Республика күні – Ұлттық мереке

25 қазан – Республика күні. Араға 13 жыл салып, қайта оралған мереке биыл елімізде екінші жыл тойланды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомиарт Тоқаев Республика күнін қайтару туралы Заңға қол қойды.

 

Тәуелсіздік тарихына сәл шегініс жасайтын болсақ, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-нің мемлекеттік Егемендігі» туралы Декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат еді. Декларация пәрменімен еліміздің іргетасы қаланды, шекара шегенделіп, ішкі-сыртқы саясат бағамдалды. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және жерімізді мекен ететін басқа да этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін қайта түлету, ұлттық болмысты нығайту сияқты мемлекеттік қағидалар бекітілді. Декларацияның арқасында өз әскерімізді, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына қол жеткіздік.
1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда тұрақты түрде мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет Ұлттық мереке болып жарияланды. Халқымыз бұл айтулы мерекені 17 жыл бойы үздіксіз тойлап келген еді. Бірақ… Соңғы 13 жыл бойы тойланбады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267-ІІ Заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Республика күні мәртебесінен айырылды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан түрлі себептермен мүлде алынып тасталды.
Былтыр Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында «Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», деді.

Биыл Астанада мереке күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Кеше «Достық үйінде» «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына ҚР Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Гаипов, тарих ғылымдарының докторы Алима Ауанасова, Астана қаласы Ішкі саясат Басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов және басқа да мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Конференцияның мақсаты – Республика күні мерекесінің негізі – 1990 жылы қазан айының 25-і күні қабылданған «ҚазКСР-нің мемлекеттік Егемендігі» туралы Декларацияның мәні мен мазмұнын, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы орны мен ерекшеліктерін ғылыми негізде нақтылап, өскелең ұрпаққа насихаттау, жеткізу. Мерекені тек қана концерттік науқан ретінде емес, бұл Ұлттық мерекенің символикалық тұрғыда еліміздегі әрбір отбасының сезінуіне, әрбіріміздің жүрегімізге жетуіне ықпал ету, атап өтудің бір формаларын айқындау бойынша осындай алаң құрылып отыр. Тәуелсіздік құрдастары қазір қоғамымыздың алдыңғы қатарына шығып, елге қызмет ете бастады. Ертең елдіктің мемлекеттік позициясымен шығатын үрпақ – ол бүгінгі жастар. Сондықтан оларды қазірден бастап тәрбиелеуіміз керек,- деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев.
Конференция барысында 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тәуелсіздік пен мемлекеттің Егемендігі туралы» Заң мен 1990 жылы 25-қазанда қабылданған «ҚазКСР-нің мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация екеуінің бірін бірі толықтырып, заңды, қуатты құжат ретінде Қазақ елінің елдігін нығайта түскендігі туралы айтылды. Сонымен қатар Ата Заңымыз – ҚР Конституциясы негізінде демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуының тарихи белестері мен саяси-экономикалық, ұлттық бірегейлік пен этносаралық мәдениет және ырыс-ынтымақ, толеранттылық, бейбітшілік ұстанымдары талқылау тақырыбына айналды. Сондай-ақ 1990 жылы КСРО-ның аумағында түрлі саяси толқулар, кеңес одағының саясатына қарсы дүмпулер жиілеп тұрған уақыт. Сол кезде академик Салық Зимановтың басшылығымен дайындалған Қазақстанның мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы саяси тарихи шешім болғаны туралы пікірлер айтылды. Ғылыми конференцияға қатысушылар ел тәуелсіздігін жариялау үшін мемлекеттік егемендіктің негізін құжат түрінде рәсімдеу қажеттігі туындайтыны туралы айта келіп, мұндай құжат – мемлекеттік егемендік туралы декларация болғаны туралы айтылған пірірлерді бірауыздан қолдады. Сонымен қатар Егемендік туралы Декларация негізінен алғанда бірінші конституциялық акт болып табылатындығы туралы да тың ойлар талқыға салынды. Ал Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Гаипов:
– Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен үлкен дөңгелек үстел өтіп жатыр. Шынында да ойлап қарасақ, Декларация егемендігіміздің жаршысы және бастауы болды. Ол тек 17 бөлімнен тұрды. Соған қарамастан егемендігіміздің негізін қалап берді. Себебі Декларация Қазақстанның рәміздері туралы, оның территориялық біртұтастығы және билік институттары туралы нақты шешімдер қабылданған болатын. Сондықтан келешек ұрпаққа Ұлттық мереке – Республика мерекесінің тарихи маңызын түсіндіру, жастарға ой салу керек, — деді.
Сонымен қатар Ішкі саясат Басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов көпэтносты елімізді мекен ететін этномәдени бірлестіктердің ынтымағының, береке-бірлігінің маңыздылығына тоқтала келіп, – Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Халықтар арасындағы бейбітшілік өте маңызды екені белгілі.
Осымен екінші жыл жаңа мазмұнда тойланған Республика күнінде халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім одан сайын арта түседі. Қайта жаңғырған ұлттық мереке халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Ұлттық құндылығымыз, тіліміз, дініміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәрі берекелі бірлік пен еңселі еңбектің арқасында десек артық айтқанымыз емес. Еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болсын! — деді.

Ата Заңымыз – ҚР Конституциясында «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, – деп жазылғанындай, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, зайырлы орта құру мақсатына жұдырықтай жұмылуды көздейміз.

«Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді халық даналығы. Татулық пен бірлік бар жерде қоғам өркендейді, әл-ауқаты артады. Мейірім мен қайырым, достық, ынтымақтастық ел іргесінің бүтіндігінің кепілі. Мемлекет басшысының «Көп мәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді» деген сөзі де бар. Сондықтан қасиетті қазақ даласында, қазақтың туған топырағында тағдыр тоғыстырған барша халықтың еркіндігі, тең құқылылығы бәрінен қымбат. Біздің мемлекетіміз – ортақ идеалар мен құндылықтар біріктірген адал ниетті, ақ тілекті, абзал жүректі адамдардың мекені.
Адам баласын бөле-жармай туғанындай бауырына басқан қазақ халқының бауырмалдығы, мейірімі елімізде ұлттар бірлігінің орнығуына себеп болды. Ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегіне айналды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге бастайтын да халықтың ауызбіршілігі мен татулығы. «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» дегендей, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі артпақ. Иә, ұшқан құстың қанаты талатын, шетсіз-шексіз дархан даласындай кең, құзар шыңдарындай асқақ, өзен-көлдеріндей тұңғиық, көгілдір аспанындай мөп-мөлдір қазақ халқының ақ пейілі, жылы құшағы қазақ топырағын басқан әрбір адамға, әрбір ұлтқа әрқашан ашық.
Сондықтан «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» атты ғылыми-практикалық конференцияның негізгі мазмұны мен мәні халқымыздың бірлігі мен еліміздің тыныштығы турасында өрбуі заңды. Соған сәйкес дөңгелек үстел күн тәртібі қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін талқылау бойынша Қарар қабылдаумен аяқталды.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ