Сырлы да сұлу Медеу

«Медеу» биік таулы мұз айдыны – тарихы тереңде жатқан айрықша мекендердің бірі. Бұл Алматы қонақтары жиі баратын көрікті жер ғана емес, адамды баурап, өзіне тартатын ерекше қасиеті бар орын. Медеу дегенде көз алдымызға күнге шағылыса жалтылдаған қарлы шыңдар, аспанмен таласқан Тянь-Шань шыршалары, таудың қоңыр салқыны, жұпар иіс пен тап-таза ауа елестейді. Медеу спорт кешені – жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан.

 

Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 ж. пайдаланыла бастады. Биік тауда жүгіру жолақтары бар әрі халық жаппай коньки тебуге келетін жасанды мұзды ашық стадион салу – сол заман үшін тым биік мақсат еді. 1972 жылы 28 желтоқсанда жаңа спорт кешенінің ресми ашылуы болады. Биік таулы мұз айдынында барлығы 123 әлемдік рекорд орнатылды. Медеу Спорт Кешені 1972 ж. тұрғызылды. Құрылысқа қатысқан архитекторлар: В.З. Кацевке, А.С. Қайнарбаевқа, инженер С.Б. Матвеевке, тағыда басқа. 1975 ж. КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Конькишілерге арналған жасанды мұз айдынының ауданы 10,5 мың м. Жарыс жолының ені 5 м, айналымы 400 м. Айдынның ортаңғы бөлігі — хоккей ойынына және мәнерлеп сырғанауға арналған. 12,5 мың орындық кешенде 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кітапхана және баспасөз орталығы орналасқан. Жасанды мұз айдынының астыңғы жағындағы биіктік 2,3 м 20 түрлі материалдар қабаты орасан зор темір бетон тақтаның үстіне орналастырылған. Мұнда ұзындығы 170 м-лік салқындатқыш темір құбырлар тартылған. Айдынның жарықтануын 8 тұғырға орнатылған 1600 қуатты шамдар қамтамасыз етеді. Ортадағы фотофинишпен байланыстырылған жылдам жазатын электронды таблоның 30 мыңнан астам шамы 1 мин ішінде 6 мың түрлі бейнені көрсете алады. Жасанды мұздың қалыңдығы — жазда 3 — 4 см, қыста 10 — 15 см-ге дейін жетеді. Медеу Спорт Кешені құрамына Медеу қонақ үйі кіреді. Медеу қонақ үйінің бір, екі орындықты және люкс бөлмелері бір мезгілде 376, ал жылына 10 мыңға жуық адамдарды қабылдай алады. Сенбі, жексенбі күндері — Медеу мұз айдыны 9 мыңға жуық әуесқой конкишілерді қабылдай алады. Медеу мұз айдынында спринтерлік және классикалық көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әр түрлі халықар. жарыстар өткізіліп, дүниежүзі, еуропа бойынша ұлттық рекордтар жасалды. Медеу Спорт Кешені — тек спорт жарыстары үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтарының әсем табиғат аясында демалатын орны. 1990 жылдан дәстүрлі “Азия дауысы” халықаралық ән байқауы өткізіліп келеді.
Мұз айдын ашылған күні (1951 жылдың 5 ақпаны) екі әлемдік және алты бүкілодақтық рекорд орнатылды. Конькимен жүгірушілердің жоғары жетістігі арқасында мұз айдын «Рекордтар шеберханасы» деп аталып кеткен. 1984 жылы бес мың метрге жүгіруден әлемдік рекорд орнатқан конькиші Виктор Шашерин (Қазақ ССР) спорттық карьерасын Алматыдағы әйгілі мұз айдынынан бастаған. Мұнда конькишілер ғана емес, қазақстандық хоккей командасы да бүкіл одақты дүркіретіп, топ жарды. Әлемдегі 150-ден аса үздік спорттық рекордтар бұл мұз айдынына туғаны баршаға мәлім. Медеуде өткізілген ұлы чемпионаттарының соңғы — 1988 жылындағы Халықаралық Еркектер Конькимен Тез Жүгіру чемпионаты болған. «Медеу» биік таулы мұз айдынында 1990 жылы мұздағы мотоцикл жарысының командалық чемпионаты өтті.
«Медеу» – спорт үздіктерінің әлемдік рекордтары сияқты баршаға мәлім деректерден бастап, мұз айдынына шыққан әрбір жанның құпия сырын сақтаған алып кітап іспеттес әр келушісіне ұмытылмас оқиға сыйлайтын ғажайып мекен,
Мұндағы ауа райы керемет: жайлы атмосфералық қысым, самал жел, қалыпты деңгейдегі күн радиациясы (денсаулығы сыр беріп жүргендерге де еш зияны жоқ). Медеуге қанша рет келсеңіз, сонша рет қайта оралуға ниет танытасыз. Алғашында өзіне тәнті еткен Іле Алатауының сұлулығы мен «Медеу әлемі» ендігіде сізді алшаққа жібермесі анық. Белсенді және салауатты демалыс, сыпайы қызметкерлер, дәмді кофе, көркем көрініс, келушілердің жайдары да бақытты жүздері. Бір сөзбен: Медеудің мың бояулы келбетін сөзбен жеткізу мүмкін емес, сіз оны өз көзіңізбен көріп, сезінуіңіз керек.
Алматы қаласының атауы әлі Верный болып тұрған тұста, ХІХ ғасырдың соңында Медеу Пұсырманов деген қоғам қайраткері өмір сүрген. 1850 жылы дүниеге келіп, 1908 жылы небәрі 58 жасында дүниеден өткен. Медеудің әкесі Пұсырман батыр болыпты. Медеудің өзі де жастығында батырлығымен көзге түскен. Малдың бабын жақсы білетін Медеу жағдайын тез жасап алады. Қоғамда сөзі өтетін, беделді кісі болған. 1893 жылдары Верный қаласының кіші болысының бірінде старшын да болған екен. Ағаш егу, үй салу жұмыстарына араласады. Өзі басқарған аудан тез гүлденіп, сол кездердегі ірі құрылыстар бірінші сол ауданда пайда болған көрінеді. Көшпелі халықты отырықшылдыққа бейімдеу жұмыстарының басы қасында да болған. Әсіресе қазақ жастарына ерекше көңіл бөлген Медеу Пұсырманов қазақ балаларына арнап арнайы пансионат та ашқан екен. Өзінің де балалары көп болған. 12 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Қажылыққа да барып қайтқан. Оның атағы, қайырымдылығы, байлығы, қарапайымдығы жайында атақты Жамбыл Жабаев та өз айтыстарында талай мәрте айтқан деседі. 1949 жылы Медеу мұзайдынының құрылысы басталғанда, спорт кешеніне Медеу Пұсырмановтың есімін беру туралы шешім бірауыздан қабылданған екен.

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ