Салқам Жәңгір

Орбұлақ шайқасы өткен жер

1628 жылы Есім хан дүние салған соң тарих сахнасына оның ұлы Жәңгір сұлтан шықты. Хүкімі зор, әмірі қатты Жәңгір сұлтан іргеден қабындап келе жатқан қара дауыл қаупін айқын сезінеді. Барлық қуатын, ақылы мен саясатын бір-ақ мақсатқа — туған жұртының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне жұмсағанын көреміз.

Ойрат ұлысының жаңа бірлігі — Жоңғар хандығы ту көтерген 1635 жылы Жәңгір сұлтан Қазақ Ордасына жартылай тәуелді дүрбіт Далай тайшымен тізе қоса отырып, торғауыттың Хо-Өрлік тайшысына қарсы үлкен жорық ұйымдастырады. Бұл соғысқа Құнделен тайшы бастаған хошауыттардың бір бөлігі де қатысса керек. Қазақ-дүрбіт-хошауыт қосындары осының алдында ғана ноғайларды талқандаған, башқұрттарды шапқан, нәтижесінде Жем мен Жайық бойын еркін иеленген торғауыт жұртын ауыр шығынға ұшыратып, батысқа қарай ықтырады. Бұл — жаз айларында болған оқиға.
Арада жарым жыл өтпей Қазақ Ордасының өзі тұтқиыл шабуылға ұшырайды. Қоңтажы Ердене-Батұр бастап ұйымдастырған бұл қысқы жорықта қазаққа қарсы бір мезгілде екі тараптан әскер шыққаны көрінеді. Батұр қоңтажының өзі шығыс жақтан келіп тисе, терістік-батыстан ант бұзған дүрбіт Далай мен Түрген және шорас Күйші тайшылар шабады.
«Қара қалмақтар түп көтеріліп, Қазақ Ордасына аттанды, қазақ Ордасының кісілері қарсы шығып, соғысты, қатты қырғын болды. Ақыры қара қалмақтар жеңіп, Есімнің ұлы Жәңгір ханзаданы тұтқындап әкетті», — деп көрсетеді сол замандағы орыс құжаттары.
Жәңгір сұлтан қалмақ тұтқынында қанша уақыт болды, одан қашан және қалай құтылды — бұл жағы бізге белгісіз. Нақты сақталған дерек — әлі де сұлтан дәрежесіндегі Жәңгір 1640 жылы күзде Батұр қоңтажыға арнайы елші жібереді. Алайда, бұдан соңғы оқиғаларға қарағанда, ортақ тіл табылмағаны, қазақ пен қалмақ екі жақты бірдей қанағаттандыратын қандай да бір келісімге тоқтамағаны көрінеді.

 

***
Орыс деректерінің айтуынша, Батұр қоңтажы Алатаудағы қырғызға басып кіреді, жұртын ойрандап, жерін алып, Тоқмаққа дейін жетеді. Бұл заманда қырғыз халқы Қазақ Ордасының бір ұлысы болатын. Ел шетіне жау тигенін естіген Жәңгір сұлтан қарсы аттанады. Кейінірек, соғыстың соңғы кезеңінде жиырма мың шерікпен Бұқар хандығынан Самарқан әміршісі Жалаңтөс аталық жетеді. Яғни, ойрат-қазақ соғысы екі хандық шеңберінен шығып, моңғол-түрік соғысына айналады.
Қазақ Ордасын қолында ұстап отырған Жәңгір сұлтан қанша әскер жасақтады — бұл туралы нақты дерек жоқ. Ұлы майданға бүкіл алаш жұрты түп көтеріле аттанғаны анық. Мүмкін елу мың, мүмкін жетпіс-сексен, жүз-жүз елу мың. Қайткенде де, сан жағынан ойрат-моңғол шерігінен кем емес. Оның үстіне бұл кезде сайыпқыран қолбасы, көреген саясатшы Жәңгір сұлтан Еуропа жұртының от қаруын игере бастаған еді. Салқам Жәңгір жасағында мылтықпен қаруланған алты жүз атарман болған екен.
Одақтастық шартын берік сақтаған, қанына тартқан, Бұқар әскерін бастап қарындас қауымға көмекке ұмтылған алшын Жалаңтөс бидің еңбегі зор; Тиес би бастаған, майданның алғашқы күннен-ақ ауыр жағдайға түскен қырғыз жұртының ерлігіне де шек жоқ; бірақ 1643-1644 жылдарғы ойрат-халха басқыншылығына қарсы соғыстың бар ауыртпалығын үш алаштың баласы — соңғы он, жиырма, отыз жыл бойы тынымсыз ұрыстарда әбден шыныққан қазақ аламандары көтерді, ал даңқты жеңіске ұйытқы болған — арғы тарихымызда Тәуекел-бахадұр-ханмен, Еңсегей бойлы Ер Есім ханмен, бергі тарихымызда Абылай ханмен ғана теңдесер сайыпқыран қолбасы Салқам Жәңгір.
1643-1644 жылдары ұлы майданда жау табанында қалған Қырғыз ұлысы Тиес бидің басшылығымен қайтпай күресті; жеті-сегіз айға созылған тынымсыз сүргін қанды ұрыстарға ұласып, жеңіс самалы Қазақ Ордасы жаққа ауған шақта, арттан Жалаңтөс би бастаған өзбек-бұқар әскері келіп жетті, сөйтіп, ойрат-халха басқыншылығына қарсы күресте қазақ-қырғыз-өзбек одағы үстем шықты. Бұл оқиға түрік бірлігінің күш-қуатын, өміршең болашағын әйгіледі.
Іргедегі жаудың бетін қайырған Салқам Жәңгір сол 1644 жылдың күзінде Бұқар хандығы мен Ұлы Моғол империясының арасындағы жойқын соғысқа белсене кіріседі.
Бұл — бүкіл Үндістан түбегін біріктіріп отырған Шах-Жахан падишахтың тұсы, Ұлы моғол империясының ең күшейген дәуірі болатын. Салқам Жәңгір Бұқардың Нәдір-Мұхамед ханына жүз мың әскер береді.
1644 жылдың жазындағы қазақ соққысынан, келер қыстағы ауыр жұттан, одан соңғы ішкі соғыстан оңалған, қайтадан күш жинаған Батұр қоңтажы 1652 жылы Қазақ Ордасына қарсы жаңа жорыққа шығады.

***
Бұл жолғы майдан барысы, оның нәтижелері туралы нақты мағлұмат сақталмаған. Орыс деректері үнсіз, қалмақ деректерінде соғыстың болғандығы туралы ғана хабарланады.
Қыдыр қонған сайыпқыран Салқам Жәңгір халқының болашағы жолында ғана қару ұстады. Ақыры, қым-қиғаш ұрыс үстінде, жаппай жағалас кезінде қаза тапты. Сауытты садақ бұзған шығар, көбені найза тескен шығар, дулығаны қылыш шапқан шығар… Бірнеше найза, бірнеше қылыш қатарынан тиюі де мүмкін. Қиян-кескі ұрыс кезінде пәленді пәлен өлтірді деп айтуң қиын. Батыр жаудан өледі деген қазақ. Жаудан өлу — ер мұраты. Жәңгір жаудан өлді. Қалмақтан өлді деп нақтылап айтады халық аңыздары. Бұл сөзде мақтан мен құрмет қана бар.
Салқам Жәңгір қаза болған 1652 жылғы зор майдан оның халқы үшін абыроймен аяқталған. Қаһарман ханның сүйегі жау қолына түспейді. Қазақ Ордасының астанасы Түркістанға әкелініп, арулап, әспеттеп, Әзірет Сұлтанның саясына қойылады. Басына тұрғызылған күмбез уақыт оза келе жермен жексен болыпты. Бар ғұмырын туған ұлтының мерейін көтеруге арнаған, сол жолда жан қиған сайыпқыран Салқам Жәңгірдің асыл сүйегі нақты қай шаршыда жатқанын қазір ешкім де білмейді.
Қазақ Ордасының тарихында Салқам Жәңгірден бұрын он үш хан өтіпті. Соның алтауы ат үстінде, жорық жолында қаза тауыпты. Салқам Жәңгір он төртінші хан екен. Жетінші шәйіт екен. Ұлыстың мерейі үшін, ұлтының болашағы жолында жан қиған ерде арман жоқ. Бірақ сайыпқыран Салқам Жәңгір ханның қазасы — төрт жүз жылдық Қазақ Ордасының тарихындағы ең ауыр қаза.
Салқам Жәңгірдің қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгілген күннен бастап алаш ұлының бағы қайтты. Қазақ Ордасы тайғақ тарихтың бетбұрыс кезеңінде көреген көсемнен, ұлы қолбасыдан айырылды. Жер ортасына да жетпеген Салқам Жәңгір енді бір он жыл жасаса, Қазақ Ордасының әскери құрылымы уашылық, экономикалық тыныс-тіршілігі де басқа бір арнаға түсетін еді. Туған әкесі Есім ханның жолын берік ұстаған, әкесінің ағасы Тәуекел ханның мұрат-мақсатын кәміл ұққан, сол замандағы орыс деректерінде айтылғандай, қазақ әскерін «вогненный бой» — от қарумен жарақтай бастаған Салқам Жәңгір жасы озық бастасы, Иранның арыстаны Аббас шах сияқты, өз жұртының қауіпсіздігін ғана емес, жағырапиялық ортасына сай болмыс-бітімін де айқындап кететін еді.

Үзінді Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабынан алынды.

ПІКІР ЖАЗУ