Табиғатты қорғау – әрбір адамның парызы

Адамзат пен табиғат арасындағы гармонияны сақтау үшін әрбіріміз тең үлес қосуымыз тиіс. Себебі, табиғат та – біздің анамыз. Қанша уақыт өтсе де, біздің бар керек ресустарды қоршаған ортадан алатынымыз факт күйінде қала бермек. Бірақ, бұл іс-әрекеттерімізбен айналаға зиян тигізетініміз де шындық. Осы жайттардың әсерінен қазіргі таңда көптеген экологиялық мәселелер туындап жатыр.

 

Ауа және су көздерінің ластануы, өзен-көлдердің тартылуы, қоқыстардың бей-берекет тасталуы, ормандардың азаюы және т.б. Елімізде де осы сынды ахуалдар орын алуда. Мәселен: Арал теңізі жойылып кетудің алдында тұр. Теңіздің қазір көлемі бойынша төрттен бірі, жалпы көлемі жағынан оннан бір бөлігі қалды. Қазір бұл – екі таяз су қоймасы ғана. Себебі, оны толтыратын Сырдария мен Әмудария сулары егін суаруға жұмсалып, Аралға жетпей жатыр. Арал теңізінің экологиялық проблемасының көптеген салдары бар. Судағы тұз концентрациясы 14 есеге ұлғайды. Теңіздің бұрынғы түбінде үлкен тұзды батпақтар бар еді, олардың үстіндегі тұзды тозаңдар жүздеген шақырымға ұшуда, осы жерден алыс орналасқан жерлердің эрозиясын тудырады. Одан бөлек адамдардың жауапсыздығының кесірінен, түрлі аумақтар қоқыстармен ластануда. Өйткені, олар демалып тынығу мақсатында табиғат аясына шығып қолданған заттардың қалдықтарын жинамай тастап кетеді. Ал, кейбіреулерінің еріншек болғаны соншалық қоқыс жәшігіне тастауға жүргісі келмейді, қалай болса, солай тастап кете береді.
Ал, енді осы мәселелердің шешімін қарастырып көрейік:
Қоқыстардың бәрін бір жәшікке тастамай, әр түріне жеке жәшік арналса, дұрыс болар еді деп санаймын. Сонда өңдеуге де ыңғайлы болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, кез-келген адам өзімен бірге целлофан алып жүрсе, жолда шашылып жатқан қоқысты соған жинап, жәшікке тастай алады. Тағы айта кетерлігі: «Эко волонтерлік» ұйымдарды құруды қолға алу керек, өйткені олардың құрамы нағыз табиғат жанашырларынан жинақталған. Жер-біздің жалғыз планетамыз және үйіміз екенін ұмытпағанымыз абзал.
Ауаның ластануына келетін болсақ, ол бүгінгі сәттегі ең ауқымды проблемалардың бірі. Оның туындау себептері айдан анық. Біз зауыттардың, транспорттардың жұмыс істеуін тоқтата алмаймыз. Осы себептен де көгалдандыру шараларын көбейтуге атсалысқанымыз жөн.
Өзен-көлдер тартылмауы үшін егіншілікке, тұр-мыстық жағдайларға қолданылатын су мөлшерін үнемдеп тұтынуымыз қажет. Және де ондағы флора мен фаунаның жағдайын да айта кетсем деймін. Бәріміз білетіндей кейбір өнеркәсіп қалдықтарын жақын маңайдағы су көздеріне ағызып жіберіп жатады, осының салдарынан жоғарыда айтып кеткендей өсімдіктер мен жануарлар зардап шегеді.
Қорытындылай келе айтпағым, табиғатты аялап, оның балансын бұзбау – біздің қолымыздан келетін дүние. Басқа адам қоршаған ортаны ластады екен деп, оның жетегіне ілесіп кетпеңіз, керісінше айналаға махаббатпен қарап үйреніңіз, сонда өзгелер де сізден үлгі алатын болады. Барша Жер ғаламшарындағы адамдарды экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға шақырамын!

Аружан Рахыш, жас тілші
Жамбыл облысы, Шу ауданы

1 comment

  1. Нұрбану 14 Наурыз, 2023 at 23:20

    Адам — табиғаттың бір бөлшегі,әрі ғажаиып туындысы.Табиғат пен адам егіз ұғым.Адамның табиғаттың жанашырлықпен,аялай,есіркей қарауы-оның перзенттік міндеті.Дария теңіз,көлдер мен орман- тоғаилар,асқар таулар мен жан- жануарлар табиғаттың ажар көркі ғана емес,оны бүлінуден,азудан сақтайтын құдіретті күш те.

ПІКІР ЖАЗУ