Сәулет өнері қандай дәрежеде?

Сәулет өнері – елдің экономикасының қаншалықты биік деңгейде екенін көруге болатын таптырмас айғақ. Біздің еліміздің құрылыс сәулеті өз алдына бір бөлек. Әсем табиғатымен үйлескен биік ғимараттар көздің жауын алады.
Ал, ендеше, осы ауыз толтырып мақтайтын еліміздің сәулет өнері қандай дәрежеде екенін бағамдап, ойланып көрсек қайтеді?! Қазіргі заман талабына сай ма? Ұлттық ерекешеліктерімізге үйлесе ме? Туристер алыстан келіп көрген соң, таң қалып, тамсанып кететіндей не бар? ”Қазақстанның мынадай деген жерінде болдым”, — деп, мақтап айтып кете ме? Әлде көңілі тоймай, тосырқап қайта ма? Мойындау керек… Біздің әсем табиғатымызға тіл тигізу дұрыс болмас-ты. Кең даламыз қашанда өз сұлулығымен құшақ жайып қарсы алады. Алайда, қалаларымыздың жағдайы мәз емес. Кеңестер одағы кезінен қалған көшірмелер қала сайын қайталанады. Ендігі отыз жылдың тарихына қарасақ та, Тек орталығын келуші қонақтарға көрсетіп, оның арғы жағындағы қирап жатқан үйлерді жасыру нағыз екіжүзділік болар еді. Сонда біздің екібеткей болғанымыз ба? Қаланың шетіне демалуға шыға қалсаң, тастап кеткен бос үйлерді, құлап жатқан тамдарды көресің. Оған мән беріп жатқан жұрт қайда? Жауырды жаба тоқыған жағдай екі аттасаң алдыңнан шығады.
Мұнымен біздің Республикамыздың сәулет өнері дамымаған, артта қалған деп көпке топырақ шашып, асырып айтқым келмейді. Әрине, өзгеріс бар, жаңалық еніп келеді… Ханшатыр, Бәйтерек, EXPO-2017 сияқты әдемі жерлеріміз біршама бар. Жыл сайын оларды көруге Қазақстанның өзге аймақтарынан да, шет елдерден де ағылып адамдар еліп жатыр.Тек бір ашынатыным бәрінің көретіні бір жер. Аясы тар, айтарымыз аз. Астананың биік-биік ғимараттары мен Алматының таза көшелері, Ақтаудың толқыған Каспийы дегендей. Астанадан айналшықтап шыға алмай жатырмыз. Өзге облыс, басқа қалаларға да қарауға тиіспіз!… Мен білетін Қызылорданың құмды боранынан қирап жатқан үйлер, Жамбылдың дауылынан далбақтап ұшып жататын шатырлар мен тастанды үйлер, жоспарсыз бейберекет көшелер, тазалығы қаралмайтын қалтарыстар жүздеп, мыңдап саналады. Былайғы жұрт жайрап жатқанын қайдан білсін?!
Осы жағдайларды ескере отырып, біз Республикамыздың барлық қаласын қамтығанымыз дұрыс деп санаймын. Ал сіздің тұрып жатқан жеріңізге көңіліңіз тола ма? Толмаса, тек өзіміздің ішіп-жегекнімізді ойламай, құрылыс сапасына, сәулет өнеріне де бір сәт көңіл бөлгеніміз дұрыс болар. Сондықтан да баршаңызды еліміздің сәулет өнеріне көңіл бөлуге, тазалыққа мән беруге шақырамын.

Камал Сезімай, «Мөлдір бұлақтың» жас тілшісі,
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, №4 мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ