Рәміздерім – мақтанышым

 

4 маусым бірнеше жыл қатарынан мемлетіміздің Рәміздер күні ретінде ел көлемінде тойланып жатыр. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Рәміздер күнін арнайы ресми шарамен бастап берді. Астанада 500-дей ірілі-ұсақты іс-шаралар өтті. Астананың символы – «Бәйтерек» монументінің қасында «Менің рәміздерім» атты көлемді мерекелік акция өтті. Аталған акцияны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ұлттық ұлан бірлесе ұйымдастырды. Мақсаты- еліміздің құнды нышандарын дәріптеу арқылы жастардың отансүйгіштік рухын көтеру болды. Акцияда танымал әншілер ән шырқап, тұрғындар викториналық сауалдарға жауап берді. Ал Ұлттық ұланның көрсетілімдері көптің көңіл төрінен орын алды.

Бәйтерек» қалалық өнер жұлдыздары патриоттық әндерді шырқап, тұрғындар рәміздер туралы викториналық ойындарға қатысты. Еліміздің нышандары туралы жақсы ақпарат білетін адамдарға сыйлықтар таратылды. Іс-шараның көркі – Ұлттық ұлан оркестрі. Ұлттық ұланның «Үлгілі көрсетілім оркестрі» және «Құрмет қарауылы» арнайы өнер көрсетті.  Бұл іс-шара қала тұрғындарының, жастардың патриоттық рухын нығайта түсті.  Сондай-ақ  жалаушалар таратылды. Бұл әр қазақтың төрінде көк туымыз желбіреп тұрса деген ниеттен туындағанын концерт ұйымдастырушылары мақтанышпен жеткізді.

Бұл күн еліміздің тәуелсіздігі, бірлігі мен егемендігінің нышаны ретінде әрбір азаматтың жүрегінде орын алады. Біздің рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұран – ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сенімділіктің көрінісі.  Рәміздер күніне арналған іс-шарада Ұлттық ұландықтар Туымызды көкке желбіретті.

Астанада ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған бұқаралық велошеру өтті. Велосипедшілер Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан 25 шақырым қашықтықты Үркер тұрғын алабының «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті. Іс-шара аяқталғаннан кейін мәреде тіркелген велосипедшілер арасында лотерея және бағалы сыйлықтар ойнатылды. Әрбір қатысушы өз велосипедімен веложарысқа жіберілді. Мерекелік велошеруге елорданың кез келген тұрғыны мен қонақтары қатыса алды.

Мемлекеттік рәміздер туралы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Мемлекеттік рәміздер-бұл кез-келген мемлекеттің өзіндік ерекшелігі мен егемендігін білдіретін ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран Мемлекеттік рәміздер болып табылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында күн сәулесі бар, астында қалықтаған бүркіт бейнеленген көк түсті тіктөртбұрышты мата. Біліктің жанында ұлттық ою-өрнегі бар тік жолақ бар. Күннің, оның сәулелерінің, бүркіттің және ұлттық ою-өрнектің бейнесі-алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы шеңбер пішініне ие және көгілдір фонда шаңырақтың бейнесі болып табылады, одан уықтар күн сәулесі түрінде барлық жаққа тарайды. Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты жылқылардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан»деген жазу орналасқан. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, мифтік жылқылардың бейнесі, сондай – ақ «Қазақстан» деген жазу алтын түстес. Белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары болып табылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде белгілі болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылғы 6 қаңтарда ел Парламентімен бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты инаугурациясы кезінде шырқалды. Музыкасы — композитор Шәмші Қалдаяқов, сөздері – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.

Елордалық мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған «Рәміздерім-мақтанышым!» флешмобына қатысты.
Ұстаздар аллеясында өткен шарада “Мемлекеттік рәміздер-бүлдіршін көзімен” тақырыбында сурет галереясы ұйымдастырылып, ән шырқалып, өлең айтылды. Іс-шараның мақсаты болашақ ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырып, Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Тәуелсіздігіміздің символы – мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеу бәріміздің міндетті парызымыз. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналары хақ.

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ