ. Сонда да өз жұмысын істеп, өз міндетін атқарып келеді, өнер тудырып келеді. Қазақтың театр өнерінің шаңырағын бірге көтеріп, бір уығы болып шаншылып, керегесі болып керіліп, кірпіші болып қаланып келе жатқан шағын театрларымыз көп. Оларға қолдау керек, жанашырлық керек. Жабылып қалмай қалт-құлт етіп отырса да, қазақ театр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып, қолтаңбасын қалдырып келеді. Аз ғана театрларымызды, (бар болғаны 7-8 ғана) сынап-мінеудің, ақыл айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Біз бір-бірімізге қол ұшын беріп, көмектесуіміз, сүрінсек қолдауымыз керек. Тәжірибемізбен бөлісіп, үйретуіміз, үйренуіміз керек.

Бізде қуыршақ жасайтын мамандар жоқ, тек бізде ғана емес, бүкіл Қазақстанда жоқ. Қуыршақтың өзіне тән жасалу ерекшелігі бар. Ол жеңіл болуы керек. Нәзік, бірақ, берік болуы керек. Оны әркім істей алмайды. Әрі өте қымбат болады. Біз қуыршақтарымызды Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда жасатамыз. Әр жетістіктің артында ақша, қаржы тұратынын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан, әр театрдың ішкі «кухнясын» да ескерген дұрыс болады.
– Биылғы ІІІ Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі қалай өтті? Ойыңыздағыдай болды ма? Не түйдіңіз?
– ІІІ Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалінен не түйдіңіз дейсіз бе?! Бұл фестиваль біз өткізіп отырған алғашқы фестиваль емес. 2015 жылы бірінші фестиваліміз, 2018 жылы екінші фестиваліміз өтті. Кейін пандемияға байланысты тоқтап қалды.

Қуыршақ театры және театр фестивальдері балаларға да бізге, үлкендерге де керек. Балаларымыз шетелге бара ма, бармай ма, басқа елдердің театр өнерімен танысуына мүмкіндік бола ма, болмай ма белгісіз. Сондықтан басқа елдердің театры елімізге келіп, өнер көрсетіп жатса, оған біз тек қана қуануымыз керек. Төрт күнге созылған театр мерекесі балаларға ұнады. Перу театрының қуыршақтары керемет болды. Хосэ Наварро театрының қоюшы режиссері Х. Наварро қуыршақ кейіпкерлерді өзі ойлап табады, өзі жасайды, өзі оқиғасын құрастырады және сол қуыршақтармен өзі ойнайды.

Хосэ Наварро Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отыр. Әр келген сайын түрлі қуыршақтар әкеледі. Бұл өте сирек кездесетін талант. Өзі суретші, өзі актер, өзі драматург. Мұндай таланттарды біздің де балаларымыз білуі, көруі керек. Әрбір мемлекеттен келген өнерпаздардың өнерімен тәжірибе алмасамыз. Өзіміздің қазақтың қуыршақ театр өнерінің қалыптасқан өз мектебі бар. Біз де өз өнерімізді дәріптейміз, көрсетеміз. Сондықтан, фестиваль тәжірибе алмасу үшін де керек. Басқа елдерден келген өнерпаздар бізден үйренсе, біз де олардан өзімізге керегін алуға тырысамыз.
– Елімізде қуыршақ театрына арнап пьеса жазатын авторлар көп пе? Балалар драматургиясының қазіргі халі қалай?
– Елімізде драма театрларына жазатын авторлар бар, әрине. Бірақ қуыршақ театрына шығарма жазатын авторлар өте аз, жоққа тән. Балаларға арнап шығарма жазу өте қиын нәрсе. Ол үшін көңілге түйгенің көп болуы керек. Баланың психологиясын жетік білумен қатар мықты жазушы болу керек. Кейде жазушылар қуыршақтың техникасын білмей жатады. Қуыршақ пластикасымен көрерменді баурап алуы тиіс. Қуыршаққа шұбырған сөз қажет емес. Қуыршаққа қимыл керек. Ол көп нәрсені қимылмен жеткізеді. 40-45 минут сөйлесең, баланы жалықтырасың. Бала тыңдамайды.
Сондықтан, қуыршақ театрына шығарма жазғысы келетін автор ең алдымен қуыршақ театрының есігін ашып, тым болмаса 10 спектакльді тамашалауы, көруі керек деп ойлаймын. Сонда ол қуыршақ не істей алады, не істей алмайды, түсінеді. Қуыршақшыға қандай рөл керек, қандай қимыл керек екенін білетін болады. Ал жазушылар қуыршақтың осындай мүмкіндіктерін біле бермейді. Біздің Қуат Ежембек деген авторымыз бар. Соның шығармаларын қоямыз. Аудармаға сүйенеміз. Кейде өзіміз жазамыз.
– Еліміздегі жалпы қуыршақ театрларына ортақ проблема қандай?
– Қазіргі таңда Ақтау театрында қуыршақ театры мамандарының жалақысын өсіру керек, олардың зейнет жасын төмендету керек деген үлкен мәселе көтеріліп жатыр. Неге? Осыдан 20 жыл бұрын қуыршақ театрының әртісі зейнетке балет әртістері секілді ертерек шығатын. Өйткені, бір қуыршақтың ең аз деген салмағы 4-5 килограмм болады. Соны 45 минут бойы жоғары көтеріп жүру, секіру, жүгіру денсаулыққа әсер етеді. Бірақ сүйікті ісінен әртістер бас тарта алмайды. Айлығы аз болса да, ешкім аштан өлген жоқ. Тағы бір үлкен проблема еліміздегі көптеген театрлардың ғимараты жоқ. Бар болса ескірген.

Өзіңіз көріп отырсыз біздің қазіргі ғимаратымыз кішкентай, сахнамыз тар. Тұрғын үйдің астындағы бірінші қабатта орналасқан, өте ескі. Арманымыз – өзіміздің театрымыз болса… А. Көлгінов әкім болып тұрған кезде бұрынғы Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының ғимаратын беретін болып уәде еткен еді. Ол кішкентай ғана, бізге лайық, жақсы еді. Оны басқа театр алып алды. Қуыршақ театры үлкендерге керек жоқ болғанымен, балаларға керек. Бірақ, балалар не айта алады. Балалардың ата-аналары балаларын бір жарым сағатқа тастап кетсе болды, онан ары театрдың жағдайына алаңдай қоймайды.

Қазір бізге жаңа театр салып береміз немесе орыс драма театрының ғимаратын береміз деп тағы уәде беріп отыр. Өзіміздің ғимаратымыз болады деп қуанып жүрміз. Бұйырса болады деп сенеміз.
– Қат-қабат жұмысыңыздан уақыт тауып сұқбат бергеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан  Тілекгүл Есдәулет

 

 

ПІКІР ЖАЗУ