Патриотизмнің іргетасы тіл арқылы қалыптасады
Астанада 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күніне орай көптеген іс-шаралар өтті. Бұл күн Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп, қазақ тілінің дамуы мен оның мәртебесін көтеруге арналған маңызды мереке ретінде аталып өтеді. Алаш руханиятының темірқазығы, қоғам қайраткері, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйек. Қазақстан халқы тілдерінің мерекесін дәл осы айтулы күнде тойлаудың астарында тау тұлғаға деген үлкен құрмет жатыр.
Жалпыға ортақ мереке аясында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ел ордасында «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Шара Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және елорда тұрғындары қатысып, тағзым етті.
Ал шараның негізгі бөлімі елордадағы «Жастар» театрында өтті. Танымдық кеште Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали мен Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір бойды шымырлатар рухты әндер шырқаса, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан ұлт ұстазына арнауын жырлап, «Алтын домбыра» тобы мен «Серпер» ансамблі қазақтың күйлерін күмбірлетті. Өз кезегінде жас буын Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқып, қаламгерді көпшілікке өзге қырынан таныстыруға талпынды. Жиналған қауым назарына ұсынылған «Жастар театрының» орындауындағы театрландырылған қойылымнан үзінді де көптің көзайымына айналды. Қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен ұлы тұлғаны ұлықтауға келген тұрғындарға Қазақстан халқы тілдері күніне орай мемлекеттік ту таратылды. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизмге негізделген кештің басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын насихаттау, қазақ тілінің мәртебесін арттыру және басқа ұлттар арасында мемлекеттік тілді насихаттау.
1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бастап тойланады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен 2018 жылдан бастап атаулы датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте мерекелене бастады.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату өмір сүріп жатыр. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Қазақстанда 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында «В королевстве языков» атты сабақтан тыс іс-шарада Астана қаласы әкімдігінің № 18 орта мектебінің 9 сынып оқушылары қатысты. Аталған іс-шараның мақсаты — оқушылардың колледж мамандықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыру, саналы кәсіби өзін-өзі анықтау және жеке тұлғаның қабілеттерін ашу үшін жағдай жасау. 9 сынып оқушыларына колледж ғимаратында экскурсия жүргізіліп, көптеген қызықтырған сұрақтарына жауап алынды.
Қазақстан халқы тілдері күніне орай Астанада түрлі мәдени және білім беру шаралары ұйымдастырылды, олардың арасында ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, поэзия кештері, және тілдік конкурстар бар.
85Мектептерде және балабақшаларда да мерекелік іс-шаралар, конкурстар мен шығармашылық жобалар өтті, олардың мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оны насихаттау болды. Мектептер мен оқу орындарында тілге байланысты ашық сабақтар, конкурстар. Мемлекеттік және ана тілін насихаттайтын мәдени және тәрбиелік іс-шаралар. Дөңгелек үстелдер мен конференциялар, тіл мамандарының қатысуымен өтетін талқылаулар. Бұл шаралар Қазақстандағы мемлекеттік және басқа да этностардың тілдерін дәріптеу және олардың сақталуын қолдауға бағытталған. Мектептерде, балабақшаларда және басқа да білім беру мекемелерінде елдің тәуелсіздігін, тіл мен мәдениет құндылықтарын насихаттайтын іс-шаралар өткізілді. Қыркүйекте атап өтілетін маңызды күндердің бірі – Қазақстан халқы тілдері күні мектептер мен балабақшаларда тілдің маңызы мен мемлекеттегі көптілділікке арналған тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Г.Тұрсынқожа