Роза ӘЛҚОЖА, әнші-сазгер: «Ұлтымды ойлап мұңаямын»

«Мен сыйға тартқан орамал» атты тамаша әнімен тыңдарманның ықыласын бірден өзіне баурап алған әнші бүгін үлкеннің де, кішінің де сүйікті әншісіне айналды.

— Роза ханым, «ұлымды емес, ұлтымды ойлап мұңаямын» дейсіз.
— Елдің алдына шығу – әркімге бұйырмайтын бақ. Сол бақ бұйырған адам халықтың мұңын айтуы керек. Жөнді сөзің болмаса, атағың мен көркіңнің құны қанша?! Ұлымды емес, ұлтымды ойлап мұңаямын, ұлым соның бір бөлшегі шығар деп ұрпақ өсіріп отырған соң, болашақ алаңдатады ғой….
— Елге танылған әнші-сазгерсіз. Өнердің қиын соқпағында жүріп, қазақтың саны көбейсін деген ниеттегі анасыз. Бала тәрбиесі жайлы айтып берсеңіз?
– Анам мені ұзатарда: «Қызым, Алладан он бала сұра! Қайсысы саналы, қайсысы санасыз болады, қайсысы ғұмырлы болады, Алла біледі!» – деді. Әрі баланың анасы-әкесі, ағасы-інісі болуы қажет деген ойда болдым. Ішкі ойым Құдайдың бергеніне қарсы шықпауды құптады. Ал осы балапандардың мені күллі алашқа сүйкімді ана ететінін ол кезде ойламаппын да!.. Сапарларға байланысты дер кезінде қасынан табыла алмай қынжылатын сәттерім көп. Өйткені, балалар әлі кішкентай. Мейірім мен ата-ана назарына мұқтаж. Әкесі жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтады. Қатты танылмай тұрғанда мұндай сапарлар аз еді. Қазір де ұшақпен тез арада барып-қайтуға тырысамын. Дегенмен оңай емес. Бірақ балалар ата-анасымен мақтана да біледі екен. Тұңғышымыз мектепке барғанда «Анашым, сен барлық жағынан ең керемет ана болшы»- деді. Осы сөз қатты әсер етті. Бір қиыны, ел бізді керемет байқуатты деп ойлайды. Ал біз «не берсе де Алла берекесімен берсін» деген қазақпыз. Бала емес пе, пендешілікке бой алдыру мүмкін. Ондайда шариғат амалдарын айтып, желігін басып қоямыз. Балаларды барынша қарапайым етіп тәрбиелеп жатырмыз. Өйткені, көпшілік арасында өзімшіл болуға болмайды. Не жесе де бөліп жеуге, барға қанағат етуге үйретеміз.
— Сәбимен үйде отырып, өнеріңізді қалай ұштадыңыз? Қиыншылықтар туындаған болар?
— Алғаш перзентті болғанда мен студент едім. Он екі күндік баламды тастап сабаққа кеттім. Енем «алаңдамай бара бер» деді. Екінші балада жағдайды жолдасыммен бірге жақсарту үшін жұмысқа шықтым. «Екі жақтап табыс тауып, жер аламыз, үй саламыз» дедік. Сосын маған баламен үйде отырмай-ақ шығармашылықты қатар алып жүру қиын емес сияқты болып кетті.
— Журналистика сіздің жүрек қалаған мамандығыңыз ба?
— Он алты жасымда ҚазҰУ-ға түстім.
Содан да мен анам қалаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға келіскенмін. Алайда келген соң, нағашым «Ең құрыса, өнер адамдарының қасында жүретін журналист болайын» деген арманыма құлақ асты. Ән салып жүріп ұстаздарымның сүйіспеншілігіне бөлендім.
— Журналисттік қызметте жүріп, біржолата өнерге кеттіңіз…
— Газетте жүргенімде айлығымды жинап, әннің оранжировкасына төлейтін едім. Ол кезде әнді өңдеу құны 500 АҚШ доллары болатын. Содан Нұртөре Жүсіп: «Шын тұлпар бәйгеге түседі. Қойшы бір қойдың соңында жүреді. Әлің келгенше шап!» — деп кеңес берді. Осы ойымды Алтынбек Сәрсенбаев (марқұм) аға да құптап: «Сенде өнер адамына қажет қасиет бар екен», — деген болатын.
Есіл-дерті ән болған адамға газеттің жұмыстары оңайға соқпады. Қанша өнердің ортасында жүрмін дегенмен, кейде экономикалық, саяси тақырыптағы баспасөз конференцияларына барғанда қиналатынмын. Содан бір күні Ақбота Керімбекованы іздеп бардым. Отбасылы әйел өнерде жүре алатынын айтып, қорықпауым керегін ұқтырды. Бірақ «екі кеменің басын ұстама» деді. Кейіннен «Қазақ радиосында» еңбек еттім. Соңында әнді таңдадым.
— Өзіңіз де ерке өскен қыздардың бірісіз ғой. Ал енді қазір балаларыңыз сізге еркелеп жүрген болар.
— Атам марқұм 8 айлығымда бағып алды. Ата мен әженің балалары жалғыздықты ерте сезінеді. Әке-шешем бар бола тұра, атам қайтқан соң жетімнің күйін кештім. Ол кісінің маған деген қамқорлығы шексіз-тін. Тәрбиесі әлі күнге жаныма азық. Қазір маған сондай аталар аз сияқты көрінеді. Атаның баласы болу — баланы кішкентайынан елдің баласы болуға тәрбиелеу деп түсінемін. Сол себепті де мен атамнан алған тәрбиемді, қазір балаларыма үлгі насихат етуден жалықпаймын.
— Роза ханым, отбасыңызға оқырмандар атынан бақыт пен береке тілейміз!
Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен:
Адина ЕРКАРАЕВА

ПІКІР ЖАЗУ